АЛМАТЫ МУЗЕЙЛЕРІ карантин кезінде де өз аудиториясынан қол үзген жоқ

 

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Өкінішке орай, бүгінде ең бірінші ауызға алатын тақырыбымыз пандемия, коронавирус болып тұр. Бұл індеттің сызат түсірмеген саласы жоқ деуге де болады. Сонау ерте көктемде осы бір кесел бас көтергендеелімізде төтенше жағдай жарияланып, қатаң карантин шектеулері бекітіліп, халықтыңеріксіз үйлеріне қамалып қалғаны да жасырын емес.

Бірақ тіршілік те, мәдени-рухани өміріміз де тоқтаған жоқ. Осынау сын шақта Алматы музейлері де өз аудиториясынан қол үзбеді. Жұмыстарын онлайн режимде жалғастыра білді. Біз бұл жөнінде толығырақ білу үшін «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК директоры Ануар Үмбетәлиевпен тілдескен болатынбыз.

 

– Ануар Мұхтарханұлы, не дегенмен музейлерге өз аяғымызбен барып, ондағы баға жетпес жәдігерлерді өз көзімізбен көріп, сезініп, рухани қуат алудың өзі бөлекше дүние ғой. Көп адам жиналатын әдеттегі көрмелеріңізді, экскурсияларыңызды онлайн режимде қалай ұйымдастырдыңыздар? Музейге қызығатын көрермендер қатары азайып қалған жоқ па?

– «Алматы қаласы музейлер бірлестігіне» қарасты жеті музейіміз уақыт талабына сай бейімделіп, өз жұмыстарын жаңа форматқа ауыстырып, қызметкерлеріміз онлайн-экскурсия, онлайн-көрмелер, лекциялар мен шеберлік сағаттарын өз көрермендеріне жеткізу үшін YouTube, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерін кеңінен пайдаланды.

Елімізде төтенше жағдай жарияланған наурыз айынан  бастап күні бүгінге дейін бірлестікке қарасты музейлерде 195 онлайн іс-шара және 20 онлайн-көрме ұйымдастырылды. Оның ішінде жыл сайынғы дәстүрлі түрде өткізілетін іс-шаралар, «Музей түні» акциясы, жаңа форматтағы суретшілер көрмелері, хакім Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралар, әртүрлі челлендждер көрермендердің зор ықыласына ие болып, көп қаралым жинады. Алматы музейінің парақшаларында (Instagram, facebook) қазақстандық жеті суретшінің «Шығармашылыққа кедергі жоқ» атты жеке онлайн-көрмелер циклы ұйымдастырылды. Жыл сайын өтетін«Музей түні» акциясының биыл онлайн түрде көрініс тапқаны өзінше бір қызық, әрі әсерлі болды. Бұл акцияның мақсаты– қоғамның назарын музейлердің маңызы мен рөліне аудару. Кеш аясында әр музей көрмелер, шеберлік сағаттарын, квесттер, байқаулар, концерттік, театр және би, фильмдер көрсетілімі сынды мәдени-білім беру, ойын-сауық бағдарламаларын дайындады.Оларға мыңдаған көрермен қатысып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттарға ие болды.

Осы жылғы онлайн-шаралардың негізгілерінің бірі ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналды. Мысалы, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі ұйымдастырған «Ұлы даланың ұлы ақыны – Абай» тақырыптық онлайн-экскурсиясы, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы бастамасымен өткен «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты онлайн-концерт және Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Абай әндерінен челлендж, С.Мұқанов және Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми қызметкері Назым Әбдіқұлдың «Абай – С.Мұқанов зерттеулерінде» атты онлайн-лекциясы мыңдаған онлайн-аудиториямыздың зор ықыласына бөленді.

Ғалым Оспановтың «Тірлік тынысы», Анар Әбжанованың «Сиқырлы сакура сыры», Бердалы Оспанның «Өткенге сапар», Ольга Кадырованың «Кәусәр бұлақ. Жаңа өмір», Равиль Марекеевтің «Ақиқат астары», Зарина Тайсеңгірованың «Махаббат. Түпсіз тұңғиық», Альфия Тайсеңгірованың «Өмір- өлең мәңгілік» атты көрмелері өнерсүйер қауым арасында қолдау тауып, Алматының онлайн-мәдени алаңында айтарлықтай оқиға болды.

Жалпы, осындай ірілі-ұсақты іс-шаралар музейлердің әлеуметтік желілерінде үнемі жарияланып отырды. Тек бір ғана Instagram желісінде жарияланған іс-шараларды 122 730-ға жуық аккаунт қамтып,  бұл шаралар жарты миллионға жуық қаралым жинады.Бізге тіркелушілер саны 5620-ға дейінөсті.Парақшалар мен сайттарда музейлер туралы ақпараттар мен жаңалықтар үнемі жаңартылып тұрады. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде тіркелушілер саны бірлестік бойынша  –  Facebook-та 20 250-ге жуық, ал Instagram-да33 042 адам болды.

Демек, қазіргі тыныс-тіршілігімізге қарқынды түрде енген цифрлық заманауи технологияларды ұтымды пайдаланып жатыр екенсіздер ғой. Цифрлық жүйе сіздерге тағы қандай жаңалықтар әкелді? 

– Биылғы қыркүйек айында «Алматы қаласы музейлер бірлестігінде» жаңартылған веб-сайты іске қосылды. Бұған дейін бірлестік құрамына кіретін әр музейдің бөлек сайты болатын. Бұл ақпараттарды біріздендіруде, сайттарды жаңа контентпен толтырып, модерациялауда айтарлықтай қиындық туғызатын. Іске қосылған жаңа сайтта осы қиындықтар ескеріліп, концептуалды жаңа шешім – жалпы бірлестіктің ортақ сайты жасақталды. Бұл істе біз әлемдік тәжірибеге сүйендік. Осы ортақ платформаға әр музейдің сайты орналастырылып, бір ізге келтірілді. Нәтижесінде сайттың функционалдығы артып, ақпараттық тұрғыда қамтамасыз етілуі, кері байланыс сапасы жақсарды.

Сонымен бірге, сайттың мобильді нұсқасы да жасақталып, қолданушылардың бұл категориясы үшін де қолайлы жағдайлар жасалды. Жалпы, бұл жаңалықтардың барлығы да сайттың деңгейін көтеріп, нәтижесінде оны қолданушылар, музейлерге келушілер санын арттыруына септігін тигізетініне сенімдіміз.

Болашақта әлемдік музейлер тәжірибесіне сүйене отырып, виртуалды 3D-турлар ұйымдастырсақ дейміз. Қазіргі кезде бұл туралы тиісті келіссөздер жүргізіліп, жан-жақты жағдайлары қарастырылуда.

Сонымен бірге,  мобильді гаджеттердің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы бізді де жаңа мақсаттарға жетелейді. Алдағы уақытта музей жұмысына, тарихи, танымдық тақырыптардағы ойын-сауыққа негізделген Android және iOS платформаларындағы мобильді қосымшаларды жасақтап, кең қолданысқа енгізуді де көздеп отырмыз.

– Бәрекелді, сәттілік дейміз! Әлгінде «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» жеті музейдің басын біріктіреді дедіңіз, оқырмандарымыз үшін атын атап, түсін түстеп кетсеңіз. Әрқайсының өз бағыты бар шығар? Жәдігерлер қоры қанша?

– Музейлерді басқару жүйесін оңтайландыру және көрсетілетін әлеуметтік және мәдени қызметтің сапасын арттыру мақсатында Алматы қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 20 қазандағы №4/861 қаулысымен «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылған болатын. Бірлестік құрамына Алматы музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Д.А.Қонаев музейі, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені, Н.Тілендиевтің мемориалды музейі, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы және Райымбек батыр мемориалдық кешені кіреді.

Бүгінде осы музейлердің қорында 62 582 жәдігер бар. Теңдесі жоқ осынау тарихи жәдігерлер мен құжаттардың ашық дереккөздері арқылы ғылыми ортаға, жас зерттеушілер мен тарихқа қызығушылық танытатын барша азаматқа қолжетімді болуы мақсатында экспонаттарды цифрлау қарқынды жүргізіліп келеді.  2017 жылдан бастап  күні бүгінге дейін 43 738 музейлік жәдігерцифрландырылды. Бұл жалпы қордың 70%-ын құрайды. Осынау ауқымды жұмысқа, әрине, Алматы қаласы әкімдігінің жан-жақты қаржылай және әдістемелік қолдауы арқасында қол жеткіздік.

Сонымен бірге, тереңнен тамыр тартқан тарихымызды тануды келушілерге, әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге тартымдырақ, қызықты ету үшін, өткен дәуірлер мен болашақ арасындағы алтын көпір іспеттімузейлерді тек академиялық форматта ғана емес, жаңа заманға сай оқыту және ойын-сауық орталықтарына айналдыру – біздің бірлестік қызметінің негізгі бағыттарының бірі.

Біздің музейге келушілер экскурсовод қызметін де,қаласа әлемдік IZI-TRAVEL платформасы арқылы қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде аудиогид таңдай алады. Ол үшін бізде әр залда QR-кодтар мен визуалдық және мнемо-сілтемелер бар.

Алматы музейінің археология залында орналасқан проекциялық қондырғы арқылы келушілер сонау ерте темір дәуірінен бастап, орта ғасырларға тән өте құнды археологиялық жәдігерлер – бағалы металдардан жасалған бұйымдардың 3D-голограммалық  нұсқаларымен таныса алады.Сонымен бірге, Алматы музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы залдарында орналасқан ақпараттық мультимедиялық киосктер арқылы да музейлерге келушілер өздеріне қажетті ақпараттарды ала алады. Болашақта бұл киосктардың функционалдық қызметтерін кеңейтіп, оқушылар мен студенттер үшін ойын элементтері бар танымдық бағдарламалар орнату жоспарымызда бар. Бұл – қазіргі таңда әлемдік оқу бағдарламаларында кеңінен қолданылып келе жатқан «ойын арқылы ойлану, үйрену» принципінің Алматы қаласы музейлерінде көрініс табуы болар еді. Сонымен бірге, алдағы уақытта жаңа технологиялар мен инновацияларды «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» құрамына кіретін барлық музейде қолдану жоспарлануда.

Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейіде бәріңізді жаңартылған экспозициямен, заманауи технологияларға негізделген жаңалықтармен қарсы алатын болады. Бұл жұмыстар «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында атқарылды. Ұлы композитор шығармалары дыбысталып тұратын, ақпараттық киосктармен жабдықталған. Сондықтан келушілер көңілінен шығары сөзсіз.

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде тарихта «Алтын ғасыр» атанған ХІХ ғасырдың ірі тұлғалары – күй атасы Құрманғазыдан бастап, Махамбет, Есбай, Ақан сері, Жамбыл, Дина, Қазанғап сынды тағы да басқа күй тарландары мен күміс көмей әншілердің домбыралары сақтаулы тұр. Мұндай қасиетті, бірегей музейде қазақ өнерінің қалыптасуына зор үлес қосқан ірі тұлғалардың домбыраларының сақталып қалуы қазақ мәдениеті үшін үлкен жетістік. Бұл мемориалдық аспаптар тек сырт келбетін сақтап қана қоймай, әрқайсысы осы күнге дейін өз дыбысын, үнін жоғалтпаған. Осы аспаптардың дыбысын цифрлап, қайта жаңғырту мақсатында «Жәдігер» атты музыкалық антология жарыққа шығарылды. Антология аудио және бейне форматтарда басылып шығып, әйгілі өнерпаздардың өз аспаптарында орындалған шығармалары заманауи аудиторияға жақын әрі түсінікті етіп ұсынылды. Оны да келушілер әлі талай тыңдайды деп сенеміз.

Өз ісіне жауапкершілікпен, сүйіспеншілікпен қарайтын Алматы музейлерінің ұжымы өз көрерменімен әрдайым бірге болуға тырысады.

– Рахмет!

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *