Алматы музейі кино жұлдыздарын шақырды

Алматы музейі белгілі кино және театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, қазақтың «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешовамен және танымал актер, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының пиар-директоры Фархад Әбдірайымовпен кездесу өткізді.

Еске сала кетейік, Меруерт Өтекешова «Менің ағам», «Ұлдың оралуы», «Тентек балалар», «Аждаһа жылы», «Өтелмеген парыз», «Жауын», «Ақ бақсы» сынды бірқатар картинаға түскен. Оның «Қырғызфильм», «Мосфильм», «Өзбекфильм» туындыларында да айшықты қолтаңбасы бар.

Фархад Әбдірайымов кино саласында 1994 жылдан бері келе жатқан, 20-дан астам көркем фильмге түскен өнер адамы. ҚР Кинематографистер одағының мүшесі. «Халықтың сүйіктісі» қоғамдық жүлдесінің лауреаты. 2014 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.

Қос жұлдыздың елге айтары, ой-пікірлері, естеліктері де баршылық. Музей келушілері меймандардың әдемі әңгімелерін тыңдап, олармен «Алматы – қазақ киносының ордасы» атты көрмені бірге тамашалады.

Көрмеде «Қазақфильмнің» сан жылдар бойы түсірген картиналарынан фотосуреттер қойылды. Атап айтсақ, «Қыз Жібек», «Шабандоз қыз, «Алдар көсе», «Менің атым Қожа», «Тұлпардың ізі», «Транссібір экспресі» және тағы да басқа фильмдерден кадрлар көруге болады. Сондай-ақ, осы фильмдерді түсірген кинопроекторлар, камералар коллекциясы қойылды. Көрмеде Қазақ КСР Халық артисі, актер Кененбай Қожабековтың көзі тірісінде қолданған әмияны, қаламсабы, сағаты да бар. Бұл бұйымдарды артында қалған ұрпағы, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының оқытушысы, музыкатанушы Ілияс Кененбайұлы 2014 жылы музей қорына табыстаған болатын.

Нұр ЖАМАЛ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *