АЛМАТЫ мен МӘСКЕУ

арасын жалғаған достық көпірі берік болғай

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Алматыда қалалар арасындағы серік­­тестік және бауырмалдық қаты­нас­тардың 25 жылдығына орайлас­тырылған Мәскеу мәдениетінің күндері өтуде.

Шырайлы шаһарымызға табан тіреген Мәскеу делегациясын Мәскеу үкіметінің министрі, Сыртқы эконо­микалық және халықаралық байланыс­тар департаментінің басшысы Сергей Черёмин бастап келді. Мәдени күндер 28 гвардияшыл-панфиловшылар саяба­ғынан орын тепкен «Даңқ»  мемориа­лына гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Одан соңғы іс-шара «Алматы Арена» сарайында ұйымдастырылған жасөс­пірімдер арасындағы бокс турнирімен жалғасты.

Бұл айтулы күндердің ішіндегі ең өзегі болып саналатын Мәскеу үкіме­тінің экономикалық конференциясы да сәтті өтті. Конференцияға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Ресей Федерациясының Алматыдағы бас консулы Евгений Бобров, Мәскеу үкіметінің министрі Сергей Черёмин және Ресей–Қазақ­стан даму институтының, қоғамдық ұйым­дар­дың өкілдері, кәсіпкерлер, екі қала­ның стратегиялық даму жобасына атсалысып жүрген мемлекеттік және жекеменшік компаниялардың  топ-менеджерлері қатысты.

Конференцияны Алматы қаласы әкімі­нің орынбасары Ержан Бабақұ­маров сөз сөйлеп ашты. Ержан Жалбақ­ұлы екі қала арасындағы мәдени және іскерлік қарым-қатынасқа ешқашан сызат түспейтініне сенім білдірді. Ресей Федерациясының Алматыдағы бас консулы Евгений Бобров та осы тілекке үн қосты. Ал Мәскеу үкіметінің минист­­рі, сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар департа­ментінің басшысы Сергей Черёмин Мәскеу әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердің бірі екендігіне тоқталды. Оның айтуынша, 2019 жылы Мәскеу Шығыс Еуропадағы Foreіgn Dіrect Іnvestment Іntellіgence (FDІ) вер­сиясы бойынша «Болашақтың қала­лары» рейтингісінің көшбасшысы бол­ды. «Алматы» әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясы» АҚ-ның Басқар­ма төрағасы Асқар Білісбеков те мәс­кеу­лік меймандарға жылы лебізін арнады.

Конференция барысында қаланы дамытудың стратегиясы, Алматы мен Мәскеу ынтымақтастығының экономи­ка­лық және инвестициялық тұрғыдағы келешегі, «Ақылды қала» кұру, сондай-ақ, білім, мәдениет және жастар саяса­ты туралы тақырыптар тарқатылды.

Конференцияда Алматы қаласының әкімдігі мен Мәскеу үкіметі арасындағы 2020–2023 жылдарға арналған ынтымақ­тастық Меморандумына қол қойылды.

Өз кезегінде Алматыдағы Ресейдің Бас консулы Евгений Бобров Ресей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтас­тықта Мәскеу мен Алматының басты рөл атқаратынын атап өтті.

«Алматы мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2018 жылдың қоры­тындысы бойынша 4,7 млрд. долларға жетті. Ал Мәскеу мен Қазақстан ара­сын­дағы тауар айналымы 4 млрд. дол­ларды құрайды», — деді Бас консул және Алматыдағы Мәскеу күндерінің іскерлік мазмұнға бай екенін әрі екі жақты байланысты одан әрі нығайта түсетінін атап өтті.

Мәскеу де, біздің Алматы да қаланы дамытуда озық үлгідегі заманауи тәсілдерді қолдануда. Сондықтан екі мегаполистің бір-бірінен үйренері де, бір-біріне үйретері де көп деуге болады.

«Rіxos» қонақүйінде өткен экономи­калық-іскерлік конферен­циясының пленарлық сессияларында екі мегапо­листің инфрақұрылымдық, сонымен қатар, қос қаланың экономи­калық, инвестициялық және іскерлік ынтымақ­тастығының мәселелері тал­қыланды. 1994 жылдың қазан айында Алматы мен Мәскеу өзара бауырлас қала екендік­терін ресми түрде мәлімдеп, өзара ынтымақтастық келісіміне қол қойған болатын. Сол достыққа 25 жыл толып отыр. Екі мегаполис арасындағы мәдени, рухани іс-шаралар да содан бері бір тоқтаған емес. Білім, денсаулық, мәдениет саласында бірлесіп атқарған жобалар қарасы да біршама.

Мәскеу «ВДНХ» АҚ-ның ТМД елде­рімен жұмыс және сыртқы байла­ныстар жөніндегі басқарма басшысы, делегация мүшесі Ирина Яремко биыл өздеріндегі «Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде» ашылған «Қазақстан» павильоны туралы тілге тиек етті.  Ол Қазақстан Республи­касы­ның бұл павильонын Мәскеу көрмесі жауһарларының біріне балады. Көрмеге келушілерді қайта қалпына келтірілген тарихи нысанның ішкі әлемі, қазақы орнаменттер, сыртқы шыны күмбезі де қатты қызықтыратынын атап өтті.

Абай атындағы мемлекеттік акаде­миялық опера және балет театрында Мәскеу мен Алматы арасындағы достық қарым-қатынастың қашан, қалай орнап, дамығандығын бейнелейтін «Алматы–Мәскеу достығына 25 жыл» фотокөрмесі ұйымдастырылды. Көрме экспозициясына Мәскеу қалалық бас архивінен алынған тарихи құжаттар мен фотографиялар қойылған.

Мәдениет күндері аясында Қазақ­станның Оңтүстік астанасына мәскеу­лік алдыңғы қатарлы өнер ұжымдары да келді. Олар Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әсем де еңселі сахнасында өнерлерін көрсетті.

Әсіресе, «SOPRANO Турецкого» өнер ұжымының гала-концерті үлкен қошеметке ие болды. Әйел адамдардан құралған бұл ұжым Мәскеудің мәдени бет-бейнесі болып саналады. Ресейдің халық артисі Михаил Турецкий «SOPRANO Турецкого» арт-тобының құрамына сопраноның барлық диапазо­нын жинаған, яғни ондағы кәсіби әнші­лер кез-келген музыкалық шығарманы шебер орындай береді. Бұл ұжымның ерекшелігі де осында. Міне, әлемнің жетекші сахналарын бағындырып жүр­ген осындай жұлдыздар біздің Алматы театрын да ғажап әуенге бөледі.

Бүгін, яғни мәдениеттің екінші күні Мәскеу қуыршақ театрының актерлары алматылық балалар мен олардың ата-аналарына «Царевна-Лягушка» спек­так­лін ұсынады. Аталған қуыршақ теа­трының директоры Людмила Редько биыл Алматы мен Мәскеу достығына 25 жыл толып қана қойған жоқ, сондай-ақ, Алматының біздің театрмен достығына 85 жыл дейді. Сонау 1934 жылы Мәскеу қуыршақ театры (ол тұста Балалар кітабы театры аталған) Қазақстанға келіп, театр негізін қалаушы Виктор Швембергердің «Еж и Петрушка» спектаклін қойған болатын.

Мәскеу мен Алматы арасын жалғап тұрған мәдени көпір осындай сапар­лармен, игілікті іс-шаралармен нығая түсері сөзсіз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *