АЛМАТЫ МЕН АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫН

 Мәншүк БЕКБОСЫН

Қаланы жылумен қамтамасыз ететін мекемелердің жылу беру маусымына дайындығы межелеген уақытында бітті. Бұл ретте «Алматы электр стансалары» АҚ (АлЭС) мен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ (АЖК) қыстың қаһарына тас-түйін дайын. Демек, қала жылуға қосылмай қалады деген қауіп жоқ. «АлЭС» АҚ-ның барлық департаменттерінде отын қоры жеткілікті. Атап айтқанда, 484 мың тонна көмір мен 24 мың тонна мазут бар.

Қыс қамсыздықты көтермейді. Сондықтан «қыс шанаңды жаз сайла» демекші, қысқа жаздан дайындалуымыз керек. Осыған орай бүгінде «АлЭС» АҚ-да барлық резервтік қазандықтар мен турбиналарды қоса алғанда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ертеңдері техникалық ақаулар пайда болып, үлкен мәселелер туындамауы үшін энергия жабдықтары да 100 пайыз жөнделіп, дайындалды. «АлЭС» АҚ жылу беру маусымында үздіксіз әрі тұрақты жұмыс істеуге, электр энергиясын жеткізуге толық дайын.
«АЖК» АҚ-ның да қала мен облыстың жылу маусымына дайындық жұмыстары қалыпты жағдайда. «АЖК» АҚ қызметкерлері 0,4-110кВ 1 600 шақырымнан астам кабель мен әуе электр беру желілерін жөндеуден өткізді. Бұл – жылдық жоспардың 91 пайызы орындалды деген сөз. Сондай-ақ 931 қосалқы стансалардағы жабдықтар жөндеуден өтті (жылдық жоспардың 86% жөнделді).
Энергетиктердің жұмысы – өте ауыр. Жылыту маусымы кезінде оларға артылатын жауапкершілік екі еселенеді. Бұл ретте жылу беретін мекемелер білікті мамандармен мақтана алады. Қала тұрғындарының жылуға деген өсіп келе жатқан қажеттіліктерін энергетиктер қамтамасыз етуге дайын. Энергетиктердің айтуынша, оларға бір сәтке де босансуға болмайды.  Өйткені олардың жұмысына тұтынушылар баға береді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *