АЛМАТЫ — МҮМКІНДІКТЕР МЕН БАТЫЛ ЖОСПАРЛАР ҚАЛАСЫ

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен жастармен кездесуінде сөйлеген сөзі

«Алматы — 2050»

Қайырлы күн, қадірлі достар!

Сәлем, ҚазҰУ!

Білім мен ілім  шамшырағы болған өзімнің университетімнің  аудиториясында  сөз сөйлеу мен үшін ерекше мәртебе.

Мен осы университет қабырғасында білім алдым, осы жерде тағдырлық достарымды кездестірдім.

Университет тек білім беріп қана қойған жоқ. Бұл жерде менің өмірлік қағидаттарым мен сенімдерім қалыптасты. Университет менің кәсіби мансабыма жол ашты.

Университеттегі  жаңалықтарды үнемі қадаға­лап отырамын. Сіздердің табыстарыңыз  мен үшін де үлкен қуаныш.

Сіздермен кездесер алдында ғана жоғары оқу орнының жұмысымен мұқият танысып шықтым.

Ұлттық классикалық білім ордасын  әлемдік дәрежедегі зерттеу университетіне айналдыру  жолындағы  жүйелі жұмыс қарқыны көңіл қуантады.

Бұл істе  стратегиялық тәсіл маңызды.

ҚазҰУ стратегиясы – білім, ғылым мен  инно­вациялар интеграциясы, 4.0. Уни­вер­ситет моделін қалыптастыру.

Университет болашағына сенімді.

Демек, болашаққа бағдар болар бағыт дұрыс.

 

Алматы өршіл, батыл  жастардың  қаласы.

Бізде  700 мыңдай  жас азаматтар тұрады.

Егер қаламызда  барлығы 1 млн. 800 мың тұрғын бар деп есептесек, солардың  әрбір үшіншісі  –  жас азамат  деп тұжырымдауға болады.

Олардың 170 мыңдайы – ЖОО студенттері.

50 мың жастар – колледждер студенттері.

Олардың барлығы  39 жоғары оқу орындары мен  81 колледждерде дәріс алуда. Алматы – еліміздің ең ірі жастар қаласы  деп айтсақ та болады.

Сіздер – мегаполистің болашағысыздар.

Сіздер әлі жассыздар, жігерлісіздер, қандай да бір қиғаш мінезден  адасыздар, өмірді  жаңаша қабылдайсыздар, өзгеріске толы өркениеттің ырғағын сезіне білесіздер.

Сіздердің  күш-жігерлеріңіз бен  қажыр-қайраттарыңыз, дарындарыңыз бен батыл­дық­тарыңыз қала үшін ауадай  қажет. Әсіресе, біздің қаламыздың дамуының жаңа кезеңі бастау алған қазіргі кезең үшін Сіздердің қолдауларыңыз аса маңызды.

Біз  Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша  Алматы қаласының ұзақ мерзімді дамуының  стратегиясын әзірледік. Бұл құжатты біз «Алматы – 2050»  деп атадық.

Енді  Сіздермен  қаламыздың даму бағдары  жөніндегі тұжырымдарыммен бөліскім келеді.

Сіздер бұл бағдарға тікелей қатысып, қолдау білдіреді деген сенімдемін.

Бүгінде күн сайын,  апта сайын қалалық өмірдің бар­лық салаларын жүйелі жаңғырту: инфрақұрылым, қоғамдық қауіпсіздік, экономика, экология, медицина, білім және басқа да маңызды мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылдануда.

Қазір қабылданып жатқан  стратегиялық шешімдер қала үшін де, барлығымыз  үшін  де  даму трендін  қалыптастырып  келеді.

Алматының болашағы – бұл кәсіпқойлардың, ғалымдардың, басқарушылардың, бизнесмендердің және тағы басқалардың  жаңа буыны қалыптасқан  Алматы. Осы орайда дәл  бүгінгі студенттер – Сіздер қаланың баға жетпес адами капиталысыздар.

Сіздер Алматының жасыл желегін сақтап, табиғи және қалалық жүйелердің интеграциясын дамытып, ең бастысы, өздеріңіздің болашақ табыстарыңызбен Алматыны тең мүмкіндіктер қаласына, «шетсіз қалаға»  айналдыруға   көмектесе  аласыздар.

Біздің бірінші стратегиялық басымдығымыз  – Жаһан­дық «ақылды» қала болу.

Яғни   жан-жақты ойлай білу, басқалардан бұрын озық іс-қимылға дайын болу, өткір де өзекті мәселелерді  шешу үшін үздік «смарт» тәжірибелерді қолдану, нақты халықаралық-интеграцияланған мегаполис  болып қалыптасу.

Бұл өте маңызды, себебі, қала мен қала маңының тұрғындарының саны жылдам көбейіп келеді. Егер Үлкен Алматының, яғни жан-жағындағы елді-мекендерін қоса алғандағы қаланың  агломерациясын  зерделесек, қазірдің өзінде  мұнда 3 миллиондай адам тұрады екен, ал 2030 жылға қарай бұл сан 5 миллионға жуықтамақ.

Халықтың өсуіне байланысты инфрақұрылымға түсетін жүктеме әлемдік қалалар үшін  басты жаһандық сынақ болып табылады. Біз де бұдан шет қала алмаймыз, өзге әлемдік мегаполистер сияқты урбанизация дағдарысы  бізге де  қауіп төндіруде.

Көші-қон арқылы  халықтың жыл сайынғы өсімінің 60%-ы   қалыптасады. Бұл қаланың барлық әлеуметтік, инженерлік, көлік инфрақұрылымының шамадан тыс жүктелуіне алып келеді.

Урбанизация дағдарысын болдырмау үшін Үлкен Алматы агломерациясының барлық аумағында белсенді жоспарлау мен жобалау, смарт  тәсілдер мен шешімдер талап етіледі.

Біздің қаламыз үшін оңтайлы тұрғындар саны агломе­рацияны есептемегенде – 3–3,5 млн. адам. Бұл көрсет­кішті 2035 жылдан кейін осы деңгейде ұстап тұру  үшін, қазірден бастап қала маңын дамыту қажет – онда жұмыс орындарын, әлеуметтік инфрақұрылымды құру, жаппай қоғамдық көліктерді – БРТ, ЛРТ, электричкаларды тарту керек.

Алматы қаласы үшін ұзақ мерзімді мақсат – өмір сапасы бойынша әлемнің үздік 100 қаласы тізіміне ену. Бұл нақты мақсат. Айта кетерлік жәйт,  2019 жылы жүргізілген  Mercer’s-тің  «Qualіty of lіvіng survey» рейтингісі  бойынша  Алматы 177-орында тұр.

Ең үздік әлемдік мегаполистердің рейтингіне кіру  біржақты  мақсат емес. Бұл қадам бізге Алматыны таланттар, қаржы мен тауарлар, кәсіби қызметтер мен ақпараттар ағындарына қызмет көрсететін жаһандық толыққанды халықаралық хабқа айналдыру үшін қажет.

Қала Орталық Азия кеңістігіндегі іскерлік пен оқиғалы туризмнің маңызды орталығына және халықаралық коммуникациялар  хабына айналуы тиіс.

Халықаралық интеграцияланған үздік қалалардың қатарына барар жол айқын. Әлемдік рейтингтердің критерийлері мен индикаторлары барлығына белгілі.

Біз алдымызға өршіл міндет қойып отырмыз. Ол – Халықаралық деңгейде танылған рейтингтерде өлшенетін жаһандық қалалардың әлемдік жүйесінде  Алматының позициясын нығайту. Қала «альфа» тобына кіріп, өзінің аймақтық бәсекелестерінен оза дамуы  тиіс.

 

Екінші  стратегиялық басымдық – Алматы шетсіз қалаға айналуы тиіс.

Мегаполис әр ауданының бірегей сипаттамасы бар және адамдарды тартатын көрікті орындары бар көпорталықты қала болуы керек.

Бізге қаланың барлық аудандарында түгелімен алматылықтардың өмір сүруінің жоғары стандарттары қажет. Бұл қағидатты түрде маңызды, өйткені бүгінгі күні қала  орталығы мен   шеттеріндегі  өмір сүру деңгейінде алшақтық байқалады.

Шағын аудандардың көптеген шеткі аумақтары  орталықтандырылған  сумен жабдықталмаған  және орталықтандырылған кәріз жүйесі де жоқ, жол желісі дамымаған, көшелер жарықтандырылмаған.

Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, қоғамдық кеңістік нысандарының  басым көпшілігі Райымбек даңғылынан оңтүстікке қарай, «жоғарғы»  аудандарда орналасқан.

Медеу ауданындағы орташа жалақы Наурызбай ауданына қарағанда 2 есе жоғары.

Маятниктік  көші-қон  мен  жолдардағы кептелістің негізгі себебі – мегаполис орталығы мен шеттерінің даму деңгейіндегі алшақтық болып табылады.

Осы мәселелерді шешу үшін біз «жаңа Алматы»  жоспарын әзірледік. Оның басты мақсаты – алдағы 5 жыл­да қаланың барлық аудандарын сумен қамтамасыз ету, жарықтандыру, аулаларды абаттандыру, олардағы қоғамдық көлік, тұрғын үй, балабақшалар, мектептер, жолдар салу мәселелерін шешу.

Бес жыл ішінде бұл мақсаттарға 800 млрд. теңгеге жуық бюджеттік және жеке инвестициялар қажет болады.

2021 жылдың соңына дейін біз «Жаңа Алматының»  23 шағын ауданын сумен және кәріз жүйесімен, 100% көшелер мен аулаларды жарықтандырумен толық қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.

Жол үлесін негізінен Алатау, Медеу, Түрксіб, Наурыз­бай аудандарының шеткі шағын аудандарында көше салу есебінен 75%-ға дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу жоспарланған.

Ескі үйлерді сүру бағдарламасы кезең-кезеңмен әзірленді, бұл бағдар бойынша  Алматы қаласындағы  барлық 948 ескі үйлерді сүру көзделген. Ол жерлерде біз 1300 мың шаршы метр тұрғын үй сала аламыз.

Бірте-бірте біз даму бағдарын және негізгі қалалық белсенділікті тарихи орталықтан мегаполистің 6 жаңа өсу аймағына, негізінен «төменгі»  аудандарға  және шеткі аумақтарға  бұрғымыз  келеді.

Бұдан басқа, қаланың әуежай маңындағы «Шығыс қақпасын», Қапшағай бағытындағы «Солтүстік қақпасын», ЖЭО-2  және индустриялық аймақ аумағындағы «Батыс қақ­пасын» және Қаскелең жағындағы «Оңтүстік қақпасын»  дамытатын боламыз.

«Инновациялық технологиялар паркі»  арнайы эконо­микалық аймағы  жаңаша дамитын болады.

Осы аймақтардың бәрінде  біз халықтың өсімін қамта­масыз етіп, жұмыс орындарының көп бөлігін шоғыр­ландыра аламыз.

Жаңа Алматыда біз рекреациялық аймақты дамытатын боламыз – қала тұрғындары үшін жаңа скверлер, саябақтар мен демалыс аймақтарын құратын боламыз.

Сонымен қатар, қаланың көпорталықтық қағидаты бойынша дамуы Алматының ескі тарихи және мәдени орталығының келбетін сақтау жөніндегі жұмыспен қатар жүргізілетін  болады.

Біз қазір тарих және сәулет ескерткіштері болып табылатын ескі ғимараттардың аудитін бастадық. Тарихи орталық – Алматының жүрегі, біз бәріміз оны білуге тиіспіз әрі  мақтан тұтуымыз керек.

 

Үшінші стратегиялық басымдық – Алматы адами  орталық болып қалыптасуы  тиіс. Яғни адамдардың барлығы үшін, әркім  үшін арналған қала, бастамалар  қаласы  болуы керек.

Бұл өте маңызды, өйткені әлеуметтік алшақтықты  осылайша жеңуге болады.

Үлкен қала көп мүмкіндіктер береді, бірақ қиын өмірлік жағдайға тап болғандар  үшін ол  өте  қатал болмақ.

Жастар жұмысқа орналаса алмайды, көпбалалы отбасыларға тұрғын үй алуға  қаражат жетіспейді, мүмкін­дігі шектеулі адамдарға қала ішінде  еркін қозғалу қиын, олар басқалармен тең дәрежеде оқи да, жұмыс істей де алмайды.

Көптеген қала тұрғындары қаланы басқару процесінен шет қалып жатады, олардың пікірлері шешім қабылдау орталықтарына жете бермейді.

Сондықтан Алматы кез-келген азамат үшін бірдей мүмкіндік жасалатын  инклюзивті адами  орталық болуы тиіс.

Барлық қала тұрғындары қаланы басқаруға белсенді қатысып, өз бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алуы тиіс.

Біздің басым міндетіміз – әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру.

Жалпы, қала бюджетінің жартысы әлеуметтік салаға жұмсалады. Бұл көлемі 490 млрд. теңгені құрайтын қаланың нақты қолда бар барлық бюджетінен шамамен 204 млрд. теңге деген сөз.

Қала бюджеті қалалықтардың, соның ішінде сіздердің де  қоғамдық көлік пен коммуналдық қызметтер шығындарыңыздың едәуір бөлігін субсидиялайды.

Қала тұрғындарының 10-нан астам санаттағы бөлігін субсидиялауға шамамен 68 млрд. теңге бағытталды.

Олар: І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер, оқушылар, студент­тер, зейнеткерлер, көпбалалы және аз қамтылған отба­сылар, ҰОС ардагерлері, ауғандықтар және басқа да әлеуметтік топтар.

Көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында  «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасы табысты іске асырылуда, оған жергілікті бюджеттен 7,4 млрд. теңгедей бөлінді. Бастапқы жарнаға қайтарымсыз сертификаттар берілді және  несиені жылына 2%-дық  жеңілдікпен алуға мүмкіндік жасалды.

Ағымдағы жылдың соңына дейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс істейтін жастарға 1 020 пәтер беріледі. 2020 жылдан бастап «Алматы жастары» қалалық бағдарламасын  іске асыруды жалғастырамыз және пәтер бөлу санын  жылына 1000  пәтерге  дейін жеткіземіз.

Тағы бір маңызды ұзақ мерзімді мақсат – «кедергісіз» ортаны құру. Мақсат – мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қалалық инфрақұрылымның 100% қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету – бұл өте қиын да  маңызды міндет.

Мен сіздерді волонтерлік қозғалыстарға белсене қатысуға, қаламызды мейірімді, қайырымды және прогрессивті мегаполиске  айналдыруда басқаларға үлгі көрсетуге шақырамын.

Менің ұстанымым: қаланы басқаруда қалалықтармен кері байланыс қамтамасыз етілуі тиіс.

Мегаполис көлемінде  біз «Еститін мемлекет» қағидатын  барынша іске асыруға тиіспіз. Бұл бағытта жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологиялар ресурстарын толыққанды  пайдаланатын боламыз.

Алматы еліміз өңірлерінің арасында бірінші болып  қоғамдық интернет-қабылдау орталығын ашқаны белгілі. Екі жыл ішінде «Open Almaty»-ға 200 мыңға жуық  өтінімдер түссе, олардың 70 пайызы бірден шешімін тапқан. Алматылықтарды толғандырған  өзекті мәселелерді шешу үшін  барлық өтінімдер талданып, мұқият зерделенеді, себеп-салдары анықталады, тиісті ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, сараланады, әрбір өтініш бойынша нақты шешімдер қабылданады.

Биылғы жылдың қыркүйегінен бастап біз  «Бюджетке қатысу» жобасын іске асыруды қолға алдық. 2020  жылдан әр ауданға 500 миллион теңгеге дейін қаржы аудару жоспарланып отыр. Мұның өзі  қаражатты  мақсатты жұмсау бағдарын  тұрғындардың өздері  анықтап, шешетін болады. Бұл тәжірибе алдағы уақытта да жалғасады.

 

Төртінші стратегиялық басымдық –  қылмыс деңгейі мен техногендік қатері төмен, қауіпсіз қала.

Бүгінде Алматыда ел халқының 10 пайызы тұрғанымен 20 пайыз  қылмыс осында жасалады.  Бұл өте алаңдай­тындай көрсеткіш, мұның шұғыл алдын алу қажет.

Осындай шаруа үшін ақылды қала технологиясын енгізіп, камералар мен датчиктер, Bіg Data талдауын, жасанды интеллектті енгізбекпіз, олар қауіпсіздік әрекетін айқындауға, жедел шара қолдануға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде құқықбұзушылықтың алдын алу және қылмыспен күресу мақсатында «Халық көп жиналатын орындардың видеомониторингін жасайтын жүйе» жобасын жүзеге асырып жатырмыз.

2020 жылдың аяғына дейін тұрғындар көп жиналатын орындарда бет-бейнені интеллектуалдық түрде айқындай­тын және видеоталдау жасайтын 1000 камера орнату жоспарланған.

Біз жол қозғалысын ұйымдастыру мен инфрақұры­лымды сауатты түрде жобалап, жүзеге асыру ісін жалғас­тыра беретін боламыз.

Енді Төтенше жағдайлар  кезіндегі қауіпсіздік туралы. Біз мұздақты көлдер мен өзендердегі дамбылардың жай-күйін, селдің қауіп-қатерін  тәулік бойы бақылап отыруға мүмкіндік беретін цифрлық мониторинг жүйесін енгізу­деміз. 2020 жылға қарай осы жоба арқылы 31 тасқын қаупі бар нысан қамтылады.

Отандық экологиялық габиондарды қолдану арқылы өзендердің жағалауларын нығайту жұмысын жалғастыра түсеміз. Қорғаныс қабырғаларын да сала береміз. Қазір Ақсай  мен Аюсай аңғарларында селден қорғау құрылы­сының жобасы жасалуда.

Жер сілкінісі қаупінен сақтану мақсатында келесі жылы тұрғындар мен құтқарушыларды оқытып-дайын­дайтын арнаулы симуляциялық оқу-әдістемелік орталық ашпақшымыз.

 

Бесінші стратегиялық басымдығымыз – Алматы  жоғары экологиялық өлшемге сай, табиғатпен үйлесімді   ұштасқан  жасыл желекті қала болуы тиіс.

Ауаның ластануы – қала тұрғындарын мазасыз­дандыратын басты мәселенің бірі.

Қала ауасы ластануының 65 пайызы көліктерден болады. Өйткені, қалада 500 мың көлік жүретін болса, бақылау камералары тіркеп, көрсетіп отырғандай, 200–250 мың көлік сырттан келеді. 27 пайыз түтін көмір отын жағып, қаланың 25 пайызын жылумен қамтамасыз ететін   2-ші ЖЭС-тен  шығады.

Қазіргі уақытта  ЖЭС-2 бойынша зерттеу жүргізілуде, нәтижесі көктемде әзір болады. Мамандардың сараптамасы мен тұжырымына қарай ЖЭС-2-ні газ отынына көшіру  мүмкіндігін қарастырамыз.

Алдағы жылдары Jasyl Almaty бағдарламасы бойынша 1 млн. ағаш отырғызып, қаланың жасыл келбетін түбегейлі жаңартамыз.

Өткен сенбіде 50 мың шыбық отырғызып, Мохнатка тауын жасылдандыруды бастадық. Мұндай экологиялық акция алда да жалғасын табады. Келесі осындай шара таяуда, 12 қазанда Көктөбеде өткізіледі. Бәріңізді соған белсене қатысуға шақырамын.

Біздің түпкі мақсатымыз – қалдықтардың қоршаған ортаға зияндылығын азайту, таза технологияны қолдану арқылы қалдықтарды 80 пайызға дейін қайта өңдеп, кәдеге жарату.

 

Алтыншы стратегиялық басымдық – Алматының еліміз­дің іскерлік орталығы, Жаңа Жібек жолы бойындағы эконо­микалық тұрғыдан белсенді инновациялық қала ретіндегі рөлін нығайту. Осы арқылы біз  тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етеміз.

Өткен жылы қаламыздың экономикасы небәрі 2,8 пайызға өсті. Бұл тұрғын халықтың өсімінен аз. Мұның басты себебі – жұмыспен қамтудың төмендігінде жатыр.

Жастардың арасында NEET (бекер жүру) катего­риясындағылар санының  елеулі түрде артуы алаңдатады. Бұл көрсеткіш  бүгінде 6,7 пайызға жетті.

Жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша білгеніміз, оқу бітіргендердің үштен екісі  өз мамандықтарымен жұмыс істемейді. 19 пайызы жұмыс таппай сенделіп жүр.

Жан басына шаққанда ВРП (Аймақтық жиынтық өнім) жөнінен  өзімізге сәйкес, ұқсас қалалар – Варша­вадан, Саппоро мен  Ванкуверден және т.б. қалалардан артта қалып қойдық.

Аталған қалалардың деңгейіне жету үшін экономиканың шынайы өсуін жедел түрде, яғни жылына кем дегенде  5 пайыздық деңгейге дейін  өсіруіміз керек.

Біз алдымызға 2050 жылға қарай ВРП-ны жан басына  шаққанда 2,5 есеге арттыру міндетін қойып отырмыз.

Ол үшін біздің өнімдеріміз және қызмет көрсету деңгейіміз әлемдік нарықта  бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие болатындай болуы тиіс. Бізге жоғары дәре­жеде  жұмыс істейтін экономиканың өндіргіш секторын көбірек дамыту қажет. Бұл дегеніңіз: кәсіптік және ғылы­ми-техникалық қызметтер, ИКТ, қаржы  мен сақтандыру, білім және денсаулық сақтау ісі салалары.

Өткен сенбіде Алматыда бірінші рет Хакатон өткіздік. Келіп түскен 30 жұмыстың ішінен мегаполистің барлық саласындағы мәселелерді тиімді шешудің жолын көрсеткен жас жігіттердің үш тобының жобалары үздік деп танылды.

Өздеріңізбен кездескенге дейін мен университет­теріңіздің ІТ технопаркін аралап көрдім. Сіздерде иннова­циямен байланысты жақсы идеялар, жобалар бар. Сондықтан сіздер хакатонға, қаланы цифрландыруға белсене қатысып, идеяларыңызды қалалықтардың игілігі үшін  іске асыра аласыздар.

Көптеген елдердің күш салуымен іске асырылып отырған трансеуразиялық сауда-көліктік Шығыс-Батыс дәлізі Алматыға зор мүмкіндіктер береді. Жаңа Жібек жолының қақ ортасында отырып, біз геоэкономикалық ресурсты толықтай пайдаланып, Орталық Азиядағы әлемдік сауда мен халықаралық коммуникацияның хабына айналуға тиіспіз.

Менің қағидатты ұстанымым: Алматыны алдыңғы қатарлы қуатты экономикалық хабқа айналдырудың басты алғышарты – адами капиталды дамыту, кәсіпкерлеріміздің инновациялық әлеуетін пайдалану болып табылады.

Сіздер де, жігіттер, өздеріңіздің жақсы білімдеріңізбен Алматының болашағын ескере отырып, қазірден бастап  жаңа өмірлік мүмкіндіктерді іздестірулеріңіз керек.

Талантты да ілкімді жастарға жол ашу үшін біз қалада жастар кәсіпкерлігінің экожүйесін, инновациялық дистриктерді, стартап алаңдарды, бизнес-инкубаторларды, коворкингтерді құрамыз. Қазірдің өзінде Алматыда  5G-ның алғашқы жобасы енгізілуде.

 

Жетінші стратегиялық басымдық – Алматы заманауи, озық өмір салты бар, сән мен стандарттар беретін, жоғары білім, тұрмыстық және бұқаралық мәдениет деңгейі бар мәдени-креативті қалаға айналуға тиіс.

Алматы бүкіл Орталық Азия өңірінің креативті астанасы болуы тиіс. Ол үшін біз қаланың мәдени саясатын күшейтеміз. 2020 жылға ірі мәдени-ойын-сауық, бұқаралық спорттық және басқа да іс-шаралар қатары құрылады. Біз сандық мәдениетті креативті экономиканың маңызды бөлігі ретінде дамытатын боламыз.

Мен, болашақ – интеллектуалдық қызметке негізделген шығармашылық мамандықтарда, білім экономикасында екеніне сенімдімін.

Бүгінде біздің қала Қазақстанның креативті индустрия­сының орталығы болып табылады, онда еліміздің барлық креативті кәсіпорындарының 45%-ы шоғырланған. Бұл жарнамалық агенттіктер, сәулет және жобалау бюролары, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер, баспалар, кино, бейне және телеөнімдерді өндірушілер, театрлар, цирк­тер, концерт залдары, сән үйлері, дыбыс жазу студиялары және т.б.

Алайда, Алматыдағы креативті индустриялар кәсіпорын­дарының үлесі әзірге тіркелген кәсіпорындардың жалпы санының 6,3%-ын ғана құрайды. Біздің ұзақ мерзімді мақсатымыз – бұл көрсеткішті кем дегенде 2 есеге ұлғайту. Бизнес пен шығармашылық үшін қаншама жаңа мүмкіндіктер ашылады десеңізші.

Ол үшін әлемдік мәдени трендтерді ескере отырып, мәдени кеңістіктерді қайта жүктеу қажет. Біз креативті өнімдерімізді экспортқа шығаруымыз керек.

 

***

Байқап отырсыздар, біз Орталық Азия аймағындағы Алматының бірегейлігін нақты түсінеміз, елеулі қиындықтармен бірге байыпты да өршіл міндеттеріміз бен жоспарларымыз бар. Қала стратегиясы дегеніміз – нақты қисынды есепке құрылған  іс-қимылдар мен әрекеттер  жоспары.

Біздің пайымдауымызша,  үздік қала –  еліміздің ең талантты, дарынды жастары білім алатын, жұмыс істейтін және үлкен өмірлік жоспарларын іске асыратын  қала.

 

Құрметті достар!

«Алматы – 2050» стратегиясы жобасында баяндалған қаланың ұзақ мерзімді дамуының басты бағыттары осындай.

Мен сіздерге «Алматы арманы» туралы қысқаша айтып беруге тырыстым.

Сіздер үшін, барлық жас алматылықтар үшін қала стратегиясы – дерексіз құжат емес.

Сіздер өмірлік стратегияларыңызды қала жоспарла­рымен байланыстыруларыңыз керек.

«Алматы – 2050» стратегиясы сіздерге өсу нүкте­лері­ңіздің, серпілер бағдарларыңыздың, жеке жетістіктеріңіздің жолын көрсетеді.

Алматы өршіл қала, батыл жоспарлар қаласы. Өзде­ріңіздің кәсіби жолдарыңызды сауатты жоспарлаңыздар, Алматы стратегиясы осы бағытта сіздерге кеңес ретінде ұсынылады.

Біз құжат жобасын арнайы сайт пен қалалық БАҚ арқылы қоғамдық талқылауға шығарамыз.

Мен сіздерді және барлық қалалықтарды оған белсене қатысуға шақырамын.

Алматы болашағы, ең алдымен, Сіздер үшін маңызды болуы керек.

Барлық сындарлы ескертулер мен ұсыныстарды желтоқсан айында өтетін қалалық урбанистік форумда, мен ұсынуды жоспарлап отырған құжаттың  соңғы нұсқасында ескеруге тырысамыз.

 

***

Бүгін сіздер, бір кездердегі мен  сияқты, үлкен өмір жолының табалдырығында тұрсыздар. Бір университеттік диплом табысты болу үшін жеткіліксіз.

Өздеріңізді үнемі шыңдаңыздар, тілдерді үйреніңіздер, жаңа дағдыларды игеріңіздер, әдепті, көпшіл  және белсенді болыңыздар.

Өз тағдырларыңыз өз қолдарыңызда, көшбасшы болыңыздар,  алдарыңызға батыл мақсаттар қойып, соған  қол жеткізіңіздер.

Алматының болашағы – сіздерсіздер.

Алматы сіздер үшін және сіздермен бірге!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *