АЛМАТЫЛЫҚ ЖЕРЛЕСІМІЗ – ШВЕЦИЯ АСТАНАСЫНЫҢ МУНИЦИПАЛЬДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

«Егер сөз айтқың келсе ер адамға,

іс жасағың келсе әйел адамға тапсырма бер».

Маргарет Тэтчер.

 

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

Стокгольм университетін қос дипломмен бітірген

ХХІ ғасырда жырақта жүріп өзінің ғана емес, туған елінің де даңқын шығарып, еліміздің имиджін көтеріп жүрген қазақтың қайсар ұлдары мен жалынды қыздары көп. Олардың алды халықаралық беделді ұйымдарда қызмет етуде. Енді бірлері шет ел үкіметтерінің мүшесі. Бірақ бізге бей­мәлім, алайда басқа елде кеңінен танымал есімдер де бар. Өткен жылдың соңында Швецияның астанасы Стокгольм қаласы­ның Дандерьюд ауданы муниципальды кеңесіне қазақ қызы депутат болып сайланды.

Қандасымыз Санна Тұрсынова – 1999 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Осыдан 20 жыл бұрын тағдыр айдап, Швецияға көшіп барған ару қызымыз осында орта мектепте білім алады. Оның қазақ елінде жүріп алған ағылшын тіліндегі білімі швед елінде оқуына жеңілдік әкеледі. Араға үш ай салып, Санна швед тілінде еркін меңгеріп, еркін өз ойын жеткізе алады. Көп тілді білетін, көп мәдениетті таныған, бәсекелестікке де төтеп береді. Орта мек­тепті бітірген соң, Санна Тұрсынова Сток­гольм университетінің Құқық факультетіне түсіп, білім алады. Бірақ 2 жылдан соң, өз болашағын бір ғана құқық саласымен шектемей, осы оқу орнының халықаралық қатынастар факультетінде оқуды да жөн санайды. Осылайша ол бір мезетте қос бірдей мамандық иесі болып шығады. Соңғы мамандығы оған саясатпен айналы­суға жол ашады. Санна оқып жүрген кезінде қалалық сотта, Қызыл Крест ұйы­мында және тұрмыста зорлық-зомбылыққа тап болған адамдарды оңалту орталығында ерікті (волонтер) болып, түрлі қызметтерде тәжірибе жинақтайды. Университетті аяқтаған соң, Санна адвокаттық кеңсеге қорғаушы, кейін көші-қон департаментіне маман болып қызметке орналасады. Осы жылдары ол Швецияның орташа коали­ция­лық партиясының саяси платформа­сымен таныса келе осы партияның қата­рына өтеді. Бұрын бұл партияның қатарына эмигранттар өте сирек қабылданады екен. Партия қатарында жүріп, Стокгольм қала­сының Дандерьюд ауданындағы муници­пальдық кеңесіне сайлауға түсіп, 16 пайыз дауыс жинап, өзге қарсыластарынан озып шығады.

Демократия – адамзатты ғасырлар бойы қобалжытып келе жатқан құбылыс. Мыңдаған жылдарда ол әлі бір елде толығымен орнамаған. Ал әлемдегі бүгінгі демократия өте әлсіз, себебі оны басқа­ратын, ұйымдастыратын, шыңдайтын саяси күштер пәрменсіз. Мұндай демократия мемлекет басқару ісіне, адамдар құқық­тарын қорғау процесіне ықпал жасай алмайды. Демократияның шыңға шығуы да, құлауы да негізінде саяси күштер мен саяси тұлғаларға байланысты. Біздің дәуі­рімізге дейін өзі қала, өзі мемлекет болған ежелгі Афиныда екі жүз жыл өмір сүріп тұрған демократия саясат пен Спартаның құрбаны болғанын біз тарихтан білеміз. Бұл – Швеция демократиясына да ортақ.

Швецияда әйелдердің қоғамдық ұйым­дардың жұмысы мен саясатқа араласуы еркін сипатта. Сондықтан Швецияда саясат­пен айналысатын әйелдер қауымы баршылық. Жалпы, Скандинавия елдерін­де Қорғаныс, Ішкі істер, Қауіпсіздік министрі лауазымын атқаратын нәзік жандылар орасан көп. Сондықтан бұл елдерде әйелдердің саяси ролі толығымен мойындалған. Бүгінде сол Швециядағы саясаткерлер қатарын қазақ қызы Санна Тұрсынова толықтырып отыр. Ол сай­лауалды компаниясында басты бағдарла­масы ретінде көші-қон мәселесін басты ұраны етіп алады. Кеңес мүшелерінің мін­дет­тер бөлінісі туралы өткен алғашқы отырысында Санна көші-қон, әлеуметтік көмектер, білім және коммуналдық қызметтер көрсету комиссиясы мүшелігіне сайланады. Бұл міндеттер оның саяси белсенділігіне сай келеді. Швеция халқы көпұлтты. Конституциялық монархиялық басқару формасындағы елде шведтерден басқа, испандықтар, үндістер, сириялық­тар, арабтар, ТМД елдерінен келген иммигранттар бар. Оның достары да осы қатардан.

 

Филантроп маман

Бүгінгі таңда көші-қон – бүкіл әлем бойынша ең күрделі мәселелердің бірі. Еуропаның ең алдыңғы қатарлы мемле­кет­терінің өзі бұл саясаттан қашып құтылған емес. Көшіп келушілер арасында уақытша тіркеу мәселесі, құзырлы органдардың түсіндірме жұмыстарын жүргізбеуі, нақты ақпараттың таратылмауы сияқты түйткілді мәселелер де бар. Халықтың инфрақұ­рылымы дамыған, мәдениет пен руханият және басқа да өркениет ошақтары шоғыр­ланған қалаға көшуі заңды құбылыс. Бұл бір елде ғана емес, бүкіл әлемде болып жат­қан тенденция. Бүгінде көші-қон жұмыс­тарымен тек Швеция ғана емес, дүниежү­зінің барлық елдері айналысады. Әлем елде­рі көші-қонды ең алдымен, сырт жер­лердегі өз қандастарын атажұртына көбірек тарту саясатын жүргізеді. Швецияның ондай мүмкіндігі жоқ, себебі, шведтер тек өз елінде шоғырланған. Санна қызмет ететін комиссия өзге мемлекеттердің көші-қон саласындағы іс-тәжірибелерін айрық­ша назарға алып, тиімді пайдаланудың жолын іздестіреді. Өйткені, соңғы жылдары әлем бойынша көші-қон, еңбек имми­грант­тары, босқындар мәселесі алға шығып, этникалық көші-қон олардың көлеңке­сінде қалып отыр. Бұл – өзекті мәселе. Жер көлемі халқының санына сәйкес келмейтін Швеция үшін этникалық көші-қонның маңызы зор. Ол ең біріншіден, ел қауіп­сіздігіне тікелей қатысы бар стратегиялық мәселе. Сондықтан көші-қон мәселесін тезірек құқықтық негізде сауықтырмаса, күндердің күнінде алыс-жақыннан заңды-заңсыз мигранттардың қаптап кетуі мүмкін. Бұл әлемнің біраз мемлекеттері бастан кешіріп отырған жағдай. Саннаның құқықтанушы ретінде де, халықаралық мәселелер маманы ретінде де осы пробле­маларды шешуге білімі жетеді.

Урбанизация – тоқтамайтын процесс. Швецияда урбанизация қазір 87 пайыз, яғни халықтың осыншама пайызы қалада тұрады. Мұның өзі шағын қалаларда, әсі­ресе, моноқалаларда инфрақұрылым (мек­теп, балабақша, инженерлік коммуни­кация, жол) толық шешімін тапқан кездегі жағдайда орын алып отыр. Алайда, Швеция үкіметі урбанизацияны зайырлы жүргізіп, қалаға көшіп келіп жатқан ел азаматта­рына толық жағдай жасап отыр.

Қазіргі таңда әлеуметтік жұмыс қоғам­дық ғылымдар жүйесіндегі әлеуметтік-гуманитарлық білімнің өзіндік жеке дербес саласы болып табылады. Әлеуметтік жұмыс – ХХІ ғасырдың шығармашыл, креативті, қайырымды, батыл жүректі адамдардың мамандығы. Бұл мамандық иелері өзіндік әрекеттерімен ақыл-ой білімімен адам­дардың басына түскен әр түрлі проблема­лардың түйінін тарқатуға көмектесетін, кәсіби тұрғыдан ақыл-кеңес беретін, олардың мұң-мұқтажын тиісті мемлекеттік органдарға жеткізуімен ерекшеленеді. Халықтың дәстүрлі әлеуметтік топтарына қатысты мемлекеттік бағдарламаларда да көкейтесті болып табылады. Санна қызмет ететін комиссия осы мәселелерді басшы­лыққа алады.

Қоғамның әлжуаз топтарына көмек көрсету оның ішінде басына түскен әлеу­меттік-психологиялық қиындықтарды шешу­де көмекке мұқтаж адамдарға қол­ұшын беретін кәсіби маман иесін дайындау басты басымдықтардың бірі. Жалпы, әлеуметтік жұмыс ұғымының түп-төркіні көне Грекияда пайда болған. «Филан­тропия» грек тілінен аударғанда «адам баласына деген махаббатты көрсету» деген ұғымды білдіреді. Ең алдымен индивид топтың ерекшеліктерін зерттеп, әлеуметтік көмек түрін анықтайды. Әлеуметтік көмек­тің түрлері де сан алуан болып келеді. Осындай көмек көрсетудің ең маңыздысы әлеуметтік ақпараттық коммуникативтік функция. ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап әлеуметтік жұмыс жеке бір сала болып қалыптасты.

Шведтер – талантты халық. Қай жағы­нан алып қарағанда да солай. Бірақ саны аз. Олардың әлемге аз болса да қатты таны­малдығының бір себебі де осында жатыр. Ал санның сапа туғызбай қоймайтыны белгілі.

Әр елдің өзіне тән даму деңгейі болады. Бұл – басқаларды былай қойғанда, мектеп оқушыларының өзіне де мәлім жағдай. Егер тарихқа көз жүгіртер болсақ, дамуы кенже­леп қалған елдер халықтарының өркениет­ке ертерек жеткен елдерге қарай, мұнда тұр­мыс жақсы екен деп, үдере көшкен жағ­дай­­ларын кездестіру өте қиын. Қандай қиын­шылықтар ұшырасып, небір ауырт­палықтар алдан тосып тұрса да, әр халық өз отандас­тарымен бірге өз жерінде өмір сүріп жатыр. Көптеген ұлттар жол-жөнекей кездескен кедергілерден өтіп, қиындық­тарды жеңе отырып, жақсы тұрмысқа қол жеткізген.

Жалпы, әлемдегі мемлекеттердің даму деңгейіне үңіліп қарар болсақ, дүние жүзін­де өркениетке жеткендерден гөрі, өркендеу жолына енді ғана түсе бастаған елдердің көбірек екенін аңғаруға болады. Егер экономикасы әлсіз елдердің тұрғын­дары өздері үшін қолайлы қоныс іздеп, жаппай көше бастаса, дүние не болмақ­шы? Тіпті, өз елдеріндегі соғыс салдарынан Еуропаға қоныс аударуға мәжбүр болған бос­қындардың да дені егер атыс-шабыс тоқта­са, өз Отанымызға қайтып оралар едік дейтін көрінеді. Бұл да болса, кейбір кемшіліктеріне қарамастан, туған жердің адам үшін қаншалықты ыстық екенін көрсетеді.

«Ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен де жақсы» деген екен туған жердің қадірін бағалай білген ата-бабаларымыз. Ең алды­мен кәсіби қызметтегі теориялық білімін практикада қолдана білу, елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін, әлеуметтік қамқорлығын қоғамның әлжуаз топтарына көмек беруде қолдану, әлеуметтік қорғау саласындағы технологиялық білім беру және оны сақтауды қолдана білу. Әлеумет­тік қызметкер қоғамдағы заманауи жаңа­лықтармен өзгерістерді меңгерген бәсекеге қабілетті, жоғары квалификациялық, фун­даментальды білім деңгейі кең, креативті күнделікті ауыспалы еңбек нарығына білік­тілігі жоғары маман болуы тиіс. Әлеуметтік жұмыс мамандығын игерген кадрлар ағылшын тілін, ресми қарым-қатынас тілін және швед тілін білу міндетті болып табылады. Швециядағы қазақ қызының басты мақсаты да осыған құрылған.

 

Швециядағы қазақстандық туризм

Қазақстан Президенті Дүниежүзі қазақ­тарының V құрылтайында шеттегі қандас­тарымыздың атамекен қазығы – Қазақстанмен ақпараттық, мәдени-рухани байланысын нығайта түсу үшін оларға отандық мерзімді басылымдардың қолже­тім­ділігін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бірақ оның саяси тұжырымы әлі жасалған емес. Өткен жылы Санна Тұрсы­нова Швециядағы ағайынның атажұртпен байланысын кеңейте түсетін тағы бір бастама көтерді. Санна швед халқын қазақ мәдениетімен таныстыру үшін Швециядағы қазақстандық жастардың Ассоциациясын құрды. Ассоциация өткен жылдың соңында Қазақстан туралы фотокөрме өткізсе, наурыз айында «Жаужүрек мың бала», «Шал» көркемфильмін көрсетіп, қазақ киносының кешін ұйымдастырды. Суретші Хашым Құрбановтың «Менің туған өлкем» атты көрмесін таныстырды. Негізгі мақсат – Швеция халқына Қазақстанның бай мәдениетін таныстыру. Бүгінгі таңда Санна Швециядан Қазақстанға келетін 10 адамнан тұратын «Қазақстандағы туризм» жобасын іске асырмақ. Шведтерді Қазақ­станның тау-шаңғы туризмі қатты қызық­тырады екен. Қазақ халқының қонақжай­лылығына тәнті болған швециялықтар енді Ұлы Дала еліне келуге ниет білдіріп отырған көрінеді.

Енді үш жылдан кейін Швеция парла­ментіне депутаттар сайлауы өтеді. Швед парламентіндегі депутаттардың басым бөлі­гін нәзік жандылар құрайды. Егер парла­мент депутаттарының әрбір оныншы депу­татының шет елдерде туғанын ескерсек, біздің жерле­сіміздің мүмкіндігі жоғары. Санна Тұрсы­нова осы сайлауда өз бағын сынамақ. Оған оның бүгінгі муниципальды кеңестегі жұмыс тәжірибесі мүмкіндік береді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *