Алматылық жас кәсіпкер жатақханасынан 100 студентке тегін орын береді

Алматылық жас кәсіпкер Аян Көшербаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында студенттерге арналған жатақханалар салуға және қайырымдылық акцияларын бастауға әзір. Бұл туралы бізге Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Алматылық жас кәсіпкер Аян Көшер­баев – «House of students» жатақха­насының иесі. Онда студенттерге барлық жағдай жасалған. Мысалы, әр бөлменің өз жуы­натын жері мен санузелі бар. Киім мен аяқкиімдерді ыңғайластырып қоятын шкафтар орналасқан шағын бөлмелер де қарастырылған. Сондай-ақ, жатақхана тұрғындарына арзан бағада мейрамхана қызмет көрсетеді. Ішінде спортзал бар, блогер-студенттер үшін кеңсе және тура­генттік бұрыштар қызмет етеді.

– Студенттер жатақханасын салу идея­сы Қазақстанға шетелдік студенттердің көптеп келе бастаған кезінде туындаған болатын. Алматыға үндістер, қытайлар, пәкістандықтар келе бастағанда, оларды орналастыратын орын болған жоқ. Уни­верситет жатақханаларында орын жетіс­пейтіні белгілі. Сол сәттен бастап біз жатақхана ашуды қолға алдық. Ол табысты нәтижесін берді. Қазіргі таңда бізде 450 студент тұрады, олардың жартысы шетелдіктер. Басым көпшілігі медицина университеті, ҚазҰУ, КазАТИСО, UІB студенттері. Ең қызығы, біз өз қызметімізді аса жарнамалаған жоқпыз. Бірінші күні 10 адам келіп тұрды, ал бір ай ішінде 150 адамды қоныстандырдық. Бұл орайда студенттердің біздің хостел туралы бір-біріне айтқандары көп көмек болды, – дейді Аян Көшербаев.

***

Біз айтып отырған «House of students» жатақханасы Алматы қаласының Алмалы ауданында орналасқан. Бір адамға тұру құны айына 20 мың теңге. Бұл ЖОО жатақханаларынан қымбаттау, бірақ пәтер жалдап тұрудың жанында арзан.

«Мен медициналық білімді Қазақстаннан алуды таңдадым. Себебі, мұнда оқу бағасы қолайлы. Мысалы, Үндістанда медицина оқуы жылына кем дегенде 45 мың доллар тұрады, ал мұнда мен тек 7 мың доллар төлеймін. Бұл жақта 6 жыл оқып, кейін еліме қызмет етуге кетемін. Бізде дәрігерлер бәрінен жоғары табыс та­батын қызметкерлер қатарында, олардың жалақысы қазақстандық өлшем бойынша 1 млн. теңгені құрайды. Біздің бөлмеде үш қыз тұрамыз, олардың барлығы Индиядан келген. Бізге мұнда тұру өте ыңғайлы, сондай-ақ, жатақханадағы мейрамханада үнді тағамдары да беріледі», – дейді Қашғардан келген 19 жасар Митхад Асофи.

Ал Асылбек Жанұзақов – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Физика-техникалық факультетінің 1-курс студенті, Тараздан кел­ген. Бос уақытында ол бейнеролик түсіріп, оларды өндейді, Инстаграмда студенттік өмір туралы бейнеблогын жүргізеді. Оның мұндай белсенділігін байқаған жатақхана иесі Асылбекке тегін тұруға мүмкіндік берген.

***

– Біз шығармашыл, белсенді жастарға қолдау көрсеткіміз келеді. Келесі оқу жылынан бастап студенттер үшін 100 тегін орын бөлуді жоспарлап отырмыз. Бұл мүмкіндік белсенді, көпбалалы отбасынан және тұрмысы төмен жанұядан шыққан жастарға бұйырмақ. Мысалы, егер олардың ата-анасының басында несие көп болса, студенттер шын мәнінде тұру ақысын төлеуге қиналса, біз әрқашан оларға жеңілдіктер беруге тырысамыз. Мен тек жақсы оқитындарды ғана емес, жалпы аламын, өзім де мектеп қабыр­ғасында аса жоғары оқитындардың қатарында болған жоқпын. Мен де студент болғанмын және бала кезімнен өз мемлекетіме қандай да бір пайда әкелуді  ойлап жүруші едім. Студенттердің жайлы жағдайда өмір сүргенің қалаймын. Себебі,  сапалы білім мен тың ойлар тұрмыстық жағдайың жақсы болғанда ғана туады. Жастар – біздің болашағымыз, – дейді Аян Көшербаев.

Жас кәсіпкердің мұндай жобалары алдағы уақытта Қазақ­стан­ның басқа аймақтарында да жүзеге асырылатын болады. Семейде 1200 орынды студенттік жатақхана жұмыс істейді, 800 орынды тағы бір жатақхана Астанада іске қосылады. Сонымен қатар, Алматыдағы жатақхана 2700 орынға дейін кеңейтіледі, қазіргі таңда қосымша құрылыс жұмыстары жүріп жатқан көрінеді.

***

Иә, студенттік жатақханаларды қаржыландыру мүмкіндіктері туралы білген Аян Көшербаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасына қатысуға шешім қабылдап отыр. Мемлекеттік тапсырысқа сәйкес, ҚР Білім және ғылым министрлігі тұрғын­дар­ды жатақханамен қамтамасыз етеді және жыл сайын әр төсек-орын үшін 122 айлық есептік көрсеткіш төленеді, оның ішінде ғимаратты қайта жаңғыртуға 47 айлық есептік көрсеткіш төленетін болады. Төлем кезеңі 8 жылды құрайды. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін 152 млрд. теңге бөлінді. Бағдарламаға қатысуға өтінімдерді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қабылдайды.

«Бұл жоба біраз шығын әкелетін болса да, мен оған қатысатын боламын. Өйткені, менің жобаларым өте көп, ал бұл – әлеуметтік жоба. Өзім жақында ғана жоғары оқу орнын бітірдім, сондықтан да студенттердің жағдайын жақсы түсінемін. Осы орайда мен үшін жүрегімдегі патриотизм бас пайдамнан әлдеқайда маңызды, – деп ағынан жарылған Аянға сәттіліктер тілейміз.

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылдың 5 наурызында Елбасы    Н.Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында студент- жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту бойынша міндеттер қойған болатын. МЖС бағдарламасы асында  2022 жылға дейін студенттік жатақханаларға 75 мың жаңа орын енгізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда жатақханаларға 91 000 қазақстандық студент мұқтаж, оның 30 000-ы Алматыда тұрады.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *