Алматылықтардың көлік кептелісінен құтылуына аз қалды

Есте болса, соңғы 20 жылда Алматы қаласында жалпы сомасы 167 млрд. теңгені құрайтын 30 жолайрық салынған екен. Өйткені, соңғы жылдары Алматы қаласында көлік инфрақұрылымын дамыту арқылы тұрғындарға жайлы жағдай жасау жөніндегі жұмыстар жүріп жатыр. 

Бүгінгі таңда шаһарда қала тұрғындарының көлік кептелісінде көп тұрмай, діттеген жеріне тез жету мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесі қиылысында орналасатын жолайрықтағы құрылыс жұмыстары аяқталғанда, Сейфуллин даңғылының көлік өткізу қабілеті 10 пайызға, Жансүгіров көшесінің мүмкіндігі орта есеппен 15 пайызға дейін артады деп күтіліп отыр.

Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Сағындық Телібаев: «Қазір солтүстік бағытқа біз тек осы Сейфуллин даңғылы арқылы ғана қатынаймыз. Басқа жол жоқ. Көліктердің барлығы осы қиылысқа дейін кедергісіз келеді де, тап осы жерге келгенде бағдаршамда кептелісте тұрып қалады. Сондықтан бұл жолайрықты аяқтасақ,  солтүстік аудандар мен орталықтың екінші тынысы ашылады», — деп атап айтады.

Жалпы, соңғы кезде Алматыда 167 млрд. теңгені құрайтын 30 жол­айрық салынғаны белгілі. Қазіргі таңда бұл жұмыстар одан әрі жалғасып, бүгінде 4 жолайрық пен 2 көшені созу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, биылғы жылы 179 жасанды құрылымның 138-іне және 2000 жылға дейін салынған 77 көпірге сараптама жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде 2017-2018 жылдары апаттық деп танылған 7 көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Одан басқа, ағымдағы жылы Алматы қаласындағы жолайрық қабырғаларындағы керамикалық тақтайшаларды қарапайым сылаққа ауыстыру жұмыстары да жүргізілетін болады.

 

Биыл елдегі 700-дей қызмет онлайн-касса жүйесіне көшеді

Негізгі берешегін төлеген 28 112 адамның 1 млрд. 800 млн.-ға жуық өсімпұлы кешірілетін болды.

Соңғы кездері елдегі үш ірі қаланың мейрамханалары ұзақ уақыт бойы көрсеткен қызметі үшін түбіртек бермей келген болатын. Бүгінде олардың мем­лекетке әкелген шығыны есептеліп жатыр. Бұл ретте ҚР Қаржы министрлігі Мемле­кеттік кірістер комитетінің жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Отардың айтуы бойынша, «Биыл елімізде 633 қызмет үш кезеңде онлайн бақылау касса машиналарын қолдануға көшеді. Өйткені, салық заңнамасына сәйкес әр тұтынушыға бақылау касса түбіртегі берілу керек екен. Осы орайда үстіміздегі жылы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы мейрамханалардың қалай жұмыс істеп жатқанын тексергенде, олардағы 6 мейрам­хананың бақылау касса аппараттарының айына бір рет қана қолданатынын білдік. Ал олардан басқа 35 мейрамхана бақылау касса машинасын күніне бар-ақ рет қолданатын болып шықты. Негізі, заң бойынша таңнан кешке дейін онда келген тұтынушының барлы­ғына да бірдей түбіртектер берілуі тиіс екен. Өйткені, тұтынушылар әр затты алған сайын бақылау кассасының чегі беріліп отыруы тиіс. Ал оларды орындамаған тұлғаларға арнайы шара қолданылуы қажет.

Қазір тиісті нақтылау жұмыс­тары жүр­гізіліп жатыр. Соған сәйкес, барлық аза­маттың қанша үй алса да құқы бар. Ал оны жалға беретін болса, ол азамат міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі немесе  жылына бір рет есеп беріп тұруы керек көрінеді. Шыны керек, бүгінде пәтер­ле­рін жалға берушілер саны жылдан-жылға артып келеді екен. Мысалы, өткен жыл­мен салыстырғанда, үстіміздегі жылы 7 мың­нан астам кәсіпкер тіркелсе керек.

Сонымен қатар, биыл енгізілген салық­тық рақымшылықтың мақсаты – жеке кәсіп иелері негізгі берешегін төлеген жағ­дайда, өсімпұлын кешіру. 2015 жы­лы өт­кен рақымшылыққа іліккендердің 67 пайы­зы қазіргі таңда қарызсыз жұмыс істеп жатыр екен. Атап айтқанда, биылғы жылы рақым­шылық бойынша жеңілдікке іліккен 90 мыңға жуық тұлғаның 38 мыңы берешектерін төлеп үлгеріпті. Ал бұл сома шамамен 8 миллиард теңгені құрайды екен. Оның ішінде, негізгі берешегін төлеген 28112 адамның 1 млрд. 800 млн.-ға жуық өсімпұл ақысы кешірімге жатқы­зылған.

 

6 айда 10 мыңдай қаңғыбас ит пен 100-ден аса мысық ауланды

Енді Алматы тұрғындары қала көшелерінен қаңғыбас иттер көрсе болды, дереу «109» жедел желісіне хабарласа алады. Ол бойынша өтініштер бірден қабылданып, шұғыл көмектер көрсетілетін болыпты.

Қаладағы ветеринарлық қыз­мет биылғы жарты жылда шаһар­дан 10 мыңға жуық қаңғыбас ит пен 100-ден астам көше кезген мысықтардың ауланғанын айта­ды. Бұл ретте қалада иттерді ау­лау жұмыстары адамгершілік жолмен жүргізілді дейді маман­дар. Осы орайда жануарларды жарақаттап алмас үшін арнайы торлар мен гельді ілмектер қолданылса керек.

Бұған байланысты қалалық вете­ринар­лық қызметтің қараусыз жануарларды аулау бөлімінің басшысы Әйгерім Жақсылық: «Дегенмен, біз бұрынғы колл-орталық нөмірін әлі өшірген жоқпыз. Сондықтан да өтініштер қазір екі жақтан да қабылданып отыр. Бұл халықтың шатасып қалмауы мақсатында жасалды. Ал «109» желісі бойынша түскен арыз-шағымдар нақты екі категория бойынша сараланды. Әрі оларды мекемедегі барлық қажетті желіге енгіздік. Сондай-ақ, қаңғыбас ит-мысықтан келетін қауіп категориясының ішінде қауып алу немесе тырнап алу секілді тармақтары бар. Мақсатымыз – жұртқа жедел көмектесу», – дегенді айтады.

 

Әзірлеген – Қ.АЙМАХАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *