АЛМАТЫЛЫҚТАРДЫ ҚАНДАЙ ҚЫС КҮТІП ТҰР?

Қазір «Қара жел» және «Үлкен қазан» амалдары қатар жүріп жатыр. Осы айдың 20-сынан «Бұғының мойын жуары» басталады

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

Күні кеше Алматыға қар жауды. Қардың көп бөлігі таулы аймақтарға түсті. Егер 14 қазан күні жауған қар мен Алатаудың басы мен бөктеріне жауған қырқүйек айындағы қарды есепке алмасақ, бұл оңтүстік астанаға жауған екінші қар.

Қазақы пайымның айтуы бойынша, қазір «Қара жел» және «Үлкен қазан» амалдары қабат жүруде. Солардың әсерінен жаңбыр мен қар қосарлана жауып, ауа-райы салқындап тұр. «Қара жел» енді қарқын алады. Өйткені, алда «Бұғының мойын жуары» келе жатыр. Қазан айының 20–25 аралығында өтеді. Осы мезгілде бұғының түгі түсіп, мой­ны жуандап семіреді, адамның көзін тартады. Олар мойнын қалың әрі қатты қарға ысқылайды.

Қазекең  бұғының үйірге түсуіне ерекше көңіл бөлген. Соған қарап ауа- райына болжам жасаған: «егер бұғылар үйірге ерте түссе, қыс аяғы созыл­май­ды, үйірге кеш түссе қыс аяғы созыла­ды» деп пайымдаған.

Биылғы жылы қазақстандықтарды қандай қыс күтіп тұрғанын «Қазгид­ромет» орталығының басшысы Марина Шмидт айтып берді (Sputnіk Қазақ­стан).

Маманның айтуынша, ауа-райы жауын-шашынды, қатты жел соғып, түнде және күндіз тұман түсіп, көк­тай­ғақ болады деп күтілуде. Сонымен қатар, қараша айында аязды және жылы күндер алма-кезек ауысып оты­ра­ды деп болжам жасалған.

«Қарашаның бірінші, екінші және үшінші онкүндіктерінің ортасында аяз кәдімгідей сезіледі. Республиканың солтүстігінде ауа температурасы түнде 10…20 градусқа дейін, күндіз 5…10 градусқа дейін төмендейді. Оңтүстікте түнде 5…10 градусқа, күндіз 0…5 гра­дус­қа дейін түседі», – деп мәлімдеді Шмидт.

Бүгін жаңа айдың 8-і, григорианша 18-і, қазақша  5-і. Апта айдың басы мен ортасына дөп келіп тұр. Ауа-райы құбылмалы болады деген сөз бұл. Алда ақырап, қауыс, боқырау амал­дары бар. Бәрі де суық шақыратын амал. Демек, қазақы пайымның  жора­малы мен «Қазгидромет» орталығының болжамы сәйкес келіп тұрғандай…

бабалар айтады

Күзде:

*Жаз бен күз найзағайлы болса, қыс жайлы болады.

*Тышқан биікке шығып шықыл­даса, ұзамай қар жауады.

*Торғайлар ұясына мамық таси бастаса, күн кенеттен қатты суытады.

*Қыс қатты болатын болса, тиін ұясын төмен жерге, жылы болса, жоғарыға жасайды.

*Аққу солтүстіктен оңтүстікке қарай кеш қайтса, күз әрі ұзақ, әрі жайлы болмақ.

*Ит балағынан түлесе ойдың қысы болады, жонынан түлесе таудың қысы болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *