АЛМАТЫЛЫҚТАР СҰЛТАН ЖИЕНБАЕВТЫ АҚТЫҚ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ

Абай атындағы опера және балет театрында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Марқұммен қоштасуға қоғам қайраткерлері, туыстары мен жақындары және достары келді.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Мем­лекет басшысының жеделхатын оқып берді және алматылықтардың атынан көңіл айтты.

«Сұлтан Сүлейменұлы майданда ерлікпен шайқасып, елге оралған соң түрлі жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, білікті басшы және іскер ұйымдастырушы ретінде республикамыздың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Ұзақ жылдар бойы Сауда министрі және Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып, өзі басшылық жасаған сала­лардың заман талабына сай дамуына көп еңбек сіңірді.

Ол құрметті демалысқа шыққаннан кейін де қоғам өмірінен қол үзбей, тәуел­сіз елімізде халқымыздың ынты­мағы мен береке-бірлігінің нығая түсуіне әрдайым атсалысты.

Елі мен халқын сүйген абзал жанның әрі абыз ақсақалдың есімі мен еңбегін қазақстандықтар ұмытпайды деп ойлаймын», – делінген жеделхатта.

Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР еңбегі сіңірген экономисі Сәбит Жаданов өзінің сөзінде бұл қазаның  Қазақстанның барлық халық үшін орны толмас қайғы екенін атап өтті.

– Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиен­баев 98 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Біз – оның әріптестері мен достары ауыр қазаға қайғыра отырып, көңіл айтамыз. Ол Нұрсұлтан Назар­баев­тың сенімді серіктесі болды. Жиен­баев туралы әңгіме қозғалғанда өмірдің қиын кезеңдері – индустриализацияны, коллективтендіруді, аштықты, Ұлы Отан соғысын бастан өткерген, халық шаруашылығын қалпына келтірген аға ұрпақтың өшпес ерлігін еске аламыз. Олар қажымады, қиындыққа қасқая қарап, жеңіске жетті, біз сол үшін аға ұрпаққа рахмет айтып, басымызды иеміз. Осыдан 100 жыл бұрын Қазақстан қандай еді. Шеге, шаруаға қажетті тауарлар, керосин сырттан әкелінетін. Ал бүгінгі Қазақстан индустриалды, аграрлы ел ғана емес, әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына ұмтылуда. БҰҰ-ның мүшесі, ел болашағы орасан зор – деп атап өтті С.Жаданов.

Сұлтан Жиенбаевтың ұлы Рустам отбасы атынан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен  алғыс білдірді.

– Әкеміз туралы жазылған жылы сөздерге шексіз ризамыз. Нұрсұлтан Назарбаевқа айтарымыз тек қана алғыс. Олар жақын дос әрі серіктес болды. ҚР Президентінің жеделхатындағы жүрек­жарды сөздер әкемнің сіңірген еңбегіне берілген жоғары баға болып табылады. Сөзімді осыдан үш ай бұрын дүниеден өткен анамның «Сенің өмірде болғаның үшін рахмет» деген сөздерімен аяқтағым келеді, – деді ол.

Сұлтан Жиенбаев  1921 жылдың 22 шілдесінде Алматы қаласында туылған. 1953-1954 жылдар аралығында ҚазССР Сауда министрлігінің басқарма басшы­сы, ал 1954–1959 аралығында Алматы қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, 1962–1970 жылдары ҚазССР Сауда министрі қызметтерін атқарған. 1970–1984 жылдар аралы­ғында Жиенбаев Министрлер Кеңесінің орынбасары болды.

Қазақстан халқының бірлігін, қоғамдық және этникааралық келісімін нығайтуға қосқан ауқымды қоғамдық қызметі үшін оған Қазақстан Республи­касы Тұңғыш  Президенті – Елбасының Бейбітшілік және прогресс сыйлығы берілді. Мемлекет және қоғам қайрат­кері «Кеңсай» зиратына жерленді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *