АЛМАТЫЛЫҚТАР ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІККЕ КӨП КӨҢІЛ БӨЛДІ

20Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қала тұрғындарымен интернет-конференция өткізді

Бұрнағы күні таңертеңгі 9-дан бас­талған шаһар басшысы мен қала тұр­ғындары арасындағы тікелей байланыс жұмыс күні аяқталғанша жалғасты. Қала әкімі Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауына тоқталып, оны жүзеге асыру барысын түсіндіріп өтті.

Алматылықтар интернет-конферен­цияның мүмкіндігін қалт жібермеуге тырысқаны байқалады. Шаһар басшысына қойылған сауалдар мен көтерілген мәселелердің көбі қаладағы қоғамдық көлік мәселесіне қатысты болды. Сондай-ақ, қала тұрғындары ескі үйлерді сүру, аула­ларды көріктендіру және қоғамдық орын­дарда пандустарды көбейту мәселелеріне қатысты сауалдарын да аз жолдаған жоқ. Электрондық үкімет порталына барлығы 119 сауал қойылды. Ерекше атап өтетін жәйт, үкімет порталында жүргізілген интернет-конференция бойынша Алматы жолданған сұрақтар мен жауаптар саны жағынан өзге өңірлер арасында көш бастады.

Ғаламтор-конференциясында елді елең еткізген дүниенің бірі Алматыдағы ескі үйлерді сүру жұмыстары болды. Қала әкімі алдағы жылы мұндай жұмыстар бес ауданда жүргізілетінін айтты. Сонау 30-60 жылдары салынған ескі үйлерді сүру: Бостандық ауданында – Розыбақиев-Сәтбаев-Жандосов-Радостовец көшелері және Әуезов-Бұхар жырау-Манас-Ғабдуллин көшелерінің шаршыларында; Алмалы ауданында – Қазыбек би-Шагабутдинов көшелерінің аумағында; Медеу ауданында Бөгенбай батыр көшесінің бойында; Әуезов ауданында – Жандосов-Сүлейменов көшелерінің аумағында; Түрксіб ауданы бойынша «Алтай-2» ықшамауданында жүргізілетін болады.

 

ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫН МАЗАЛАҒАН НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР

Кеш қарайғанда қоғамдық көлік жүре ме?

 

Сұрақ: Автобустардың жүру уақытын ұзартуға болмас па екен? Мысалы, регламент бойынша №25 троллейбус таңғы 6-дан 23.00-ге дейін жүруі тиіс. Ал, шындығында, 21.00-ден кейін бұл троллейбусты көру – сирек кездесетін жағдай. Егер жүргізуші күндік нормасын орындап қойған болса, ары қарай жұмыс істеймей-ақ қоюына болады дегенді бір жерден оқығаным бар еді. Сонда біз не істеуіміз керек?».

Жауап: Шын мәнісінде қанша жолаушының жүріп-тұратынын анықтау үшін 2016 жылдың 11 қаңтарынан бастап электрлі билеттендіру жүйесін толық енгізу жоспарланып отыр. Алматы қаласындағы жолаушылар тасымалы мекемелерінің басшылары жүргізушілерге фиксациялық еңбекақы төлейтін болып шешім қабылдады. Осылай еңбекақы төлеу жүйесі қызмет көрсету деңгейін арттырып, жүргізуші болуға үміткерлерге қойылатын талапты күшейтеді деп болжанып отыр. 20.00-ден кейін әр бағыт бойынша кезекші автобустар жүретін болады.

 

Трамвай жүретін болды ма?

 

Сұрақ:  Алматыда трамвай қатынасын қайта енгізу қай кезге жоспарланып отыр, жалпы, жоспарда бар нәрсе ме? Менің білуімше, алғашқыда жолдарды жөндеуге байланысты әңгіме айтылған еді, бірақ, әліге дейін ешқандай қимыл жоқ. Яғни, қала өзінің қонақжайлылығының бір көрінісінен айрылады деген сөз бе бұл?

Жауап: Жолдардың жағдайын ескере отырып, жол қозғалысы оқиғаларын болдырмау, жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында трамвай депосының жұмысы уақытша тоқтатылған болатын. Қазіргі таңда трамвай жолдарына күрделі жөндеу жүргізудің есеп-қисаптары шығарылып жатыр. Трамвай қатынасын одан әрі пайдалану мәселесі соның нәтижесіне байланысты қаралатын болады.

 

Шағын дүкендер шуды көбейте бере ме?

 

Сұрақ: Тұрғын үйлердің аулаларындағы азық-түлік дүкендерінің мәселесі шешім таба ма? Фискальды шек бермейтіні өз алдына, олар тәулік бойы алкогольді ішімдіктер сатады. Солардың кесірінен, балалар алаңы мен демалыс алаңқайлары әр түн сайын барлар мен мейрамханаларға айналып кетеді.

Жауап: Бұл мәселе бақылауға алынатын болады. Қазақстан Республикасы заңнамаларының нормалары мен ережелерін сақтау мен алкоголь өнімдерін сатуға байланысты Ішкі істер департаменті және Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі департаментпен бірлесіп, тәртіп бұзудың алдын алу мақсатында рейдтік шаралар ұйымдастырылады.

 

«Оңай» студенттерге қиын болып тұр

 

Сұрақ: Сауалым «Оңай» карточкасына байланысты. Бұл сту­денттерге тиімді емес. Себебі, 2-3 ауысыммен жүреміз. Тіпті, алыс ауылдардан қатынап оқитындар бар. 40 теңгенің өзінде 500 теңгедей кетеді күніне. Студенттер үшін бұрынғы бірайлық жол жүру билеті орнында қалсыншы?

Жауап: Қазіргі уақытта Жолаушылар көлігі басқармасы, «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС және қалалық тасы­малдаушылар қауымдастығы бірлесе отырып, ұзақ қолданыстағы электрондық билеттердің әртүрлі нұсқаларын ендіру мәселесін қарастыруда. Аталған билеттерді енгізу жолаушылардың саны мен транзакциялар есебін талдай отырып, тиісті есептеулер арқылы шығарылатын болады.

«Ақшам-ақпарат».  

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *