Алматылықтар марапатқа ие болды

Әсел ДАҒЖАН

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Тәуелсіздік күні қарсаңында Президент Жарлығымен марапатталған, шаһардың дамуына үлес қосқан бірқатар алматылыққа мемлекеттік наградалар табыстады.  

— Мемлекет және қоғам қайраткерлерін, білім беру, денсаулық сақтау, энергетика, қаржы, туризм, бизнес саласының білікті мамандарын, мемлекеттік қызметкерлерді, азаматтық қоғам өкілдерін марапаттау –мен үшін үлкен мәртебе. Бұл азаматтардың барлығы қаламыздың өркендеуіне жан-жақты үлес қосып келеді, – деген шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев барлық награданы өз қолымен табыс етті.

Ең алғашқы болып табыс етілген орденнің бірі – «Парасат» ордені. Оған еңбек ардагері, «Ғылым ордасы» мемлекеттік мекемесінің ғылыми қызметкері Ғайникен Бибатырова, еңбек ардагері, Қазақ КСР халық әртісі Лаки Кесоглу, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, еңбек ардагері, ҚР Тұңғыш Президенті жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Клара Хафизова ие болды.

«Құрмет» орденімен «Сентрас Капитал» холдинг компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ельдар Абдразаков, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу институтының профессоры Зинеш Әбішева, «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры, Қазақстандағы балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин, режиссер Ақан Сатаев, Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай марапатталды.

ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені «Алматинский завод мостовых конструкций» №3 цехының арматурщигі Василий Горбунға, «Алматыэлектротранс» ЖШС троллейбус жүргізушісі Алғашбай Жармедетовке, «Алматыметроқұрылыс» АҚ тау департаментінің қызметкері Ережеп Жаукеновке, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ тарату желілері басқармасының бас шебері Алмас Омаровқа, «Метрополитен» КМК электрпойызының машинисі Андрей Секиркинге, «Алматыэлектротранс» ЖШС троллейбус жүргізушісі, еңбек ардагері Анатолий Череневке берілді. Бұдан бөлек, бірқатар алматылық «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағымен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. Қала әкімі бекіткен «Еңбегі үшін» төсбелгісі Қазақстан мүгедектер одағының төрағасы Әли Аманбаевқа, №2 қалалық перзентхананың босану бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Күреноваға, Жетісу ауданы ардагерлер кеңесінің төрайымы Тамара Шәкімоваға тағылды.

Тәуелсіздік күні қарсаңында құшақтары гүлге толып, кеуделері медальмен жарқыраған көп адам бұл қуаныштарын сол сәтте әлеуметтік желіде бөлісіп жатты. Ал біз «Шапағат» медаліне ие болған «Көмектес» қоғамдық қорының төраға орынбасары Сара Абибуллаевамен бірауыз тілдескенбіз.

— Қорымыздың құрылғанына келесі жылы 25 жыл болады. Осы уақыттан бері зағип жандарға көмектесіп келеміз. Бүгін «Шапағат» медалін алып, біз үшін күтпеген сый болды. Қазақ тілін, қазақ әндерін насихаттау мақсатымен әр түрлі ұлттың зағип жандарының арасында қазақша әндердің байқауын өткізіп тұрамыз. Биыл жетінші рет өткіздік. Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» деген кітабын дыбыстап жатырмыз. Яғни аудиокітап дайындаудамыз. Оның алдында Елбасының «Еуразия жүрегінде» кітабын дыбыстағанбыз. Ол кітаптың бәрі еліміздегі кітапханаларға, зағип балалар оқитын мектептерге тегін таратылады. Азық-түлік таратып, зағип жандардың арасында спорттық шаралар да өткізіп тұрамыз, – деді Сара Абибуллаева.

Бұл күні наградаға ие болған алматылықтардың арасында өнер иелерінен халықтың ерке қызы Мақпал Жүнісова да болды. Оған қала әкімі «Алматы қаласына сіңірген еңбегі үшін» медалін табыс етті.

Света Ағабекқызы Ахметова, Наурызбай ауданының №157 мектеп директоры:

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елімізде қаншама жұмыс жанданып жатыр. Білім саласына жасалып жатқан қамқорлықтардың арқасында бәсекеге қабілетті ұрпақтар өсіп, еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет етуде. Осынау 28 жыл ішінде толассыз табысты белестерге куә болдық. Алдымызда үлкен жұмыстар, жаңа міндеттер мен мақсаттар күтіп тұр.

– «Еліміздің болашағы – жас ұрпақтың қолында. Ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында», – деген Тұңғыш Президент Н.Назарбаев әркез ұстаздар қауымына зор сенім білдірсе, Тәуелсіздік мерекесіне орай Президент Қ.Тоқаев 2019 жылдың 29 қарашасындағы Жарлығымен мені «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Бұл марапат барлық білім саласы қызметкерлеріне көрсетіліп отырған құрмет.

 

Рахымжан ОРЫМБАЕВ, Техника ғылымының докторы, Қазақстанның құрметті энергетигі:

 

Алматының дамуына үлес қоса береміз

–Тәуелсіздік күні – халқымыздың мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік ел болуға бетбұрыс жасаған ұлы мереке. Міне, биыл ата-баба аңсаған асқақ арманның орындалғанына 28 жылуақыт болыпты. Егемендігіміздің ширек ғасыры тарих қойнауына кетсе де, ел болып бағындырған белесіміз көп, әлі де шығар шыңымыз биік. Келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын. Осындай маңызы бар тарихи күнде еліміздің туы асқақтап, келешегі көркейе берсін. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, сәтті күндер, зор жетістіктер тілеймін.

Елдің ең ұлық һәм басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында қаламыздың дамуына қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар ел азаматтары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сол тізімнің қатарында мен де болдым. Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қолынан «Алматы қаласына сіңірген еңбегі үшін» медалін алдым.Мереке қарсаңында еңбегімізді елеп, ескерген ел басшыларына алғыс айтамын.

Бүгінде қала әкімінің «Алматы – 2050» даму стратегиясы жобасының көпшілік талқысынан өтіп, сол жоба аясында жұмыстар жүріп жатыр. Бұл расымен де қаламыздың дамуына тың серпін беретін маңызды құжат. Әсіресе, қаламыздың шеткі бөліктерінде тұратын халықтың тұрмыс-тіршілігін түзеп, дамытуды көздеп отырғаны көптің көңілін сергітті, үмітін үкіледі. Сондықтан біз шаһардың гүлденуі мен көркеюінеәлі де болса қызмет етуге дайынбыз. Алматының дамуына үлес қоса береміз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *