Алматылықтар электроавтобуспен жүретін болды

Әсел ДАҒЖАН
Экологиялық қоғамдық көліктің алғашқы он бірлігі жақын күндері Алматы көшелеріне шығады. Ол туралы шаһар басшысы Бауыржан Байбек өзінің Twitter парақшасында хабарлады.
– Қала экологиясын жақсарту мақсатында экологиялық қоғамдық көлікті қолданысқа енгіземіз. Электроавтобус құрастыратын III буындағы Қазақстан-неміс-гонконг зауыты ашылды. Made in Almaty үлгісіндегі алғашқы 10 автобус жақында қолданысқа шығады, – деп жазды қала әкімі Twitter-дегі парақшасында.
Оның айтуы бойынша екі жыл ішінде Алматы автобус паркі 80 пайызға жаңартылды. Аталған ТОО Falcon Eurobus жобасын жүзеге асыру үшін 15 млрд. теңге көлеміндегі жеке инвестиция тартылған. Мемлекеттің қолдауының арқасында қала әкімшілігі арнайы жер бөліп, 2 млрд. теңге болатын сомаға су құбыры мен электрожелісі жүргізілген.
Өндірістік қуаты жылына 100 автобус шығаратын зауыт мыңнан аса адамды жұмыспен қамтымақ.
Сонымен қатар, шаһар басшысы мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізіндегі жеңіл рельсті трамвай жобасы бойынша байқаудың бірінші этабы аяқталып жатқанын хабарлаған. Оған жапон, түрік, француз, испан және қытайлық консорциум қатысуда. Олардың ішіндегі баға мен сапа бойынша ең үздігі 20 жылғы эксплуатация уақытымен қаламен ұзақ мерзімге әріптес болмақшы.
Айта кетейік, тестілік режимдегі алғашқы электроавтобустар қала көшелеріне екі жыл бұрын шығарылған болатын. Ол туристерді қаланың ең көрікті жерлеріне Медеу – «Достық плаза» – Орталық стадион – Әуезов театры – Цирк – Республика сарайы – 28 гвардиялық-пафиловшылар саябағы маршруты бойынша таситын. Ал үшінші буындағы жаңа автобустар Германиядан әкелінген. Электроавтобустың ұзындығы 18 метр болғандықтан, ол тек үлкен даңғылдардың бойымен жүргізілген еді. Алғашында Mercedes маркалы автобустарды қала көшелерінде қызмет етуге жеткізу жобаланған болатын. Бірақ аталған жоба құлашын жайып, бастамашылар автобус құрастыру ісін өзімізде жүргізуді қолға алып, зауыт ашты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *