Алматылықтар бизнес негіздерін тегін оқып жатыр

Биыл Алматы қаласында 9050 адамды оқыту жоспарланып отыр. Осы орайда, бүгінде қалалық Кәсіпкерлер палатасы «Бастау» және «Жас кәсіпкер» жобалары аясында бизнес негіздерін тегін оқытуға кірісті. Бұл «Жас кәсіпкер» деп аталатын жобаға 18 бен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады деп күтілуде.

Атап өтетіні, бұл жобаға қатысушылардың 6 пайызы жеңілдікпен несие алуларына немесе өз бизнесін ашу үшін 500 мың теңге көлемінде тегін грант ұтуға мүмкіндіктері бар көрінеді. Бұл ретте оның алғашқы легіне 822 адам қатысып жатса, екінші кезең жуық ара­да басталады дейді. Осы ретте Алматы қаласы бойынша «Бастау» және «Жас кәсіпкер» жобаларының жетекшісі Қуанышбек Ерниязов: «Алдымен биылғы 15 қыр­күйектен бастап «Бастау» бизнес жобасы іске аса бастайды. Бұл тұрғыда жалпы бағдарлама бойынша Алматы қаласы бойынша 9050 адамды оқыту жоспарланған. Соның ішінде 2650 жас қатысушылар барлығы 21 күн ішінде 10 модуль бойынша сабақ оқитын болады. Бұл үшін қазіргі кезде шаһарда 32 сы­нып қарастырылып отыр. Сонымен қатар, олармен бірге бизнес тренерлер мен психологтар жұмыс істейді деп күтілуде», – деп өз ойын алға тарта сөйледі.

Одан бөлек, жоба шеңберінде жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту да қолға алынып отыр. Ол үшін арнайы мобильді жұмыспен қамту орталықтары ашылған. Олар қаланың адамдар көп шоғырланған 8 жерінде қызмет көрсететін болады. Бұл мәселеге байланысты Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов: «Қазір қаланың базар, нарық бөлімдері мен вокзал секілді мобильдік еңбек орталықтарында кәсіпкерлерді қолдау орталықтарын ашып жатырмыз. Мұндағы мақсат – еңбекақысы төмен, аз қамтылған азаматтарды жұмысқа тарту болмақ. Бұған дейін қаладағы «Байсат», «Барлық» базарларында осындай орталықтар ашқан едік. Қазір бұл қызметке сұраныстар өте жоғары болып тұр деп айтуға болады», – деді жағдайды жан-жақты ашып көрсетіп.

 

Жасыл қалада жасыл желекті көбейту керек!..

Қазір Алматы қаласында 50 мыңнан астам ағаш апатты жағдайда тұр екен. Сондай-ақ, жарты миллионға жуық тал-ағаш та ауру деп танылып отыр. Осы орайда, емдеуді қажет ететін бұл ағаштардың дені Түрксіб пен Наурызбай аудандарында өсіп тұрған көрінеді. Сондықтан да ендігі жерде қала билігі оларды алдымен жеке-жеке тексеріп барып, содан кейін олардың көпшілігін минералдық тыңайтқыштармен емдеуді және сауықтыруды қолға алмақ болып отыр екен.

 Сондай-ақ, «Жасыл желекті қа­ла» атанған Алматы шаһарында ағаштар са­нын одан әрі көбейту көз­деліп отыр. Осыған орай, биылғы күзде «Jasyl Almaty» үш жылдық жобасы басталмақ. Оның аясында қала бойынша кем дегенде миллион түптен аса ағаш отырғызылатын болады. Бұл ретте ең алдымен Алатау, Наурызбай, Жетісу, Алмалы аудандарындағы тал-дарақтарды көбейту жоспарланып жатыр. Жасыл экономика басқармасының мамандары ағаштар негізінен индустриялық аймақ маңына көп отырғызылатынын жеткізді. Бірақ қала әкімі Бақытжан Сағынтаев алдымен халық көп шоғырланған жерлердегі жасыл желектің санын көбейтуді тапсыра келе: «Ең алдымен ағаштарды адамдар көп тұратын жерге отырғызу керек. Мысалы, бұған байланысты Алатау ауданының халқы не деп жатыр? Олар «далаға шыққанда көлеңке жоқ. Өйткені, көлеңке түсіретін тал жоқ, саябақ жоқ» дейді. Сол себепті, олар күннің аптап ыстығында отыруға мәжбүр. Тіпті, ауданда орындықтар, балалармен қыдыратын жер атымен жоқ дейді. Ал шын мәнінде тал егем дегендер болса, бос жер толып жатыр. Сондықтан мамандармен ақылдаса отырып, қаланың көркін келтіретін, әрі жасыл желекті сая болатындай жерге егу керек», – деді.

Бұдан бөлек, мамандар Алматының экологиялық ахуалын жақсарту бағытындағы жұмыстарды әрмен қарай да жалғастыра бермек. Сондай-ақ, автобустарды 100 пайызға жаңарту мен троллейбус паркін реттеу, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды жылына 630 тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді екен. Сонымен қатар, қалааралық қоғамдық көліктерді жаңарту мен жекеменшік секторды толыққанды газға қосу мәселесі де пысықталу үстінде. Одан қалды, қала көркін бұзатын сұрықсыз қоқыс контейнерлерін бір үлгіде етіп жаңартып, жеке тұрғын үйлердің қасына орнату да қарастырылу үстінде.

Әзірлеген – Қ.АЙМАХАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *