Алматылықтар қажеттiлiгiн қанағаттандыру үшiн күнiне 60-70 тонна алма керек

Өтеш ӨТЕУЛIҰЛЫ 

Статистика агенттiгiнiң мәлiметi бойынша қаланың әрбiр тұрғыны жылына 81 келi жемiс-жидек пен 103 келi көкөнiс жейдi екен.

Тұрғындарының тәбетi ашылған

Алматылықтардың көкнiс пен жемiс-жидекке деген тәбетi жаз бен күз айларында арта түседi. Табиғаттың қолайлы кезеңiн тиiмдi пайдаланған қала тұрғындары жерден өнетiн табиғи өнiмдi молынан пайдаланып, ағзаны қажеттi қоректермен қамтып қалуға тырысады. Қант, шырын, бал, шоколад пен кондитер өнiмдерi сияқты тәттi тағамдармен қатар ет пен сүт, жұмыртқа тұтынудан да алматылықтар алда келедi. Әр өңiрдiң жер жағдайына қарай тұтынатын азық түрлерi де әр алуан болып келедi. Каспий төңiрегiнiң халқы көкнiстен көрi балық өнiмдерiн көбiрек тұтынуға бейiм.

Қыс мезгiлiнде қалалықтардың көкнiс пен жемiс-жидекке деген ынтасы төмендейдi. Оның басты себебiнiң бiрi — күн суытқанда өзiмiзде сiрiлетiн көкнiс пен жемiс-жидек түрлерi сиреп кетедi. Күз айында ерте бастан көкнiс және жемiс-жидек сақтайтын үлкен қоймалардың тапшылығынан бiздiң фермерлер жиған өнiмiн көтерме саудамен көршi елдерге сатып жiберуге мәжбүр болады. Алматы облысындағы бақшалық жерлердiң көлемi 16 мың гектарды құрайды. Облыста 747 ауыл шаруашылығы кәсiпорны мен 52 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Облыста биылғы жылы әртүрлi ауылшаруашылық дақылдары егiлгенмен, ол бақшалық жерлер көкнiс өнiмдерiн сақтайтын қоймалардың төңiрегiне орналасқан. Алматы облысындағы бақшалық аймақтарға жаңадан жемiс ағаштарының жаңа көшеттерi отырғызылғанымен бұрынғыларының көпшiлiгi тозуға айналған. Фермерлердiң жемiс ағаштарын күтiп-баптаудан тәжiрибесi аз, уақтылы дәрiлеп тұрмайды. Жемiс ағаштарына ғылыми көзқарас та төмен. Көкнiс пен жемiс-жидек сақтайтын қоймалардың төңiрегiнде бос жерлер жоқ, олардың көпшiлiгi жекеменшiк иелерiнiң қолына өтiп кеткен. Соңғы жылдар көлемiнде кәсiпкерлер тарапынан бақша өнiмдерiн өсiрiп, оны сақтайтын қоймалар салуға деген қызығушылық артып келедi. Биылғы жылы халықты көкнiспен, жемiс-жидекпен қамтамасыз етiп тұруда әлемдiк озық технологиямен жабдықталған Алматы төңiрегiндегi «Kazak Cool» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң жұмысын бастауы бұл бағыттағы iске үлкен серпiн бердi. Бақша өнiмдерiн халықаралық талаптарға сай ұзақ уақытқа әрi сапалы сақтай алатын озық үлгiдегi қойма алдағы қыста алматылықтарды қолжетiмдi бағадағы экологиялық таза өнiмдермен қамтамасыз етiп тұратын болады. Бұл қойма Алматыдан отыз шақырым жердегi Шамалған ауылына орналасқан. Биылғы наурыз айында iске қосылған көкнiс қоймасы күзде алғашқы өнiмдерiн қабылдай бастайды. Үлкен қойманың орналасқан жерi де өте қолайлы — оңтүстiк пен солтүстiктi жалғастырып жатқан үлкен жолдың бойында, Астанаға да көкнiс тасымалдауға қолайлы жерде. Германияның «Plattenhart+Wirth» фирмасының құрал-жабдықтарымен жасалған көкнiс технологиясы алманы бiр жыл, алмұртты сегiз ай, жүзiмдi алты ай сақтай алады. Көлемi едәуiр жердi алып жатқан көкнiс қоймасының iшiндегi ауаны тазартып, қалыпты температурада ұстап тұратын арнайы қондырғы орнатылған.

Жақыннан дорбалағанша, алыстан арбалағанға үйренгенбiз

Елiмiздiң жерi кең болғанымен, тұрғындарын көкнiс және жемiс-жидекпен қамтамасыз ету мүмкiн болмай тұрғаны шындық. Бақша өнiмдерiн өсiрушiлер мен кәсiпкерлерлердiң елдiң iшкi нарық сұранысын толық қанағаттандыруға мұршасы жетпей отыр. Содан барып, Қазақстан алма мен алмұртты Польша, Қырғызстан мен Қытайдан тасымалдайды. Тек өткен жылы елiмiз сырт елдерден 128 мың тонна алма мен алмұрт алып келген. Сырттан әкелетiн көкөнiс түрлерiнiң бiрi — қауын мен қарбызды құрайды. Өткен жылы 40 мың тонна қауын-қарбыз сырт жерлерден тасымалданса, оның көпшiлiгi Өзбекстаннан жеткiзiлген екен. Одан бөлек, өрiк, шие, банан сияқты жемiс-жидек түрлерi Өзбекстан мен Қырғызстан, Қытай мен Пәкiстаннан жеткiзiледi. Жүзiмдi өзiмiз өсiргенмен, 67 мың тоннасын сырттан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжiкстаннан әкеледi екенбiз. 45 мың тонна банан Эквадордан тасылады. «Екiншi нан» аталатын картошканы Қырғызстан мен Пәкiстаннан жеткiземiз. Жылына 67 мың тонна сәбiздi, бұдан көп мөлшерде қызанақты Қырғызстан мен Тәжiкстаннан, Қытай мен Ираннан тасымалдаймыз. Жалпы, көкнiстiң 60 пайызы, цитрус жемiстерiнiң 90 пайызы Қытай мен Ираннан келедi. Көршi Қырғызстанның өзi жылына елiмiзге 173 мың тонна көкнiс пен 70 мың тонна жемiс-жидек жөнелтедi екен. Осыған қарамастан бiздiң елiмiзде сiрiлген көкнiс пен жемiс-жидектiң тек бiр пайызы ғана сырт елдерге, оның iшiнде Өзбекстан, Түркiменстан мен Тәжiкстанға, Ресейге шығарылады. Iшкi нарықтағы отандық өнiмнiң үлесi өте аз. Осы нақтылы деректерден мүмкiндiк мол бола тұра елiмiзде көкнiс пен жемiс-жидек өсiруге деген құлшыныстың төмен екенi байқалады. Дайын өнiмге үйренген ұлтымыздың бойындағы бейқамдық пен енжарлықтан құлан-таза айығып кеткен жоқпыз. Алматыдағы көкнiс, жемiс-жидек сататын базардан танысын кезiктiрiп қалған кiсi: «Мына қолдың басындай картошка мен баданадай жүзiмдi өзiң өсiрдiң бе?» деп сұраған екен. Қала iргесiнен еңселi үй тұрғызып, ауласын кең етiп қоршап алған жандардың көкнiс, жемiс-жидек егiп, өнiмiн молынан жеп отырғаны да сирек. Алматылықтардың көкнiс пен жемiс-жидекке деген сұранысын қала төңiрегiндегi аудандар диқандарының өсiрген дақылдарынан тұратын сауда жәрмеңкесi қанағаттандырып келедi. Ала жаздайғы диқан еңбегiнiң жемiсiн көрер берекелi күз айы алматылықтар үшiн көкнiс пен жемiс-жидектiң мол болатын шағы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *