АЛМАТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАҒЫНАН ДА АЙМАҚТАРҒА ҮЛГІ

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Г.Н.Әбдіқалықованың жетекшілігіндегі үкіметтік жұмыс тобы Алматы қаласында өз жұмысын жалғастырды.
Вице-премьер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, қала әкімі Б.Байбек «Бақытты отбасы» және «Белсенді ұзақ өмір» Жол карталарының іске асырылуы жөнінде кеңес өткізді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жаңа әлеуметтік саясат іске асырылуда. Басты міндет – азаматтарымыздың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру. Бүгінде қалада көпбалалы аналар мен қарт адамдарды қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» және «Белсенді ұзақ өмір» Жол карталары іске асырылып, соның негізінде 13 шара қарастырылған Жол картасы бекітілді.
«Бір терезе» принципі бойынша құрылған «Бақытты отбасы» орталығы ашылуда. Онда заңгерлер, психологтар, жаттықтырушылар және т.б. әлеуметтік қызметкерлер көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларына қызмет көрсететін болады. «Бақытты отбасы» қайырымдылық қоры құрылып, меценаттар мен жұртшылықтың арқасында қор 131 млн. теңгеден астам қаражат жинап, 1 мыңнан астам отбасына материалдық көмек көрсетілді. Алматы елімізде алғаш болып «Бақытты отбасы» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Алдағы мамыр айында 30 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ
Әлеуметтік төлемдердің мөлшері де өсіп, өмірдің қиын жағдайына тап болған азаматтарға берілетін бір жолғы әлеуметтік көмек 10 айлық есептік көрсеткіштен (25 250 теңге) 20 айлық есептік көрсеткішке дейін (50 500 теңге) көбейді. Бұл шарамен 10 мыңнан астам отбасы қамтылатын болады. Содан кейін Г.Әбдіқалықова және Б.Сапарбаев аудандардың әкімдерімен, ірі кәсіпорындардың, бизнес-құрылымдар мен кәсіподақ ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізіп, онда әлеуметтік әріптестік мәселелерін талқылады. 2015 жылдан бастап бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 25,7 млрд. теңгеге 40-тан астам жоба іске асырылып келеді. Бүгінгі күні 21,6 млрд. теңге сомасына 32 жоба іске асырылды. 7 балабақша, 1 емхана, фельдшерлік-акушерлік пункт және т.б. салынды.
Көпбалалы аналармен кездесу барысында Премьер-Министрдің орынбасары мемлекет азаматтардың аз қамтылған санаттарына әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийлері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін артып, 20789 теңгені құрады, мамыр айынан бастап жалға берілетін тұрғын үй бөліне бастайды, ал 1 маусымнан бастап бюджет саласының жалақысы төмен қызметкерлерінің еңбекақысы көбеймек. Білім беру және денсаулық сақтау жүйесіндегі қызметтердің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ, жұмыс тобының мүшелері «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» аясында іске асырылып жатқан жаңалықтар туралы ақпарат берді.
С.Д.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінің жатақханасын аралау барысында Премьер-Министрдің орынбасары «Елбасының бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру аясында Тұңғыш Президент тапсырмасының орындалу барысымен танысты. Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарының соңында жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесу өткізді.
Кездесуде студент-жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту жөніндегі үшінші бастаманың іске асырылу туралы ақпарат тыңдалып, жоғары білім берудегі өзекті мәселелер талқыланды. Жоғарыда аталған бастаманы орындау үшін қалада студенттер жатақханаларын салу жұмысы жалғасуда. 39 жоғары оқу орны жұмыс істейді, онда 149 мың адам білім алады, оның 92 мыңнан астамы басқа қалалардан келген студенттер. Барлығы 95 жатақханада 30 мың (33%) студент тұрады.
Өткен жылы қаламызда жоғары оқу орындарының өз қаражатының есебінен 1200 орынға арналған 3 жатақхана пайдалануға берілді. Ал биылғы жылы да өз қаражаттары есебінен 2 340 орынға арналған 5 жатақхананың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Кездесудің қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықова жатақханаларды уақытылы және сапалы пайдалануға беруді қамтамасыз ету, студенттерге қолайлы жағдайлар жасау үшін қажетті шаралар қабылдау жөнінде жоғары оқу орындарының ректорларына, мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.