АЛМАТЫ – ӘЛЕМГЕ ҮЛГІ ЕТУГЕ БОЛАТЫН ҚАЛА

Бұл – Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының «Салауатты қалалар» Еуропалық желісіне мүше қала мэрлерінің Алматы саммитіне қатысушылардың қорытынды жиында айтқан пікірі

Күні кеше ғана Алматы   Люблянда өткен  ақылды қалалар «Смарт сити» Еуропалық форумында көлік жүйесін кешенді реформалау бойынша бірінші орынды иемденіп, әлем қалаларына өз үлгісін танытып келсе, қазанның 23-24 күндері Алматы  Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының «Салауатты қалалар» Еуропалық желісіне  мүше қала  басшыларының басын  қосып, өзінің қонақжайлылығын ғана емес, әлемге үлгі етер өнегелі ісі барын тағы бір танытты. Алматы декларациясының 40 жылдығы мен «Салауатты қала» бағдарламасының 30 жылдығы аясында өткізілген  бұл басқосуға  әлемнің  22 мемлекетінен 250-ден астам өкіл қатысса, оның 60-ы қала басшылары.

Нұржамал  БАЙСАҚАЛ

Саммитке денсаулық сақтау ұйымдарының, банк саласының және  денсаулық сақтау саласына белгілі ғалымдары мен дәрігерлері,  БҰҰ-ның, ДДСҰ-ның, ЮНИСЕВ-тің өкілдері,  еліміз аймақ­тарының әкімдері, орынбасарлары және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері  қатысып, жаһандану заманындағы денсаулық сақтау ісін жақсарту, қоғам назарын   денсаулық саласына бұрып, оның ең маңызды саласы – алғашқы медициналық-санитарлық көмек сапасын  жақсарту,   тұрғындардың  өмір сүру жасын ұзарту мен салауатты өмір сүру қағидаларын,  сын қатерлі уақыттың  СПИД, туберкулез, нашақорлық  секілді қауіпті дерттеріне қарсы бірлесе күресудің және қалаларды  көлік үшін емес, адамдарға қолайлы қалаға айналдыру бағытындағы ойларын ортаға салып, өз  тәжіри­белерімен бөлісті.  Әлем қалалары мэрлерінің Алматы саммитін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек өзінің құттықтау сөзімен ашты.  Қала  басшысы өз сөзінде  Алматы  декларация­сының денсаулық сақтау саласының ең маңызды бағыты алғашқы медициналық санитарлық көмек ісін жақсартудың өзекті мәселелеріне әлем назарын аударған құнды құжат болғандығын атай келіп,  Алматы декларациясының күні бүгінге дейін маңызын жоймай, денсаулық сақтау саласын жетілдірудің  басты тетігі болғандығын атап өтті.

Қазіргі таңда  қаламызда 650-ден астам меди­цина мекемелері жұмыс істесе, оның 70-тен аста­мы  көп салалы  емханалар. Мемлекеттік меке­мелердің барлығы  дерлік сандық форматқа, бірың­ғай ақпараттық жүйеге  көшіріліп,  озық медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, қала басшысы соңғы жыл­дары Алматы қаласын  қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы орта қалыптастыру мақ­сатында атқарылған жұмыстарға тоқталып, бұл қаланың  білім, ғылымды дамытуға, кәсіп ашып, өз ісін дамытуға да өте қолайлы қала  болып отыр­ғандығын  айрықша атап өтті. Қалада  тұрғындар­дың демалысы мен салауатты өмір сүруіне қа­жетті  жағдайлар жасалып, «Қала адам­дар үшін»  қағидасын  қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстарды  да баяндады.  Алдағы уақытта қала басшылығы қоғамдық көлікті пайдалану­шылардың санын 4 есеге, ал жаяу жүргіншілер мен велосипедпен қатынасу­шылар санын 3 есеге арттыру жоспарланып отырған­дығын жеткізді. Алматыны дамытудың   көпжыл­дық бағдарлама­сы барын да айтты. Қала эколо­гиясын жақсарту бағытында атқарылған жұмыс­тар жөнінде хабардар болған «Салауатты қала» мэрлері Алматыда үлгі алар, үйренетін жақсы бас­та­­малардың   көптігін өздерінің сөздерінде атап өтті.

Қала басшысынан кейін сөз алған Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының Европалық бюросының директоры Жужанна Якоб  ДДСҰ-ның Қазақстанмен, оның Алматыдай үлкен мегапо­лисінің ынтымақтастығын, денсаулық сақтау мен салауатты өмір салтын модерни­зация­лау бағытындағы қолға алып отырған бастама­ларын айырықша атап өтті.  Осындай жиын өткізуге негіз болып отырған Алматы деклара­циясының  «Салауатты қалалар» Еуропалық желісінің қалыптасуына негіз болғандығын    атап өткен Жужанна Якоб ханым Алматы саммитінің, осы саммитте қабылданған Алматы  үндеуінің алдағы уақытта денсаулық саласы мен тұрғын­дардың денсаулығын жақсарту,  осы саладағы ең маңызды қызмет түрі – алғашқы медициналық-санитарлық көмек сапасын одан ары  жақсарта түсудің жаңа жолын нұсқайтындығын, Алматы  үндеуі  25-26 қазанда Астана қаласында   Алматы декларациясының 40 жылдығына орай өткізілетін жаһандық басқосудың ең басты құжаттарының бірі болатындығын атап өтті.

Ал  бірнеше сессия бойынша өткен Алматы саммитіне қатысушылар қала мэрлерінің тек эконо­микалық мәселелерге ғана емес, тұрғын­дардың денсаулығына деген жауапкершіліктерін арттыру керектігіне кеңінен тоқталды. Бұл ретте  ДДСҰ-ның Еуропалық бюросының  бағдарлама үйлестірушісі Моника Косинска, ЮНИСЕВ-тің Еуропа және Орталық Қазақстан  үшін аймақтық директоры Афшан Хан,   Ресейдің  Вологодск қала­сының губернаторы О.Кувшиников және басқалар Алматы саммитінің  қоғамға,  қоғамның ең басты байлығы  дені сау халық екендігін ескер­те келіп, сол байлықты қорғауда  қауым­дастық құрып, қалалардың бір-бірімен байланысын арттырып,  тәжірибе алмаса отырып, өздері бас­қарып отырған қаланы адамдарға жайлы қалаға айналдыру міндетін  жүктеді. Алматы саммитінің қонақтары бұл ретте  осы жылдың ақпан айында Копенгаген қаласында өткен  мэрлер консенсусы  мен Алматы саммитінің  мәлімдемесін басшылыққа алуды   нұсқады.

Саммитке қатысушылар  Алматы қаласының дамыту бағдарламасына, «Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдарламасына  қызығушылық танытып, тұрғындарға көрсетіліп  отырған  медициналық қызметтерге, медициналық білім беру сапасына, емдеу мекемелерінің озық медициналық техникалармен жабдықталуына жоғары баға беріп,  бұл саммиттің Алматы декларациясының мұрасын кеңейте түсетін басқосу болғандығын атап өтті. Саммитке  қатысушылар Алматы   үндеуін қабылдады. Ол Үндеуде Алматының  көп нәрседен өзгелерге үлгі болатындығына басымдық берілген.

 

ДДСҰ  Алматымен ынтымақтастығын арттыра түседі

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек кездесу барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық бюросының директоры Жужанна Якоб мегаполисте өтіп жатқан «Салауатты қалалар» Еуропалық желісі мэрлерінің саммиті аясында өзара ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Әңгіме барысында  Жужанна Якоб  ДДСҰ-ның Алматымен, жалпы Қазақстанмен ынтымақтастығы деңгейін жоғары бағалады. Қаладағы салауатты өмірді қалыптастыру мен денсаулық сақтау саласын модернизациялаудың оң нәтижелерін атап өтті.

«Жайлы қала кеңістігін арттыру, қоғамдық көлікті дамыту, велосипедшілер және спортшылар үшін қолайлы инфрақұрылымды қалыптастыру қала тұрғындарының денсаулығын жақсартады. Жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, қаланы  дұрыс жоспарлау онкологиялық және жүрек-қан тамырлары аурулары салдарынан болатын өлім деңгейін орта есеппен 25%-ға қысқартады. Алматының  тәжірибесі тек Қазақстанға ғана емес, Еуропа өңірінің бірқатар қалаларына да үлгі», – деп атап өтті ДДСҰ Еуропалық бюросының директоры.

Ол өзінің  сөзінде осыдан 40 жыл бұрын қабылданған Алматы декларациясының  бастапқы  медициналық-санитарлық көмек көрсетуде қазірдің өзінде өзекті екенін әрі халықаралық деңгейде маңызды рөл атқаратынын айтты. ДДСҰ қаламен  ынтымақтастықты кеңінен дамытуды жоспарлауда және қала тұрғындарының салауаттылығын жақсартудағы жұмысты одан әрі жалғастыратын болады.

«Мемлекет басшысының Жолдауында еліміздің одан әрі дамуына ықпал ететін қалаларды тұрақты өрістетуге ерекше мән берілген. Жайлы және экологиялық қала кеңістігін, ОСЭР елдеріндегідей сапалы білім  мен денсаулық сақтау қызметін қалыптастыру біздің басты бағыттарымыздың бірі болып табылады. Осы орайда, сапалы, жоғары дамыған медициналық қызмет көрсетудегі  өзге қалалардың озық тәжірибелері бізге де өте қызық», – деп атап өтті өз кезегінде Бауыржан Байбек.

Саммит барысында  Алматы қаласының әкімі бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Оның ішінде РФ Вологод облысының губернаторы Олег Кувшинни­ковпен, француздың Ренн, нидерландық Утрехт қалаларының басшыларымен жүздесті.

Алматы туралы қала қонақтарының лебіздері

Суваджи ГУД, 

Конго Республикасының тұрғыны, ДДСҰ-ның үйлестірушісі:

ДЕНИС ТЕНМЕН   КЕЗДЕССЕМ ДЕП АРМАНДАЙТЫН ЕДІМ

Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Бірақ Қазақстан деген мемлекетті мен   Геннадий Головкин,  Денис Тен, Александр Винокуров арқылы білетінмін. Тұр­ғындарының түрлері де сол спортшылар секілді шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, адамдарыңыз мен ойлағаннан  да сұлу, мейірімді,  Алматының  ауа-райы қандай  жай­ма-шуақ   болса, адамдары да  жылы шырайлы екен.

Қазақстанға жолым түссе, Денис  Тенмен кездессем деп ойлайтын едім, өкінішті, ол қайтыс болып кетіпті.  Шымбұлақ, Медеу секілді  табиғаты көркем жерлер дүние жүзінде өте аз шығар.  Ал Алматы айрық­ша сұлу қала екен. Бәлкім, мен бұл қаланы сағынып жүретін шығармын.  Саммитке қатысу бақыты бұйырып, Алматыдай жер жаннатын көргенім үшін өзімді бақытты санаймын. Енді бұл қалаға арнайы туристік сапармен келемін деген жоспар құрып қойдым. Бұйыртса, міндетті түрде келемін. Сұлу қала, сұлу адамдарды сағынбау мүмкін емес.

 

Сергей КУЛАГИН,

Белоруссияның Горки қаласының мэрі:

АЛМАТЫДА ҮЛГІ АЛАТЫН ІСТЕР КӨП

Біздің Алматыда басқосуымыздың ең басты мақсаты – әлем  қалаларын жаһандық мүдделер жолында  бірлестіру, бір-бірімен тәжірибе алмасу болса, мен  қала басшысы ретінде Алматы қаласынан көп нәрсені өзіме үлгі етіп алдым.  Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға, тұрғындардың денсаулығын жақсарту мәселелеріне айрықша мән беріледі екен.

Менің қаламда  екі-ақ жүзу бассейні бар. 58 мың халқы бар қала үшін  спорттық нысандардың жеткіліксіз екендігіне көз жеткіздім. Жолдарыңыз,  көше бойларының, балалар алаңдарының безендірілуі сондай  көзтартарлық. Жалғыз мен емес, осы мэрлер саммитіне қатысқан  қала басшылары Алматыдан көп нәрсе үйреніп қайтты дер едім. Мынандай табиғаты көркем, биік таулары бар адамдардың денсаулығы мықты, өмір жасының ұзақ болатындығына  табиғаттың өзі кепілдік беріп тұрғандай.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *