АЛМАТЫ – ӘЛЕМДІК ІРІ СПОРТ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

1710соның айғағы 8 – 16 қазанда қалада ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтеді

Алматы қаласы еліміздің мәдени, қаржы, білім және туризм орталығы екендігі барша жұртқа бұрыннан белгілі. Әрине, Бүкіләлемдік экономикалық форумның (БЭФ) жақында ғана жариялаған жыл сайынғы есебінде ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша тағы да 50-орынға көтерілген Қазақ еліне көшбасында тұру үлкен мерей және абырой саналары анық. Осы орайда елімізде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жөнінен көпшілік салада оқ бойы алдыңғы сапта келе жатқан Алматының қарқынды дамуы жан-жақты көрініс беруде. Міне, соның жарқын белгісі – соңғы кездері Алматы спортты дамытуда да құлашын кере бастаған. Бұл ретте шаһарда спорттық жарыстар көптеп өткізілетін болып жүр. Әрине, 2017 жылы Бүкіләлемдік студенттік Қысқы Универсиаданы өткізгелі отырған, одан қалды 2022 жылы Қысқы Олимпиаданы өткізуге құлшыныс танытып жатқан қаламыздың шоқтығы әрқашан да биік болары сөзсіз. Сонымен қатар, кейінгі кезде халықаралық дүбірлі додалар мен әлемдік ауқымдағы жарыстарды жиі ұйымдастырып жүрген Алматының аты төрткүл дүние аузында екендігі айдан-анық.

Атап айтқанда, өткен жылдары допты хоккейден, бокстан әлем чемпионаттарын өткізіп, ай сайын түрлі Гран-при жарыстарын ұйымдастырып жатқан Алматыда үстіміздегі жылы да біршама халықаралық турнирлер өтті. Мысалы, соған дәлел ретінде қаламыздағы «Жайлау» гольф-курортында осы қыркүйектің 17 – 21-і аралығында мерейтойлық оныншы «Kazakstan Open – 2014» халықаралық гольф-турнирі өткені белгілі. Оған әлемнің 20 елінен 132 спортшы қатысып, олардың арасында әлемге танымал гольфшілер – неміс Мориц, Ламперт, испан Хорди Гарсиа Пинто және басқалар болды. Жарыс нәтижесінде үлкен қаржылай бас жүлдені британдық Сэм Хатсби, екінші және үшінші бәйгені британдық Эндрю Джонстон, оңтүстіккореялық Бьенгхун Ан иеленді. Атап өтетіні, жеңімпаздарды Қазақстан Гольф федерациясының президенті Нұртай Әбіқаев, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Еуропа челлендж-турының директоры Алан де Солтре марапаттады.

Сондай-ақ, осы қыркүйек айының аяғында Алматыдағы «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплин­дері кешенінде трамплиннен шаңғымен секіру бойынша жазғы Әлем кубогінің кезекті Гран-при жарыстары өтті. Оған құрамында әлемдік деңгейдегі үздік спортшы­ларын – словениялық Роберт Кранец, жапон Сара Таканаши және ресейлік Ирина Авакумова өнер көрсеткен Германия, Норвегия, Польша, Словения, Чехия, Жапония, Ресей, Швейцария және Италия секілді елдердің жүзден астам спортшылары қатысты.

Бұл осы қыркүйек айында Алматы қаласында өткен ірі халықаралық жарыстардың бірқатары болса, алдағы қазан айы да әлемдік спорттық шараларсыз өтпесі анық. Соның ішінде, біз үшін ең негізгісі – осымен шаһарда екінші рет өткелі отырған «Тур Алматы» ІІ халықаралық кәсіпқой велосипедшілер жарысы. Биыл да 186 шақырымға созылатын бұл бір күндік жарысқа әлемнің 20 кәсіпқой велокомандасынан 155 велошабандоз қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ, «Тур Алматы – 2014» жарысын тікелей эфирден 5 қазан күні әлемдік ірі «Evrosport» телеканалы арнайы көрсететін болады. Сөйтіп, дүние жүзінің көптеген елі Алматыдан тікелей хабар алатын болады.

Бұдан басқа алдағы қазан айында Алматыда өтетін ірі халықаралық турнирлердің арасында – футзалдан Әлем суперкубогін айтсақ та жетеді. Бұл ретте 2-3 қазанда Әлем суперкубогін әлемнің төрт үздік командасы – Қазақстанның «Қайрат», Бразилияның «Интелли», Тайландтың «Чонбурш» және Ресейдің «Динамо» футзал командалары сарапқа салады.

Сонымен қатар, Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан ХVІІ жазғы Азия ойындары аяқтала салысымен әлемнің ең мықты зілтеміршілері Алматыда бас қосады. Өйткені, алдағы 8 – 16 қазан күндері шаһардағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтетін болады. Әзірге бұл дүбірлі додаға әлемнің 57 елінен 613 ауыр атлет қатысады деп күтілуде. Оның ішінде әйелдер арасында 257 және ерлер арасында 356 зілтемірші «әлем чемпионы» атануға бақ сынап көрмек. Дегенмен, өтініштер жарыс басталғанша жалғаса беруі де әбден мүмкін.

Сөйтіп, биылғы жылғы Алматыда өтетін спорттық дүбірлі додаларды 20 – 23 қарашаға жоспарланған ІТF таэквондосы бойынша ІІ Азияның Ашық кубогі жолындағы бәсеке тәмәмдайтын болады. Оған әлемнің 14 елінен 300-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде.

Қорыта айтқанда, мұндай ірі жарыстарды қабылдау Алматы қаласы үшін зор мәртебе, әрі үлкен жауап­кершілік жүктейтіні анық. Және осы ретте қаламыз әлемдік жарыстарды өткізуде мол тәжірибе жинап, Алматының 2022 жылы Қысқы Олимпиада астанасы атануына жеңіс әкеледі деп ойлаймыз.

Құттыбек АЙМАХАН

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *