Алматы – әлемдік аламандар алаңы

Оңтүстік астанада ТМД-дағы тұңғыш футзалдан Әлем чемпионаты өтеді

Нұрлан СҮЙІН

Бүгінгі Алматы Тәуелсіз Қазақстанның спорт орталығына да айналып отыр. Бұған дәлелді алыстан іздеп қажеті жоқ. Соңғы оншақты жылда Алматыда халықаралық, құрылықтық, әлемдік деңгейдегі талай дода дүбірледі. Мысалы, ТМД мемлекеттері арасында алғаш рет өткізілген 28-Бүкіләлемдік Қысқы Универсиаданы айтсақ та жетіп жатыр. Әлемдік спорт қауымдастығы Алматы абыроймен өткізген Дүниежүзі қысқы спорт ойындарын өте жоғары деңгейде бағалап, ұйымдастырылуы Қысқы Олимпиададан бір мысқал кем емес деп баға берді.

Міне, осындай әлемдік аламандарды өткізуден абыройлы болған Алматы кезекті әлемдік дода өткізбек. Ол футзалдан сту­денттер арасындағы Әлем чемпионаты. Әлемдік дода Алматыда тамыздың 19–26-сы аралығында өтеді.

Екі жылда бір өтетін Әлем чемпионатын Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FІSU) қатаң байқауынан жеңіп алған Алматы доданы өткізуге дайын.

Қазақстанның, соның ішінде Алматының абыройын асқақтатуға тиіс әлемдік аламан жайында Ұлттық студенттік спорттық Лигасының президенті, Халықаралық ІТ университетінің ректоры, қалалық мәслихат депутаты Дамир Шыныбековті сөзге тартқан едік:

– Дамир Әбдухалиұлы, біз ТМД елдері арасында футзалдан әлем чемпионатын өткізуді жеңіп алдық. Осының өзі үлкен абырой. Дегенмен, осы жеңіске негіз болған не?

–       Иә, әлем чемпионаты Қазақ­станға, Алматыға абырой мен халық­аралық деңгейдегі кезекті «мойындау» әкелуге тиіс. Оның себептері көп. Біріншіден, футбол миллиондар ойыны, шын мәнінде бұқаралық жағынан №1 спорт. Ал бүгінгі таңда шағын футбол (футзал) үлкен футболдан кем түспей отыр. Міне, осындай спорттан әлемдік доданы өткізу Қазақстанға, Алматыға бұйырып отыр. ТМД елдері арасында Футзалдан әлемдік біріншіліктің, жуырда Ресейде өткен әлемдік футбол чемпионатынан соң іле-шала өтуі де өзіндік мәнге ие сияқты. Ал әлемдік доданы өткізуге негіз не десек, бұл тәуелсіз Қазақстанның барлық саласы­ның, соның ішінде спортының халық­аралық деңгейде мойындалуы. Елдің спорттық орталығы – Алматы­ның Азияда, Универсиада, Әлем, Құрылық чемпионаттарын өткізудегі тәжірибесі. Футзалдан «Қайрат» командасының халықаралық деңгейде өнер көрсетеді. Алматыда халықаралық талаптарға сай «Алматы Арена», «Халық Арена», «Медеу», «Балуан Шолақ спорт сарайы», т.б. спорт нысандарының болуы. Басқа да фактор­лар бар, сондай-ақ мегаполис басшы­лығының осынау спорттық шараға қолдау көрсетуі дер едім.

Жалпы, Алматы әкімдігінің бұқара­лық спортты, туризмді дамытуға, мега­полисті әлемдегі «адамдар үшін жасалған қалалардың» қатарына қосуға деген құлшынысы қуантады.

 

– Сіз Футзалдан ұлттық студенттік Лиганың президенті ретінде әлемдік доданы өткізу үшін басталған күрестің, оны жеңіп алғаннан соңғы дайындық­тың, өткізудің басы-қасында жүрсіз. Жалпы, осы футзал чемпионаты, сту­денттік Лига тарихы қандай? Әлемдік доданы өткізуді жеңіп алу қалай болады?

–       Алдымен чемпионат жайлы. Футзал­дан студенттер арасындағы Әлем чемпионаты Алматыда 19–26 тамыз аралығында өтеді. Оған әлемнің мықты командалары қатысады. 28 команда – 16 ерлер, 12 қыздар командасы «Қазақ­стан» қонақүйінде тұрып, әлемдік додаға қатысып, Алматыны тамашалайды. Чемпионат халықаралық санаттағы «Алматы Арена», «Халық Арена» спорт сарайларында өтеді. Біз «чемпионат қожайыны» есебінде өз командала­рымызды қатыстырамыз. Чемпионат­тың бір-екі ерекшелігіне тоқталып өтсем. Біріншіден, футзалдан Әлем чемпионаты студенттік командалар арасында, тек студенттік командалар қатысуы тиіс. Екіншіден, Халықаралық Федерация қаржыландырмай, өткізуші елдің қаражатына жасалуы керек. Осы жерде Алматы әлем чемпионатының бюджетке салмақ салмайтын, чемпио­нат­тар тарихында ең «қаржылай жеңіл» екенін айту керек. Бюджеттен үштен бір бөлігі ғана қаржыландырылып, қалғаны демеушілер арқылы жүргізіледі. Әлем чемпионатының демеушілерін атап өтсек, басты демеушілер: «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры», «Халық» қайырымдылық қоры» жеке қоры. Сондай-ақ, чемпионат өткізуге «Қазақ­стан», «Достық» қонақүйлері, «Самал» су сауда белгісі, т.б. демеушілер өз үлестерін қосуда. Осы жерде Қазақстан Футбол федерациясын, Білім министр­лігін, Алматы қаласының басқарма­ларын, «Қайрат» футбол клубын, т.б. айта кету керек. Футзалдан «Қайрат» командасы Еуропадағы төрттіктің қатарында екенін білесіздер. Бұның да әсері зор.

Ал енді Әлем чемпионатының Алма­тыға «келу тарихына» көз жүгіртсек. Осы жылдың 26–28 сәуірі күндері Швейцарияның Лозанна қаласында «2018 FІSU World Unіversіty Champі­onshіp Semіnar» өтті. Әлем чемпио­натын өткізуге байланысты Халық­аралық Студенттік спорт федерация­сының семинар-жиынына әлемнің 30 елінен 100-дей делегат қатысты. Осы семинарға Ұлттық студенттік футзал Лигасының президенті ретінде қатысып, Әлем чемпионатын өткізу құқын бар­лық жағынан қорғап шықтық. Семи­нарда 2018 жылы жалпы спорт түрле­рінен студенттер арасында өткізілетін Әлем чемпионаттарының күнтізбесі бе­кітілді. Біз енген сол күнтізбе бойынша, 2018 жылы 80-нен астам студенттік Әлем чемпионаттары өтеді екен. Дүниежүзі бойынша студенттік әлем чемпионаттарын өткізу бойынша Франция, Испания, Польша елдері алдында тұр екен. Бұйыртса, осы елдердің қатарына біз де жақындайтын боламыз. Алматыдағы әлемдік додаға ең мықты командалар келеді. Бразилия, Аргентина, Испания, Италия, Тайланд, Иран, Ресей, Украина, т.б. және бір ерекшелік, чемпионатқа барлық құрлық өкілдері келеді.

Тағы айта кететінім, Әлемдік доданы өткізуге деген дайындықты Алматы қаласы әкімдігі 100 пайыз қолдап отыр. Шаһар басшысының тапсыруымен қа­ланың барлық инфрақұрылымдары жұ­мыл­дырылды. Қонақүй, көлік, байла­ныс, демалыс дегендей, бәрі қам­тылды. Әрине, чемпионат елге, Алматыға үлкен абырой әкелу керек. Чемпионаттың тікелей берілуі FІFA, FІSU-дың ақпа­раттық серіктестері арқылы болатынын ескерсек, біз чемпионат өткізумен кезекті рет таныламыз. Чемпионатқа дайындықта футбол алаңының төсеніші, футбол доптары Еуропадан алынды.

Әлемдік доданы өткізу бойынша негізгі «жұмыс тобы» – футзалдан Ұлттық студенттік Лигаға келсек, оның негізі 5 жыл бұрын қаланып, мен оны 2 жылдан бері басқарып келемін. Бұл да әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасалып, бұқаралық спорт – футзалды мақсат тұтып отыр. Лиганың негізі студенттік командалар. Бүгінде 72 команда бар, оның 12-сі қыздар командасы.

– Дамир Әбдухалиұлы, әңгімеңізге рахмет. Әлемдік дода біздің елге, Алматыға абырой әкелсін!

 

Керек дерек

  • Чемпионатқа әлемнің 28 командасы, 500-ге жуық спортшы келеді.

 Чемпионат ерлер және қыздар командалары арасында, «Алматы Арена», «Халық Арена» спорт сарайларында өтеді.

 Әлемдік доданың Бас демеу­ші­лері «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры» қоғамдық қоры, «Халық» қайырымдылық қоры» жеке қоры.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *