АЛМАТЫ ӘКІМДІГІ ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСЫП КЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжы­рым­дамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Бүгінде билік халыққа барынша жақын болуға тырысып келеді. Әрине, бұл қуантарлық жағдай.

Серік ЖҰМАБАЕВ

Онымен қоса, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бұдан бұрын да барлық мемлекеттік қызметкерлерге әлеуметтік желі арқылы үнемі «халықпен тілдесуге» тапсырма берген болатын. Алматы әкімдігі осы тапсырманы мүмкіндігінше орындап келеді. Өткенде суретші Үміт Жұбанышқызы «Керек дүниенің бәрі өз мәдениетімізде бар» деген тақырыпта мақала жазған болатын. Онда ол: «Анимациялық ертегілердің кейіпкерлері, мысалы біздегі Алдар көсе, Тазша бала, Жиренше шешен, «Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек» секілді ертегілеріміздегі кейіпкерлердің мүсінін балалар ойнайтын алаңға жайып жіберсек, олар бірте-бірте соларды танып өседі ғой. Күнде сол алаңда ойнаған баланың рухы ертең қазақ болып өседі. Оның үстіне қаланың танымалдығы да бірден артар еді. Өйткені, шетелдік турис­тердің өзі қаладан сондай ұлттық келбет іздейді, оларға біздің ұлттық құндылығымыз қызық. Ертең бір турист келіп, сондай ұлттық стильдегі балалар алаңын көріп, инстаграмға суретін салып кеп жіберсінші, бір минуттың ішінде атағымыз мұхит асуы ғажап емес. Керек дүниенің бәрі өзіміздің мәдениетімізде бар, сондықтан сыртқа жүгіре берудің қажеті жоқ», – деген болатын.

Сонымен қатар, суретші Үміт Жұбаныш­қызы қаланың игілігі үшін жасалатын осы өзгерістің бәрін нағыз мамандардың өздері бақылап отырса, суретшілер мен мүсінші­лердің басын қосқан Суретшілер одағы қадағаласа, қаланың эстетикалық келбетінің тартымдылығы артатынын жеткізген еді.

Осыған байланысты Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабыл­дауынан жауап келді. Онда былай делінген:

«Қайырлы күн! Алматы қаласы әкім­дігінің қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түскен тіркеу №СС.2020.0000739 нөмірлі өтінішіңізді қарап шығып, келесіні хабар­лаймыз.

Суретші Үміт Жұбанышқызының ұсыныстары құптарлық екенін атап өткен жөн. Бұл салада Алматы қаласының әкімдігі мен «Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы» КММ қаламыздың орталығындағы гүлзарлар мен алаңқайларда шағын сәулеттік пішіндерді орналастыруды қолға алғаны белгілі. Соның нәтижесінде Абылай хан даңғылы мен Жібек жолы көшесі  қиылысында «Асық» (сәулетші Сәкен Нарынов) шағын сәулеттік пішіні орнатылды. Алдағы уақытта Алмалы ауданының аумағында «Тайқазан» және «Тазша бала» және т.б. шағын сәулеттік пішіндерді орнату көзделіп отыр.

Алматы қаласынан болашақта қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрінің көріністері орын алып тұрғанын бәріміз де қалаймыз. Сол себепті, бұл ортақ іске жұмыла кіріскен дұрыс болар деген ойдамыз. Егер бұл салада нақты ұсыныс­тарыңыз бен «Алдар көсе», «Жиренше шешен» және т.б. ұлтымызға тән шағын сәулеттік пішіндердің дайын эскиздері болса, оларды қарастыруға дайынбыз.

Орындаған: О.Беркімбаев, А.Айшуақов».

Сонымен бірге, Алматы қалалық мәсли­хатының депутаты Қали Сәрсенбай өз сайлаушыларымен кездескенде тұрғындар тарапынан біршама мәселелер көтеріліп, ұсыныс тілектер айтылған еді. Бұл туралы газетімізде «Жаңа мектептер, балабақшалар қажет» деген тақырыпта мақала жария­ланған болатын. Онда «Ақбұлақ», «Зерделі», «Құрылысшы» ықшамаудан­дарындағы мектептерде оқушыларға орын жетіспей­тіндігі көтерілген-тін. Осы ретте Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауының оператор-консультанттары өтінімді қабылдап, орындауға жіберіпті. Бізге төмендегідей жауап берілген:

«Қайырлы күн! Алматы қаласы Білім басқармасының мәліметіне сәйкес, Сіздің тіркеу №СС.2020.0001147 өтінішіңіз бойынша келесіні хабарлаймыз:

Алатау ауданы №154 жалпы білім беретін мектеп сыйымдылығы 694 орынға арналған, 1845 оқушы білім алып отыр. Мектеп екі тілді қазақ және орыс тілінде білім береді.

Алматы қаласы әкімдігінің 2020-2025 жылдарға арналған даму жоспарында, Алматы қаласы жайлы қалалық басқармасы №154 жалпы білім беретін мектеп ғимаратын реконстукция жасау және ауладағы бос жерге 600 орынды қосымша мектеп ғимаратын салу жоспарлап отыр.

«Зерделі» ықшамауданында орналасқан №182 жалпы білім беретін мектеп сыйымдылығы 1200 орынды, бүгінгі таңда 2640 оқушы білім алып отыр. Алматы қаласы жайлы қалалық басқармасы 2020-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында 600 орынды мектептің жобалық сметалық құжаттары дайындалып жатыр.

№41 жалпы білім беретін мектептің сыйымдылығы 870 орынды мектепте 1208 оқушы білім алып отыр. Қазіргі таңда заманауи тұрғыда мектеп салу үшін жер тілімін қарастырып жатыр. 2020-2025 жылғы перспективалық жоспар негізінде Алатау ауданында «Нұркент» ықшамау­данында 1500 орынды мектеп, «Дархан» ықшамауданында 1500 орынды мектеп, «Рахат және Мәдениет» ықшамауданында 1500 орынды, «Томирис» ықшамауданында 1500 орынды мектеп және «Саялы» ықшамауданында 1800 орынды мектеп құрылысын бастау үшін жобалық сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Орындаған: К.Ақмұрзаева».

Міне, Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Алматы қаласында осылай орындалып келеді. Бұл қоғамдық қабылдауға қала әкімінен бастап, аудан әкімдері де қатысып отыр. Алматы әкімдігі тұрғындар тарапынан берілген сұрақтарға дер кезінде жауап беріп, көтерілген мәселенің оңтайлы шешілуіне мүмкіндігінше ықпал етіп отыр.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *