АЛМАТЫ – КӨЛІКТЕРГЕ ЕМЕС, АДАМДАРҒА ЖАЙЛЫ БОЛУЫ ТИІС

45КҮН САНАП ҚАПТАП БАРА ЖАТҚАН КӨЛІКТЕРДІҢ ҚАЛА ҚОЗҒАЛЫСЫНА ЕДӘУІР КЕДЕРГІ КЕЛТІРІП ЖАТҚАНЫ ЖАСЫРЫН ЕМЕС. ОҒАН КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРІМІЗДЕГІ ШАҺАР КӨШЕЛЕРІНДЕГІ ИІРІЛГЕН КЕПТЕЛІСТЕР КУӘ.

БЕЙМАЗА БҰЛ ТІРЛІККЕ ҚАЛА БАСШЫЛЫҒЫ ДА БЕЙ-ЖӘЙ ҚАРАП ОТЫРҒАН ЖОҚ. ОСЫНДАЙ ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ ҮШІН ҚАЛА БАСШЫСЫ АХМЕТЖАН ЕСІМОВ ЖАҚЫНДА ТАНЫМАЛ ДАТ УРБАНИСІ ЖӘНЕ ҚАЛАЛАР ДИЗАЙНЫ БОЙЫНША КЕҢЕСШІ ЯН ГЕЙЛДІ АЛМАТЫҒА АРНАЙЫ ШАҚЫРҒАН БОЛАТЫН.

 

Балалар үшін барлық жағдай жасалған

 

566Іссапар барысында шетелдік сәулетші өзінің көп жылғы тәжірибесімен бөлісе отырып, алматылықтарға арнайы шеберлік дәрісін оқыды. Онда Ян Гейл «Алматыны көліктер үшін емес, адамдарға арналған жанға жайлы қала жасауға, сондай-ақ, қаланы бұрынғы сәулетін сақтай отырып, барынша тартымды әрі көрікті мекенге айналдыруға болады», – деп атап өтті. Даниялық сәулетшінің бұл дәрісін қала басшысымен қатар, дизайнерлер, архитекторлар, жобалау ұйымдарының басшылары және жоғары оқу орындарындағы болашақ архитекторлар да тыңдады.

Айта кетейік, Ян Гейл – адамдар үшін қаланың келбетін жасаумен һәм салумен айналысатын әлемге танымал дарынды дизайнерлердің бірі. Оның қатыс­уымен Копенгаген, Нью-Йорк, Лондон секілді әлемнің көптеген қалаларының дизайндық жоспарлары жасал­ған. Соның ішінде Ян Гейлдің арқасында Еуропада жаяу жүргіншілер жүретін ең ұзын Стрегет көшесі пайда болған. Бүгінде әлемнің көптеген қалаларында дат урбанисінің көмегімен жайлы тұрмыс кешуге арналған мамыражай тірлік қалыптасқан.

5664Әйгілі дизайнердің айтуынша, алдағы уақытта Алматы – өмір сүруге жайлы қала болып өзгеретін көрінеді. Ол Алматыға келген сапарында алдымен қала көшелеріндегі көлік кептелісін көргенін, сондай-ақ, көше бойындағы көгенделген қозыдай тізілген машиналарды байқағанын айтады. Алайда, Ян Гейл бүгінде қала аумағын қаншалықты тиімді пайдалануға, көлік тұрақтары мен оны қалай азайтуға болатындығы туралы ойланып жүр. «Бірде Копенгагенге шет елден бір жас қыз келді. Әлі есімде, Копенгаген көшелеріндегі балалардың көптігін көріп, ол менен «Мұнда балалар көп қой, бұл жер «беби-бум» жағдайында ма?» деп сұрады. Өйткені, шынында да біздің қала балалардың шаттық күлкісіне толы еді. Олар таза ауада күні бойы алаңсыз ойнай алады және бұл көріністі қаланың кез келген бұрышынан кездестіруге болады. Мен тұратын мың жылдық тарихы бар қалада балалар үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінде Копенгаген тұрғындарының үштен бірінен астамы велосипедпен жүреді. Біздің қалада балаларын велосипед сияқты көліктің (каргобайка) алдына отырғызып алып немесе жаяу ертіп жүретін тұрғын­дардың қарасы қалың. Өйткені, Копенгагенде, әсіресе, балалар қауіпсіздігі үшін көп жұмыстар атқарылған. Егер көшеде балалар мен егде жастағы адамдарды көп кездестіретін болсақ, бұл дамыған қала мен инфра­құрылымның жоғары көрсеткіші деп білемін. Сондықтан жайлы өмір сүруге арналған қала автокөліктерге емес, адамдардың көптеп жүруіне және олардың балалары үшін алаңдамауына мүмкіндік жасаудан басталады. Әрине, ондай қауіпсіздікті сақтау үшін ең алдымен мықты инфрақұрылым қажет» дейді шетелдік сарапшы.

 

Көше бойында автотұрақ жасайтын заңсыз әрекеттерден арылу керек

 

Рас, әлемдік жаһандану заманындағы өмір сүру деңгейі жағынан қалалар арасындағы бәсекелестік күн санап артып келеді. Ең үздік 10 қаланың қатарына кіретін 6 қалада Ян Гейлдің үлесі зор. Егер біз жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын көбірек салып, автокөліктерге шектеу қоятын болсақ, Алматыны қарапайым халықтың жүріп-тұруына әлдеқайда жайлы әрі ыңғайлы қала ретінде сол ондықтың қатарынан көруімізге әбден болады.  Сондықтан да «Алматыға мұндай танымал сәулетшінің келуі өте маңызды. Себебі, біз ағымдағы жылы Бас жоспарды түзетуге кірісеміз. Қаланы жоспарлауда ең маңызды фактор тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау – басты талап. Сондықтан бұл жүздесу біздің қаламыздың дамуына, оның келбетін көркейтуге өз үлесін қосады деп ойлаймыз. Алдағы уақытта Алматының өзіндік ерекше­ліктерін сақтай отырып, көптеген салаларды жетілдіру жөнінде жұмыстар атқаратын боламыз», – дейді қала әкімі Ахметжан Есімов.

Шаһардағы негізгі алаңдар мен саябақтарды аралап шыққан Ян Гейл мырзаға біздің қаламыз өте жақсы әсер қалдырыпты. «Алматы – жасыл желекке оранған, шыны­мен көрікті қала екен. Көшелері кең, мұнда жаяу жүр­гіншілерге арналған тротуарлар жасауға, велосипед жолдарын салуға, трамвай жолдары мен автомобиль жолдарын да салуға мүмкіндік мол. Тек барлық жағдайды ескере отырып, ұрымтал тұсты ұтымды пайдалансақ болғаны. Сіздерге ең біріншісі –  көлік жүйелерін бір ізге келтіруге күш салу керек. Ол үшін автокөлік жүргізушілері көше бойындағы кез келген жерді көлігіне тұрақ жасайтын жаман әдеттерінен арылуы керек» деген дат сәулетшісі лекция соңында қала көшелеріндегі жүйесіздікті бүгіннен бастап қолға алмаса, «Алдағы уақытта Алматы – ешкім де баратын жеріне ешқашан жете алмайтын қалаға айналатынына бек сенімдімін» деді.

 

Тұрғындар арасында сауалнама жүргізудің маңызы зор

 

«Бұл тек сіздердің қалаларыңызға қатысты ғана жәйт емес. Мұндай көрініс әлемнің көптеген қалаларында бар. Мен 2000 жылы өзімнің студенттеріммен бірлесіп консалтингтік компания құрдым. Біз онда зерттеулер мен сыни көзқарастарды ғана білдіріп қана қоймай, қала дамуына байланысты түрлі кеңестер мен ұсыныстар жөнінде кітап шығарумен айналыстық. Содан бері, міне, менің қалта телефонымда тыным жоқ. Жан-жақтан хабар­ласып, көптеген  қалалар өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтінін білдіріп жатады. Мен осы күнге дейін әлемді бірнеше рет аралап қайттым. Сан-Франциско, Жаңа Зелан­дияның бірнеше қалаларын, Қытай, Мәскеу және Сан-Пауло секілді  қалалардың басшыларынан қала құры­лысына қатысты дизайнды өзгертуге байланысты кеңес беруім туралы өтініштер көп түседі», – дейді одан кейін ол.

Ян Гейл бұл күнге жетудің оңай болмағанын есіне алып: «Менің туған қалам Копенгагеннің 1000 жылдық тарихы бар. Онда бір жарым миллионнан астам халық тұрады. Біз де дәл осындай белестерден өттік. Қаланы дамытуда түрлі тәжірибелерді қолдандық. Бұрынғы ортағасырлық сәулетін сақтай отырып, адамдардың өмір сүруіне қолайлы мекен болуын қадағаладық. Бізде үлкен супермаркеттер жоқтың қасы, есесіне жаяу жүргіншілер жолы мен әдемі саябақтар көп. Алаңдар мен көшелерде халық толып жүреді. Жылдар өте келе автотұрақтар өз-өзінен жойыла бастады. Міне, 50 жылдан астам уақыт өтті, біз қаламыздағы жаяу жүргіншілердің жолын кеңейттік. Нәтижесінде, қазір жап-жасыл желекке оранған гүлзарлар бойымен қаланың ана басынан мына басына дейін алаңсыз қыдыра аламыз. Осындай мамыражай тірлікті көрген соң мен қала – сыртқы көрінісімен ғана емес, ішкі өмірімен де әдемі болуы керек екенін түсіндім. Қала тұрғындарының арасында жиі-жиі сауалнама жүргізіліп, олардың талап-тілектерін біліп отыру дағдыға айналған. Сосын бұл сауалнама қорытындысын жоғары жақта отырған халық қалаулылары мен қала басшылығына жеткізуге дәнекер болып отыра­мыз», – деген ол 1960 жылдары қалалардың архитекторлық дизайны мен жобалау жұмыстары сынақ түрінде жүргізіле бастағанын айта келе, «Бұл шын мәнінде кез келген адам төзе бермейтін қиын кезеңдер еді», – деп еске алады. Содан бері сынаптай сырғыған уақыт бүгінде ол күндердің ізін де қалдырмаған. Тіпті, кезінде сірескен автокөліктерден демала алмай қалған жүргіншілер үшін кептелістің ауылы алыста қалған. Бүгінде өзі тұратын Копенгагенде көлік кептелісінің болмайтынын және велосипедшілер мен жаяу жүргіншілер жолақтарының пайда болғанын мақтанышпен айтып өтті Ян Гейл мырза.

 

Велосипедпен жүретіндер Алматыда көбейе бастады

 

Рас, велосипедті қолдану үрдісі Батыс елдерінде қатты дамыған. Бұл ретте қаладағы көлік кептелісін болдырмаудың бірден-бір себебі ретінде де велосипедтің атқарар қызметі орасан. Еуропадағы велосипеді ең көп ел – Дания. Олардың бір адамы велосипедпен жыл сайын орта есеппен 893 шақырым жол жүреді екен. Бүкіл ел жұмысына да, дүкенге де велосипедпен барады. Халық көшеде әдемі костюмімен, сәнді көйлегімен де велосипед теуіп жүре береді. Яғни, велосипед балалар үшін де, үлкендер үшін де негізгі қажеттілік болып саналады.  Скандинавиялықтар шайтанарбаны экологиялық жағынан да тиімді әрі денсаулыққа пайдалы деп есептейді. Нидерландтықтардың велосипедпен жүруіне мемлекет аса мән береді екен. Онда көліктің бұл түріне арналған 15000 шақырым жол бар көрінеді.

«Бірінші кезекте адамдар үшін қоғамдық көлік жайлы болуы тиіс. Яғни, олардың бұл көлік түріне деген көз­қарасын өзгерту қажет. Мен жұмыс істеген қалалардың барлығы велосипедке ауысып жатыр. Сіздерде де солай болатынына сенімім мол», – дейді ол әңгіме арасында.

Велосипед тебу – денсаулыққа пайдалы. Бұл көлік кептелісінің не екенін ұмыттырып, алыс жерлерге әлдеқайда тез апаратындығымен де құнды. Автокөлікте сағаттап оты­рып жүйкеңізді жұқартқанша, баратын жеріңе еш кедер­гісіз жетудің бірден-бір жолы да осы велосипедтің құзы­рында емес пе?! Еш қозғалыссыз отыратын авто­көліктен гөрі шайтанарбаның пайдасы шаш-етектен. Ол біріншіден, сіздің аяқ бұлшық еттеріңізді нығайтып, ағза­ның қалыпты жұмыс жасауына мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, қан айналымының дұрыс жүруіне оң әсерін тигізеді.

Иә, бізде веломәдениет жоғары деңгейде дами қойған жоқ. Алайда, мегаполисте көліктің бұл түрімен жүретіндер көбейе бастады. Соның бір дәлелі ретінде қала көшелерінде пайда болған велотұрақтарды айтуға болады. Алматыда автоматтандырылған велопрокат жүйесі жұмыс істеп жатыр. Ол «Almatybіke» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Стансалардың бірі – Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайының маңында, екіншісі – Абай мен Абылай хан даңғылдары қиылысында орналасқан. Егер біз велосипедті өзімізге тұрақты серік ететін болсақ,  біздің Алматы эколо­гиялық таза қалаға айналуға бір қадам жақындар еді. Алайда, қала көшелерінде велосипедке арналған жол­дардың аздығы және көшелерімізді қауіпсіз деп айтуға әлі ертелеу секілді.

Біз лекция барысында көрсетілген слайд жұмыс­тарынан Копенгаген көшелеріндегі велосипедшілерге арналып жасалған арнайы көгілдір жолақты байқадық. Және көліктің бұл түрін пайдаланушылар қақаған қыс күндері де тастамайтынына көз жеткіздік. «Велосипед­шілердің көптігі сонша, кейде тіпті, велосипедшілердің жолында кептеліс пайда болатын болып жүр», – деп әзілдеді ол. Дат сәулетшісі статистикаға сүйене отырып, біраз деректерді де айтып өтті. Дания астанасының 37 пайызы велосипедпен жүретінін, ал автокөлікті 10 пайыз­дайы ғана пайдаланатынын, 5 пайыз – жаяу жүргін­шілердің үлесіне, ал  33 пайыз – қоғамдық көліктерді пайдаланатындарға тиесілі екенін тілге тиек етті.

 

Ян Гейл қала келбетін түбірімен өзгертуге уәде берді

 

Қала басшысы Ахметжан Есімов дат сәулетшісінің қала дамуына байланысты алматылықтарға жайлы, әрі туристерге тартымды болуы үшін айтқан ұсыныстарына қолдау білдіре келіп, мегаполисте жүргізіліп жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталды. Содан кейін ол өз сөзінде қала салудың жоспарлы теориясы мен оның іске асуы – қоғам өмірінің материалдық ортасын ұйымдастыруға арналған архитектуралық қызметке көп байланысты екеніне мән берген қала әкімі Ахметжан Есімов мегаполисте көлік кептелісіне байланысты қыруар жұмыстар атқарылып жатқанын және велосипедті пайдалануға арналған түрлі насихат жұмыстары жіті жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Алматы тұжырым­дамасында жерасты паркингтеріне, муниципалды көлікке үлкен мән беріліп жатқанына тоқталды. Сондай-ақ, «1600 автобустың тең жартысы муниципиалдық көліктер және олар газбен жұмыс істейді. Алдағы уақытта көлік кептелісін болдырмаудың жолдарын қарастыра отырып, түйінді мәселелер шешімін табатын болады. Кейбір көшелерді тек жаяу жүргіншілер жүретін көшеге айнал­дыруды жоспарлап отырмыз. Демек, мұндай көшелерде автокөлік жүргізуге шектеу қойылады. Ал мұның бәрін қоғамдық көліктер жұмысы ретке келтіріл­геннен кейін іске асыратын боламыз. Метрополитеннің жаңа стансаларын салудамыз. Қаланың сыртқы келбетін сақтай отырып, ішкі тұрмыс жағдайының қарапайым тұрғындар үшін жайлы әрі ыңғайлы болуына басты назар аударатын боламыз. Және бұл жұмыстарды іске асыруда дат сәулетшісі Ян Гейлдің шеберлік дәрісінің бізге берері мол. Алдағы уақытта біз жаяу жүргіншілер мен велоси­педшілерге кең жол ашатын боламыз. Байқасаңыздар, Алматыда соңғы жылдары велошеру жиі ұйымдасты­рылып жүр. Бұл – велосипед тек спорттық жарыстарда қолданылады деген түсінік емес, сонымен қатар денсаулыққа пайдалы қозғалыс көлігі де…», – деп атап айтты Ахметжан Есімов.

Тұрғындардың неғұрлым жайлы тұрмысын қамтамасыз ету үшін қала басшылығының жоспарлары көп. Қаланың көркемдік бейнесін сақтай отырып, тұрғындарға жайлы қала салудағы басты міндет – эстетикалық талғамның сақталуын қажет етеді. Қазіргі қала құрылысындағы басты жетістік – жаңа тұрғын үйлердің талапқа сай салынуымен және қазіргі заманғы дизайн талаптарына сай болуымен ерекшеленеді.

Шара соңында Ахметжан Есімовтің ұсынысын қабыл алған Ян Гейл қала келбетін түбірімен өзгертуге уәде берді. Әлемнің ірі қалаларында көлікке қатысты жүзеге асқан озық идеялардың Алматыда да қолға алынуы үшін бірлесіп жұмыс істейтіндеріне уәделесті.

Әрине, алдағы уақытта сәні мен салтанаты келіскен Алматының келбеті ажарланып, шаһарымыз жанға жайлы көрікті мекенге айналып жатса, құба-құп. Алайда, бұл іске тек уақыттың төреші екені анық.

 

Әзірлеген — Құрлай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

 

Керек дерек

  • Скандинавиялықтар велосипедті экологиялық жағынан тиімді әрі денсаулыққа да пайдалы деп есептейді.
  • Нидерландыда көліктің бұл түріне арналған 15000 шақырым жол бар.
Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *