АЛМАТЫ – ӘЙ-ӘЙ ҚАЛА

Біз,  Алматының халқы рухани  жағынан өсіп, тұлға қала болып тұрған кезінде студент болған ұрпақпыз.  Өзгеше бір қасиеті болғандықтан шығар, емуге ұмтылған баладай, енесіне жамыраған қозыдай жан-жақтан, түкпір-түкпірден Алматыға  ағылатынбыз. Қаланың кесек мінезіне байланысты ма екен, оның құшағына сыйып, сіңіп кеткеніміз сондай, оқу бітіріп, жолдама қолға тиіп, кетер сәт таянғанда шеше бауырынан енді шығар баладай Алматыдағы әр күнді, әр сәтті қайта-қайта еске алып, таңғажайып әлемнен бөлектенуіміз  қиындай түсетін.

Иә, Алматы да тағдырлы қала. Бір күнде ғажап­танып, бір күнде абаттанбаған. Көп бейнет көрген. Бейнеттің  жарасын, жарақатын көтере жү­ріп Алатаудың етегіндегі ерке қалаға айналған.

«Әлемнің ғажайып 100 қаласы» деген кітап бар. Онда Мекке, Ереван, Рим, Бұқара туралы, V  ғасыр­дағы Геродоттың Вавилонға барған кезіндегі жазбалары, одан 100–150 жыл кейін өмір сүрген Бероздың қала туралы үлкен еңбек жазғаны айтылады. Парақтайсың. Гете мен Байрон ғана емес, Еуропа  ғалымдары аңыз, ертегінің өзегі деген Трояны аршып алған археолог  Генрих Шлиман антикалық ертекті шындыққа айналдырған.

Қаланың өмірге келу тағдыры да, оның гүлденуі, басына бақ қонуы да адам тағдырына ұқсайды дегені рас. Әлемдік 100 қаланың тізіміне кіргендердің  кейбірі  Алматының қолына су құя алмайды. Қызғанышым емес, қызығуым шығар, бәлкім. Өз қалама еміренуім, өз қаламды жақсы көруім шығар. Тізімге кірмей қалыпты деп Алматының жүзі жүдеу тартпайды. Әдемі тіршілігін жалғастыра береді.

Осы орайда  «Алматы – 2050» даму стратегиясының жобасы қолға алынып жатқаны қуантты. Алматының ыңғайлы жерінен балалар қалашығы салынса деп армандаймын. Диснейлэнд секілді. Инновациялық технологиясыз, әрине, болмайды. Бірақ ұлттық негізде қаланса. Өткеннен тамыр тартып тұратын  Аяз би мен жерұйығын  іздеген Асан қайғы  бабалардың  еңселі ескерт­кіштері тұрса, Алпамыс,  Ер Тарғын, Қамбар, Қобы­ланды, Көкше, Бөген,  Қосай батырлар, Гүлбаршын, Ақжүніс, Назым секілді биязы қыздар жүрсе. Қалашықтағы кейіпкерлер кәдімгі өмірдегідей тіршілік кешсе. Қазақ ұлтының тарихы сол қала­шыққа жиналса. Абай атаның сабырлы үні естіліп тұрса  бабалар рухы тіріліп, қала іші таза әуезге толып тұрар еді. Көне қоңыраудан ұлы дала  сазы күмбірлеп, әлемді өзіне қаратар еді деп ойлаймын. Ол қалашықтың іргесіне Алматы қаласының мұражайы салынып, алдына қазақ мемлекетінің ірге­тасын қалаған Керей мен Жәнібек хандарға тұлғалы ескерткіш орнатылса,  мән мен сән үйлесе түсер еді.

Әрине, ол тәтті қиялмен емес, ащы термен, біліммен атқарылатын іс-әрекеттер.

 

Ділдәр МАМЫРБАЕВА,

жазушы.

ҚР мәдениет қайраткері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *