«Almaty fіlm festіval»

халықаралық  кинофестивалі Алматыда 15-19 қыркүйекте «Мәдениетті жақындату»  айдары аясында өтеді

«Almaty Fіlm Festіval» — кинома­тографистердің халық­аралық ынтымағын дамытатын және Алматыға халықаралық жобаларды тартатын мәдени жоба. Бұл жоба қаланың халық­аралық аренада республика­мыздың мәдени және туристік орталығы имиджін айшықтай түсетін үлкен мүмкіндік. Алматы қаласы әкімді­гінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған бұл тұңғыш  халықаралық кинофес­тивальдің президенті  — отандық режиссер Ақан Сатаев.

Кинофестиваль аясында мазмұнды 5 күндік бағдарлама жүзеге асады. Мәдени шара «қызыл кілем» үстімен отандық және әлемдік киноиндустрия жұлдыздарының жүріп өтуімен ашылады, мерекелік концерт, «Кине­матографияның дамуына қосқан үлесі үшін» марапаттаулары өтеді. Кино­фестивальдің жабылуы барысында оның қорытындысы шығарылып, конкурс жеңімпаздарына жасаған киножұмыс­тары үшін сыйлықтар тапсырылады.

Конкурстың басты тақырыбы – «Мәдениетті жақындату». Шара кезін­де 2018 жылдың кинокартина­лары көрсе­тіледі, олар екі және одан да көп елдің ко-өнімдері болып табылады. Конкурсқа көпжылдық серіктестік қалыптасқан және халықаралық кинофестивальдерге қатысқан елдің ко-өнімдері болып табы­латын фильм­дер жіберіледі. Фильмдер номина­цияланады және мына категория­лар бойынша марапатталады: «Гран-при», «Үздік режиссерлік жұмыс үшін», «Үздік еркек рөлі үшін», «Үздік әйел рөлі үшін», «Жюридің арнайы жүлдесі».

Сонымен қатар, шара аясында  конкурс­тан тыс бағдарламалар көрсе­ті­леді, олар: «Мәдени және табиғи мұра, туризм мен спорт», «Cіty іn motіon», «Балалар және отбасылық кино», «Almaty Vіne Fest».  Сондай-ақ, бизнес форумын өткізу жоспарланған, оның барысында «дөңгелек үстелдер», панелді дискуссиялар, шеберлік сыныптары және басқалары ұйымдас­тырылады. Қонақтар арасында және жюри құрамында халықаралық және жергілікті ассоциациялардың, дис­трибю­терлік медиакомпаниялардың, әлемдік кинокомпаниялардың өкіл­дері, қоғам қайраткерлері, қазақ­стандық артистер мен режиссёрлар болады.

 

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *