«Almaty Fіlm Festіval» І Халықаралық кинофестивалі өтеді

Балнұр АХМЕТ

 Алматыда 15–19 қыркүйек аралығында Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен Astana Fіlm Fund ұйымдастырған Almaty Fіlm Festіval І Халықаралық кинофестивалі өтеді.

Кинофестивальдің қазылар алқа­сының құрамында Гүлнәр Сәрсенова («Айка» фильмінің продюсері), француздық продюсер Пьер Спенглер («Супермен», «Үш  мушкетер», «Андэграунд»), режиссер, продюсер, неміс  актрисасы Настасья Кински (1981 жылғы «Алтын глобус» сыйлы­ғының иегері, «Cesar» сыйлығының бірнеше мәрте иегері), француздық продюсер Марк Рускар бар.  Сонымен қатар, кинофестивальге оңтүстік­кореялық режиссёр Ким Ки Дук (Венециан кинофестивалінің «Алтын арыстан» иегері), америкалық  кино­режиссер Роберт Минкофф («Король Лев»), продюсер Алексей Петрухин және басқалары келеді.

Almaty Fіlm Festіval Халықаралық кинофестивалінің президенті Ақан Сатаев баспасөз мәслихатында мәдени шараның мақсатын атап өтті.

– Қандай кинофестиваль болма­сын, ол қала үшін имидждік шара болып табылады. Біз Қазақстан киноиндустриясына халықаралық жобаларды тартып, Алматыны әлемге кеңірек таныту мақсатын көздейміз. Енді  Almaty Fіlm Festіval жыл сайын өткізілетін шараға айналатындығына сенімдімін және ол жеке түсірілімдегі қазақстандық киноға дүниежүзілік деңгейдегі фильмдерді түсіруге ықпал ететін болады, – деді Ақан Сатаев.

Кинофестиваль қонақтарының арасында Самал Еслямова, Әсел Сағатова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Әсел  Сәдуақасова, Құралай Анар­бекова, Динара Бақтыбаева, Берік Айтжанов, Санжар Мәди, Асылхан Төлепов, Максим Акбаров, Фархад Әбдраимов, Айдархан Әділбаев, Асқар Ұзабаев, Әлішер Утев, Данияр Ибра­гимов, Серік Әбішев, Айдар Баталов, Қанағат Мұстафин, Нұртас Адамбай, Асқар Бисембин, Нұрлан Қоянбаев тәрізді қазақстандық  актерлер бар.

Негізгі конкурста «Үздік режис­сер», «Үздік актер», «Үздік актриса», «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» аталымдары бойынша 10 картина өзара бақ сынасатын болады.

Кинофестиваль аясында алматы­лық көрермендер «Рисуя жизнь» (Үндістан/АҚШ),  «Омотэнаси» (Жа­пония/Тайвань), «Ласковое безраз­личие мира» (Қазақстан/Франция), «Горизонт» (Грузия/Швеция), «Хрус­таль» (Беларусь, /Германия/АҚШ/Ресей), «Аверно» (Боливия/Уругвай), «Отчеты о Саре и Салиме» (Палестина/Нидерланды/Германия/Мексика), «Вулкан» (Украина/Германия), «Со­фия» (Франция/Германия), «Дышите нормально» (Исландия/Бельгия/Шве­ция) атты фильмдерді тамашалай алады.

Конкурстан тыс бағдарламада 21 фильм мынадай секцияларда көр­сетіл­мек: «Мәдени және табиғи мұра, ту­ризм  мен  спорт» (ЮНЕСКО-мен бір­лесіп) – 6 фильм,  «Cіty іn motіon» бағ­дарламасы – 5 фильм, «Отбасылық  кино» – 5, «Ерекше көрсетілім» – 5 фильм.

Шара шеңберінде отандық кино­ның даму келешегі, қазақстандық картиналарды басқа елдерге экспорт­тау, киноөндіріс мәселелері,  Алма­тының туристік әлеуетін арттырудағы кинематографияның ықпалы тәрізді  басқа да маңызды мәселелер талқы­ланатын бизнес-форум өтеді.

– Қазіргі кезде Қазақстанда жы­лына 20–25 кинокартина түсіріледі. Жекеменшік қазақстандық киноөн­дірістің жылдық нарығы шамамен  8–10  млн. долларды құрайды. Бір қазақ­стандық фильмнің өндірісіне орташа алғанда,  200–250 мың  доллар жұмсалады, ал бокс-офистер шама­мен  орташа алғанда, 400–500 мың  дол­ларды құрайды. Кинофестиваль ая­сында жобалар   питчингін ұйым­дас­тырдық, ол жеңімпазға өз жоба­сын жүзеге асыру үшін  «Almaty Fіlm Festіval» инвестиция алуға көмекте­сетін болады, – дейді Almaty Fіlm Festіval-дің бас продюсері Эрнар Құрмашев.

Кинофестивальдің жабылуында кинематография саласындағы «Тұл­пар»  ұлттық сыйлығы табыс етілмек (сыйлық 2016 жылдан бері беріліп келеді). «Тұлпар»  сыйлығы академия мүшелерінің құпия дауыс беруі нәтижесінде «Үздік фильм», «Үздік режиссерлік жұмыс», «Үздік сце­нарий», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік әйел рөлі», «Үздік операторлық жұмыс», «Қоюшы суретшінің үздік жұмысы», «Фильмге арналған үздік музыка» аталымдары бойынша табыс етілетін болады.

Сонымен қатар, кинофестиваль ұйымдастырушыларының хабар­лауын­ша, қала әкімшілігі жанынан «Almaty fіlm сommіssіon» арнайы құрылымы құрылмақ, ол қала мен облыста қазақ­стандық және шетелдік  кинемато­графистерге түсірілім кезінде көмектесетін болады.

Фестиваль бағдарламасының фильмдері Cіnemax (Dostyk Plaza) және  Lumіera Cіnema кинотеатр­ларында көрсетіледі. Almaty Fіlm Festіval-інің  ашылу рәсімі Республика сарайында өтеді.

Кинофестивальдің шымылдығы «Айка» фильмімен ашылады (режис­сёрі Сергей Дворцевой). Алты жыл бойы түсірілген фильмнің бюджеті 2,5 миллион еуроны құрайды. «Айка» фильмінде  әйел бейнесін үздік сом­дағаны үшін  биыл Канн кинофес­тивалінде жүлде алған қазақстандық актриса Самал Еслямова осындай мәртебелі сыйлыққа қол жеткізген ТМД тарихындағы алғашқы актриса. Кинофестивальдің қорытындысында Ақан Сатаевтың   «Бизнесмендер» фильмінің премьерасы көрсетілмек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *