Алматы «EXPO-2017» көрмесiне дайындалып жатыр

89-4807-5Әйгерiм САУЫТБЕК

«EXPO-2017» көрмесiн өткiзуге дайындық жұмыстары жаңа кезеңге өттi. «EXPO-2017» аясында Қазақстанға 5 миллион адам келедi деп жоспарланып отыр. Көрме күндерi «EXPO» қалашығы ғана емес, Алматы да туристер көптеп жиналатын мекенге айналатыны сөзсiз. Сондықтан, шаһар осыншама адамды қабылдауға дайын болуы тиiс. Бүгiнде бүкiләлемдiк көрмеге дайындық жұмыстары Алматы қаласында жедел қарқынмен басталып кеттi.

Алматыға 20 миллиард теңге бөлiндi

«EXPO-2017» көрмесi бюджет тарапынан қомақты шығынды қажет ететiнi сөзсiз. Жалпы, «EXPO-2017» көрмесiн өткiзуге 1,2 миллиард еуро қарастырылған екен.

Айта кетейiк, бүгiнде көрменi өткiзуге дайындық жұмыстары аясында Астана және Алматы қалаларына қосымша 50,7 миллиард теңге бөлу жөнiнде шешiм қабылданған болатын. Оның 20 миллиарды Алматы қаласына тиесiлi. Бұл жөнiнде таяуда ҚР экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Ерболат Досаев мәлiмдедi. Бұдан басқа Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық қордан 25,5 миллиард теңге көлемiнде трансферт тарту көзделген. Бұл қаражат көлiк инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Атап айтқанда, «Орталық-Шығыс» және «Орталық-Оңтүстiк» көлiк дәлiздерiн құруға жұмсалмақ.

Алматының түртұлғасы қалай өзгередi?

«EXPO-2017» күндерi елiмiзге келетiн қонақтардың негiзгi толқыны Алматыға келедi деп күтiлiп отыр. Қонақтарды жоғары дәрежеде күтiп алу үшiн шаһарымыз жаңа қонақ үйлер желiсiмен, қосымша демалыс орындарымен толығады деп жоспарлануда.

Мысалы, «EXPO-2017» көрмесi аясында «Көктөбе» телемұнарасы туризм нысаны ретiнде пайдаланылатын болады. Бұл мақсатта телемұнарада күрделi жаңғырту жұмыстары жүргiзiлмек. Мұндай шешiм таяуда Алматы қаласының қалақұрылысы кеңесiнде қабылданған болатын. Жобаны «Қазтелерадио» АҚ бақылайтын болады. Ал, құрылысты Алматы қаласы әкiмдiгi қаржыландырады.

Жаңғырту жұмыстарының аясында «Көктөбе» телемұнарасының аумағын жаңарту, техникалық ғимараттың алдын қайта құрылымдау, оның аумағына жататын ландшафт дизайнын жетiлдiру, сондай-ақ, жалпы құрылыстық және туристiк мақсатта бөлiнген ғимараттарда жөндеу жұмыстарын жүргiзу қарастырылған.

Телемұнара жаңғыртылып, күрделi жөндеуден өткеннен кейiн мұнда түрлi аттракциондар жүйесi, үлкен салтанат залдары және киноконцерт аренасы ашылатын болады.

Жаңғырту жұмыстары аясында, сонымен қатар, қаладан телемұнараның iргесiне дейiн аспалы жол салу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, Кеңес одағы кезiнен берi пайдаланылып келе жатқан лифтiлер жүйесi ауыстырылатын болады. Бүгiнде Германиядан жаңа лифтiлерге тапсырыс берiлiп қойыпты.

Қала жастары үлес қосуға ниеттi

Бүгiнде Алматыда көрме қарсаңында «EXPO-2017» тақырыбында түрлi жиын-шаралар да басталып кеттi. Атап айтқанда, таяуда Алматыда «EXPO көрмесi өскелең ұрпақтың көзiмен» атты ғылымижобалар байқауы өткен болатын. Жарты жылға созылған байқауға Орталық Азия мен республикамыздың 11 өңiрiнен 70-ке жуық жас ғалымдар қатысты.

Ақтық сынға 4 тақырыптық бағыт – энергияны үнемдеу, суды үнемдеу, энерготиiмдi жарықтандыру, биоәртүрлiлiктi сақтау бойынша 25 жоба өттi.

Нәтижесiнде, ұйымдастырушылар жас ғалымдардың 2 жұмысын iрiктеп алды. Алдағы уақытта бұл жобалар жетiлдiрiлiп, 2017 жылы көрмеге ұсынылатын болады.

«EXPO-2017» көрмесiнiң жаңа төлтаңбасы үшiн дауыс беру аяқталды «EXPO-2017» көрмесiнiң жаңа төлтаңбасын таңдау мақсатында жарияланған байқау мәресiне жеттi. Кеше қоғамдық дауыс беру аяқталды.

Айта кетейiк, қоғамдық дауыс беруге 7 төлтаңба ұсынылған болатын.

Бүгiнде ең көп дауысты жаңа өмiр мен тұрақты дамудың символын бiлдiретiн – «Жасыл энергия» төлтаңбасы жинады. Сонымен қатар, «Жел энергиясы» төлтаңбасы да көш бастап тұр. Бұл төлтаңба жаңғыртылған энергия символдары – күн энергиясын, теңiз толқындарын, жердiң магниттiк алаңын және жел толқындарын бiрiктiредi. Үздiк үштiкке футуризм мен ұлттық элементтердi үйлесiмдi бiрiктiрген «А» әрпi нысанындағы төлтаңба бар.

Естерiңiзге сала кетсек, «EXPO-2017» көрмесiнiң жаңа төлтаңбасын таңдау үшiн дауыс беру 9 шiлде күнi басталған болатын. Дауыс беру 22-шiлде күнi кешкi сағат 23.59-да аяқталды. Ғаламторда дауыс беру арқылы таңдалған байқаудың жеңiмпазы 24 шiлде күнi белгiлi болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *