АЛМАТЫ – ЕЛІМІЗДІҢ БИЗНЕС ОРТАЛЫҒЫ

Бизнес өкілдері кәсіпкерлердің жыл сайынғы конференциясында бас қосты

Бүгінгі нарық заманында ел экономикасының, бюджет түсімінің басым бөлігін Шағын және орта бизнес  (ШОБ) құрап отыр. Сол себепті де, ШОБ секторына, шағын кәсіпкерлікке жағдай жасау уақыт талабы. Елдің салықтық түсімінің үштен бірін беріп отырған Алматыда түсім көзі осы ШОБ. Себебі,

2 млн. тұрғыны бар мегаполисте табиғи байлық, оны өңдеу саласы жоқ. Осыған қарамастан алып шаһарда шағын кәсіпкерлікке барлық мүмкіндік пен жағдай жасалып отыр.

3 қыркүйекте Алматыда кәсіпкерлердің бесінші конференциясы өтті.

Нұрлан СҮЙІН

Іс-шараға «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, бизнес-қауымдастық (мегапо­листің 250-ден астам кәсіпорны), ұлттық компаниялар, даму институттарының өкілдері, табиғи монополиялардың субъектілері және банктердің өкілдері қатысты.

Конференцияны ашқан Тимур Құлы­баев елдегі жалпы ішкі өнімнің 21%-ын қамтамасыз ететін, сонымен қатар Қазақстан халқының 10%-ы тұратын іскерлік және қаржы орталығы саналатын Алматының ерекше мәртебесін атап өтті.

– Алматыда жалпы өңірлік өнімнің 40%-ын құрайтын 185 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі кәсіпкерлікпен айналысады. Бұл ретте сауда мен қызмет көрсету саласы қаланың жетекші индустриялары болып қала береді. Кәсіпкерлік мәдениетін одан әрі дамыту үшін біз ірі мегаполисте бизнес мәселелерін шешу және оны дамыту бойынша бірлескен жұмыс істеуді ұсынамыз, – деді ҚР ҰКП басшысы.

Тимур Құлыбаев атап өткендей, «Атамекен» ҰКП жұмыс істеген жылдары кәсіпкерлердің әр түрлі мәселелер бойынша 30 мыңға жуық өтініші қаралып, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерде өзгерістерді талап ететін жүйелі проблемалардың 80%-ға жуығы шешілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекеннің» еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені азайту және жұмыс берушілерден 5% міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімін шегеру жөніндегі ұстанымын назарға алды.

Өз кезегінде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мегопо­листе кәсіпкерге бизнесті қолдаудың қолда­ныстағы инфрақұрылымының айқындығы үшін бірыңғай бизнес-процесс, жұмыс регламенті және бизнесті қолдау бойынша барлық шараларды қамтитын (қайтала­натын функциялары бар 42 ұйымның орнына) «Qoldau» кәсіпкерлікті қолдау орталығы құрылатынын атап өтті.

Статистикалық деректер қаладағы іскерлік белсенділіктің оң серпінін көрсетіп тұр: Жалпы, өңірлік өнім өсімі шамамен 3% (+744 млрд. тг.), 2017 жылмен салыстырғанда бюджетке түсетін түсімдер 9%-ға өсті (өсім 75 млрд. тг). 2018 жылдың бес  айымен салыстырғанда бөлшек сауда айналымы 5,5%-ға (565 млрд. теңгеге) ұлғайды және инвестициялар көлемі 10%-ға (өсім 31 млрд.тг.) артты.

Алып шаһарда бизнестің дамуына «Атамекен» ҰКП жұмысының нәтижелері оң ықпал етіп отыр. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы Кәсіпкерлер палатасының құқықтық блогында 186 өтініш тіркелді, оның басым бөлігі бизнесті қорғауға қатысты мәселелер. «Атамекен» кәсіпкерлерге 4 миллиард теңгеге жуық қаржыға қолдау көрсетіп, алты лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Палата қызметкерлері, сондай-ақ, Алматының боулинг, бильярд және картингк сияқты спорттық ойын қызметтерін ұсынатын 4,5 мың бизнес-субъектісіне тіркелген салық став­каларын орташа алғанда 30%-ға азайтуға және жылына 180 млн. теңгені үнемдеуге көмектесті.

Қалалық палата жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып, «Жарнама туралы» Заңға өзгерістер енгізді. Жарнамаларды ескертусіз орналастырған кәсіпкерлер үшін ескерту жұмыстары жүргізілді, ал мұндай жағдайлар Алматыда шамамен 8 мыңды құрайды. Бұдан басқа, барлық әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын 32 млрд. теңгемен 100% субсидиялауға қол жеткізілді.

Конференция барысында қатысу­шылар Алматының бизнес ахуалын жақсартумен қатар, тиімді өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарына айналуы мүмкін бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқан­да, әңгіме барысында екінші деңгейлі банктердің кепілдіктеріндегі және федералдық жолаушылар компания­сы балансындағы жерлерді қаланың әлеуметтік дамуына беру туралы болып отыр, оның бір бөлігін бизнес қажеттілігі үшін аукционға шығаруға болады.

Өткір проблемалардың бірі – бұл Қытайдан Алматыға көлеңкелі импортты кедендік бақылауды күшейту және сауда субъектілерінің жеңілдетілген декларациясына патенттен көшу кезінде ынталандыру шаралары арқылы сауда мен қызметтерді дамыту, өнімді өткізуге, сауда желілерінің сөрелеріне қол жеткізуге көмек көрсету, сондай-ақ шағын орта бизнес үшін шағын несиелендіруге қол жеткізу және кеңейту болып табылады. Сонымен қатар, әлеуметтік мәселелер де талқыланды, ол адами капиталды дамыту, туризм мен қаланың шетін дамыту туралы.

Алматыда өткен кәсіпкерлер конференциясының соңында қала әкімдігі мен «Атамекен» ұсыныстар әзірлеу үшін Бақытжан Сағын­таевтың басшылығымен бірыңғай жобалық топ құруға бастама жасады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *