АЛМАТЫДА ЖЕРАСТЫ ӨТКЕЛДЕРІ ДЕ АБАТТАНЫП ЖАТЫР

Шаһар бойынша 56 жерасты өтпе  жолы есепке алынған болса, оның 48-інде қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Оларды жаңғыртуға 2,5 млрд. теңге қаражат бөлінген. 

Алып мегаполисті қайта жаңғыртуға байланысты жү­зе­ге асып жатқан жұ­мыс­тар аз емес. Соның бірі — қала­мыз­дағы жерасты өт­келдері. Жыл соңына дейін 48 жерас­ты өткелі жаса­рып, жаңара­тын болады.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Рас, бүгінгі таңда Алматы көшеле­рінің біразы қопарылып жатыр. Әсіресе, кісі аяғы ең көп жүретін орталық көшелері. Оған себеп те жоқ емес. Осы уақытқа дейін қала келбетіне көлеңке түсіріп, сауда нүктелеріне толы болған, тазалығы да сын көтермей, сыз тартқан сұр қабырғалары еңсені басып, ал қайыр сұраған тіленшілердің «құтты» орнына айналған жерасты өтпелі жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Нақтырақ айтсақ, шаһар бойынша 56 жерасты өтпе  жолы есепке алынған болса, оның 48-інде қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Оларды жаңғыртуға 2,5 млрд. теңге қаражат бөлінген.

Иә, Абай мен Достық даңғылдары­ның қиылысқан тұсындағы жерасты өтпелі жолына да күрделі жөндеу жұмыстарының басталғанына көп бола қойған жоқ. Біраз істің басы қайырыл­ғанға ұқсайды. Оған мына әдемі суреттер куә.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілдерінің сөзіне сүйенсек, жерасты өтпелі жолы жануарлармен, дәлірек айтсақ, жылқы, тазы, қасқыр, арыстан және дала қыранының суреттерімен безендіріледі. Бұл бейнелердің бәрі де қазақ ұғымына жақын болмаса, алыс емес.

Сонымен қатар, Наурызбай ауданы­ның жоласты өтпесі қазақтың дәстүрлі нақыштарымен өрнектелсе, Түрксіб ауданының жерасты өтпе жолынан Алматы тауларының суретін көре ала­тын боламыз. Тек жақсылықты, жаңа­лықты сабырмен күте білейік, ағайын!

Тағы бір айта кетерлігі, болашақта бұл өтпелі жолдарда бұрынғыдай коммерциялық мақсатта жұмыс істейтін сауда нүктелері мүлдем болмайды. Сондай-ақ, әрбір өтпелерде бейнеба­қылау камерасы мен музыка даусы естілу үшін дыбыс күшейткіш аппараты орналастырылатын болады.

Бұл мәртебесі жоғары һәм мың бояулы Алматы шаһарының тұрғындары мен меймандарының жақсы демалысы, қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан жұмыстар.

Айтпақшы, біз жоғарыда тілге тиек еткен 48 жерасты өтпелі жолының жөн­деу жұмыстары осы жаздың соңына дейін аяқталады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *