Алматыда «Жаңа Алатау қоры» есебінен 12 000 адам азық-түлік қоржынын алды

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда Алматы қаласы аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қала халқының осал топтарына жан-жақты әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары жалғасуда. Өздеріңіз білесіздер, «Жаңа Алатау» қоғамдық қорына алғашқылардың бірі болып ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қорынан 100 млн. теңге қаражат келіп түскен болатын. Оған қосымша аталмыш қорға депутаттар мен кәсіпорындардан, депутаттар мен кәсіпкерлерден 256 млн. қаражат түсті. Бүгінгі таңда бұл қаржының 136 млн. теңгесі жұмсалды. Яғни, мүгедектерге, тұрмысы төмен азаматтарға, соғыс және еңбек ардагерлеріне, әлеуметтік үйлерде тұрғандарға, көп балалы отбасыларға, жалғыз басты аналарға және басқа да мұқтаж азаматтарға көмек көрсетіліп, әлеуметтік маңызы бар шараларға жұмсалуда», – деді Р.Алшанов.

Спикер әлеуметтік көмек алып жатқан жандар қатарынан ешқандай шағым түсіп жатпағанын айта келіп, керісінше, ризашылықтарын білдіріп жатқан жандардың көп екенін жеткізді. Мәселен, 291 есту қабілеті нашар жандар атынан алғыс хат жолдаған Аманбек Ерғалиевтің хатында қиын кезде көмек қолын созып, азық-түлік қоржынын жеткізіп берген қор қызметкерлеріне алғыс айтылған.

«Осындай мазмұндағы хаттар көптеп келіп жатыр. Көмекке мұқтаж адамдардың тізімі шектелмейді, керісінше, біз олардың сұраныстарын ескеріп, тізімге алып жатырмыз. «Жаңа Алатау» қоры бұдан былай мұқтаж жандарға әлеуметтік көмекті волонтерлер арқылы емес, «Қазпошта» АҚ арқылы жөнелтетін болады. Себебі, қорда еріктілердің көмегімен атқаралатын шаруалар көп. Олар қазір мұқтаж жандарға арналған қоржындарға азық-түлікті өлшеу, орау секілді жұмыстарға жұмылдырылуда. Көмек көрсетуге бөлінетін қаражат құрамында ардагерлер, мүгедектер, интернационалист-жауынгерлерді біріктіретін әр түрлі ұйымдар арқылы жүзеге асады. Яғни, бөлінген қаржылар мен олардың жұмсалуы міндетті түрде ашық түрде жүргізіледі» – деді ол.

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта көмекке мұқтаж жандардың тізімдері жасалып жатыр. Аталмыш қордың көмегіне жүгінгісі келетін адамдар өзі тұратын ауданның әкімдігіне, ардагерлер кеңесіне, мүгедектер қоғамына барып, қолдауды қажет ететін қала тұрғыны ретінде тіркелу қажет.

Р.Алшанов қиын кезеңде қазақстандықтарға қолдау көрсетуге ниет білдірген жандар үшін қайырымдылық шарасы жалғасатынын айтты. Ол үшін интернет желісі арқылы аталмыш қорға хабарласуға болады. Өз кезегінде спикер сын сағатта көмек қолын созған жандардың барлығына алғыс білдіреміз, – деді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *