Алматыдағы коронавирус жұқтырған 6 адамның жағдайы қалай?

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев Алматыда коронавирус жұқтырған 6 адамның жағдайы туралы онлайн-режимде өткен баспасөз мәслихатында мәлімет берді.
– Алматы қаласындағы көпсалалы медициналық ауруханаларда коронавирус жұқтырған 6 адам жатыр. Бұған дейін хабарланғандай, Германиядан келген үш пациент бар. Төртіншісі Мәскеу – Алматы рейсімен келді. Қазіргі уақытта төрт пациенттің жағдайы қанағаттанарлық. Екеуінің жағдайының ауырлығы орташа. Олардың бәрі бекітілген хаттамаға сәйкес ем алуда. Науқастарға дер кезінде вирусқа қарсы және симптоматикалық терапия басталды, –деді Т.Әбілдаев.
Сондай-ақ, сала басшысының айтуынша, қаланың барлық медициналық ұйымында коронавирусты уақытында анықтау және оны емдеу шараларын қамтамасыз ететін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы өзге де бұйымдар қоры жеткілікті. Өз кезегінде барлық медицина қызметкері де қатаң сақтық шараларын ұстануда. Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі күні қалада коронавирустық инфекциямен байланыста болған адамдар үшін 1600-ден астам төсек-орынға арналған 7 провизорлық медициналық ұйым жұмыс істеуде. «Сақтансаң, сақтаймын» демекші, карантинге оқшаулау мақсатындағы сол орындардың санын енді 3 мыңнан асыру үшін жұмыстар жүргізілуде.
Еске сала кетсек, бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда онлайн-режимде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 8-ге жеткенін хабарлаған еді. Олардың 2-еуі Нұр-Сұлтан қаласында, 4-еуі – Алматыда.
Бүгін Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізілді. Бұл туралы Жарлыққа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Жарлыққа сәйкес ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлар мен театрлардың жұмыстары тоқтатылып, Қазақстан Республикасына келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда ел аумағына көліктің барлық түрімен кіруге, сондай-ақ, оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *