Алматыдағы 350 көше басқа атауға ие болады

Қазір Алматыда 2,5 мыңдай көше бар. Олардың ішінде 350-і қайталана беретін. Негізінен мұндай көшелер қалаға жаңа қосылған аудандарда көп еді. Мысалы, бір ғана Алатау ауданында қайталанып айтылатын 118 көше бар екен.
Жалпы, қайталанып айтылатын көшелер шаһарға үлкен келеңсіздіктер әкелетіні белгілі. Өйткені, мұндай көшелер, әсіресе, жедел жәрдем, өрт қызметі секілді әрбір секунды қымбат қызметтердің жиі-жиі шатасуына әкеп соғып жүр. Сондықтан қаладағы қайталанып аталып жүрген кейбір көшелер атаулары өзгертілетін болды. Алатау ауданы көшелерімен қатар Бостандық ауданындағы 46 көшенің де аттары ауыстырылмақ екен. Соған орай Алматы қаласы Тілдерді дамыту бойынша басқарманың ономастика және талдау бөлімінің жетекшісі Өтепберген Қалабай: «Біз қайта аталатын көшелердің атауларын ауыстыруды ұсынамыз. Бұл ретте жердің тарихи ерекшелігі ескеріледі. Сосын қала көшелеріне Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова секілді белгілі тұлғалардың есімдерін қою да ұсынылады», – деді.
Атап өтетіні, былтыр Наурызбай ауданында 107 көше атауын өзгерту туралы шешім шыққан еді. Соған орай биыл 10 млн. теңге қаржы бөлініп, оған 6 мыңдай нысанда жаңа атаулар ілінетін болады. Сондай-ақ, көше атауларымен бірге Q-кодтар да пайда болады. Ол ұялы қосымша арқылы көше және ондағы нысандар туралы жан-жақты мәліметтер беріп отырады.