АЛМАТЫДА XVІ ЕУРАЗИЯ МЕДИА ФОРУМЫ ӨТТІ

Алматыда әлемнің 50 елінің 600-ден астам өкілі жиналған XVІ Еуразия Медиа форумы болып өтті. Онда танымал журналистер, белгілі қоғам қайраткерлері мен беделді саясаткерлер Қазақстан мен халықаралық қоғамдастықтың геосаяси, экономикалық және әлеуметтік мәдени дамуының маңызды мәселелерін талқылады.

Форумның алғашқы күні қатысушыларды құттықтаған мегаполис әкімі Бауыржан Байбек 17 жыл бұрын алғаш Алматыда тұсауы кесіл­ген Еуразия Медиа форуымының бүгінде медиа саласының кәсіптік өзекті мәселелерімен қатар, әлем қоғамдастығын толғандыратын маңызды тақырыптарды талқылайтын беделді халықаралық сұхбат алаңына айналғанын атап өтті.

«Масс-медиа – өмірдің журналистер арқылы ұсынылған көрінісі ғана емес, сонымен бірге ол қоғам өмірін бағыттауға, жаңа қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін аса қуатты ақпараттық институт. Алма­ты – қашаннан белсенді азаматтар қаласы, осынау мазмұнды да мақсаты биік форумның өтуі қалалықтардың үлкен қызығушылығын тудырады. Бүгінгі күні қалада 4 мыңнан астам үкімет­тік емес ұйым және 1 мыңнан астам бұқа­ралық ақпарат құралы қызмет етеді. Сарапшылар қауымының белсенділігі жоғары. Қаламызды дамытуда жұртшылық пікірін ескеру мақсатында азаматтық қоғаммен және тұрғындармен өзара тығыз байланыстың жаңа тетіктері қолға алынған», – деді Бауыржан Байбек.

Мысалы, әкімдіктің «Open Almaty» қоғам­дық қабылдауы ойдағыдай жұмыс істеуде. Биылдан бастап Экономикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымының бюджеттің 1 па­йызын қайда жұмсауды тұрғындар ырқына беру жөніндегі ұсынысына сәйкес «Бюджетке қатысу» жобасы іске қосылады. Алматының әр ауданында тұрғындар өздері ұсыныс енгізе отырып, дауыс беру арқылы қаржының қайда жұмсалатынын анықтайтын болады.

«Орнықты мемлекеттіліктің кепілі мызғы­мас құндылықтарға табан тіреу болып табы­лады. Бұл құндылықтар әлем қалай дамыса да өзгермейді, адамзатпен бірге жасай береді. Олардың қатарында ізгілік, әдептілік, ынтымақ, білімге құштарлық, үйлесім бар. Бұлар кез-келген қоғамның негізі болып табылады. Трансформациялық процестер қарқын алған қазіргі кезеңде бұл құндылықтардың өзектілігі артуда. Ал осынау адамзатқа ортақ асыл құндылықтарды тарату мен қалыптастыруда БАҚ-тың маңызы жоғары. Сондықтан әлемдегі ілгерішіл де ойлы тұлғалардың сарап­тама алаңына айналып отырған Еуразиялық Медиа форумы адамзаттың әрі қарай дамуы­ның негізгі бағыттарын белгілеуге, ынтымақ­тастықты ілгерілетуге, жалпы айтқанда әлемді жақсартуға қызмет ете береді деп сенемін», – деп атап өтті қала әкімі.

Алматы – әлемдік деңгейдегі басқосулар мен келіссөздер алаңы, өңірдегі ірі мегаполис. Соңғы жылдары қалада Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының Мэрлер саммиті, Бүкіл­әлемдік 28 Қысқы Универсиада ойын­дары жоғары деңгейде өтті. Алғаш рет Эконо­мика­лық ынтымақтастық және даму ұйымы­ның аумағынан тыс «Еуразия апталығы», қатысу­шылары «Цифрлық Давос» деп бағалаған Еура­зиялық экономикалық одақтың цифрлан­дыру жөніндегі форумы екінші рет өткізілді.

«Алматыда жыл сайын 50-ден астам халықаралық бұқаралық мәдени және спорт­тық іс-шаралар, джаз, классикалық және этникалық музыка фестивальдері өкізіледі. Мысалы, осы сенбіде қаламызда дәстүрлі «The Spіrіt of Tengrі» халықаралық этникалық әуен фестивалі өтеді. Мен демалыс күндері қала­мызда болатын форумға қатысушылардың барлығын осы айшықты фестивальдің құрметті қонағы болуға шақырамын. Бәріңізге жылы қонақжайлылықты сезінуді, ғажап табиғат пен қаламыздың көрнекті орындарынан нәр алуды, біздің ұлттық мәдениетіміз туралы көп білуді тілеймін», – деді Бауыржан Байбек.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *