Алматыда теміржол шпалдарын шығаратын жаңа өндіріс іске қосылды

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Түрксіб ауданына жұмыс сапары кезінде Алматы көпір конструкциялары зауытындағы теміржол шпалдарын шығаратын жаңа өндіріс орнының ашылуына қатысты. Кәсіпорын 1,8 млрд. теңгені инвестициялаған, 100-ден аса жаңа жұмыс орны құрылған.

Жүрдек пойыздардың сағатына 300 километрге дейінгі жылдамдықпен жүруіне мүмкіндік беретін теміржол шпалдарын шығару үшін немістің Vollert технологиясы қолданылады. Өндірістің жобалық қуаты — жылына жарты миллион шпал.

«АЗМК» ЖШС бас директоры Шухрад Шардиновтың айтуынша, шпал шығару өндірісінің артықшылығы өнімнің термоылғалдану кестесін нақтылы бақылайтын автоматты бағдарламамен қамтамасыз етілуі. Бұдан өзге, автоматтандыру шпал жасау уақытын екі есе қысқартып, өнімділікті екі есе, ал өндіріс алаңдарын төрт есе арттырды.

«Бүгінгі күні қаладағы 1,5 мың өндіріс орындары мен АЗМК сала флагмандары. Мұнда 500-ден аса адам еңбек етеді, шынайы еңбек әулеттері қалыптасқан. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша елімізде көлік инфрақұрылымы қарқынды дамуда, сондықтан кәсіпорын өнімдері барынша қажет болады. Елбасы айтқандай, барлығы еңбек адамы үшін жасалуда, жұмысшы мамандығы қашанда құрметті», — деп атап өтті Бауыржан Байбек зауыт ұжымымен жүздесу барысында.

Айта кетерлігі, қазіргі кезде мегаполисте бизнестің Жол картасы 2020 және Жібек жолы қалалық бағдарламасы арқылы отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету аясы барынша арта түсуде. Инвестициялық аухал жақсаруда. Биылғы жылдың тек үш айы ішінде ғана шетелдік инвестициялар 21,4%-ке артып, 111,1 млрд. теңгені құрады.

Алатау ауданындағы Индустриалды аймақта құны 144 млрд. теңге болатын 39 жоба жүзеге асуда. Жапондық, гонконгтік, неміс және қытайлық, ресейлік капиталдардың қатысуымен 5 зауыт ашылды. Олардың ішінде жылына қуаты 550 мың тонна тұрмыстық қатқыл қалдықтарды сұрыптайтын кешен, электроавтобустардың үшінші буынын жасап шығаратын зауыт және басқалары бар.

Биылғы жылы инвестиция көлемі шамамен 36,7 млрд. теңге болатын тағы 4 кәсіпорынды, оның ішінде болат құбырларын шығаратын «Asia Steel Pipe» ірі қазақстандық-қытайлық зауытты іске қосу жоспарланған. Қуаты жылына 30 мың көлік шығаратын Hyundai автомобиль зауытының құрылысы басталды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *