Алматыда тұңғыш рет ерекше білім шаңырағы ашылды

Ерекшелігі көп ерекше мектепте, ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуларына, жүріп-тұруларына кеңінен жағдай жасалған. Көз жанары көрмейтін балалардың білім алуы үшін Брайльдік рельефті нүктелі қаріптер арқылы дәріс беретін сыныптар, арнайы санитарлық бөлмелер  шақыру нүктелерімен толық қамтылған.

Рая ЕСКЕНДІР

Жаңа оқу жылын қашанда жақсы жаңалықпен бастайтын Алматы қаласында биыл да ерекше білім, яғни инклюзивті білім беретін айрықша мектеп пай­далануға берілді. Қалаға қосылып, шаһар тұрғыны атанған Нау­рызбай ауданының тұрғындары үшін бұл күн айтулы оқиғаға айналып отыр. Сондықтан болар небәрі төрт жыл уақыт ішінде жоғы түгелденіп, әлі де қажеттіліктерге сәтімен қол жеткізіп жат­қан аудан тұрғындары тайлы-тұяғымен таң атпастан жаңа мектепті бетке алды. Ондағы ойлары – балалары білім алатын жаңа мек­тепті өз көздерімен көріп, осынау өздері армандаған мектепке қол жеткізуге бағыт-бағдар беріп отырған Елбасыға деген алғыстарын жеткізу. Сонымен, №200 деп заңды атаумен пайдалануға беріліп отырған мектеп-гимназия ауласында еліміздің мемлекеттік Гимні алғаш рет орындалып, салтанатты жиын басталды.

Аудан тұрғындарының қуаны­шына арнайы келіп қатысқан қала әкімі Бауыр­жан Байбек жаңа мек­тептің ашылуымен құттықтады.

– Елбасымыз қашанда білімге ерекше мән беріп, басты назарда ұстайды. Ол кісі әркез «кез-келген мемлекет өз болашағын ойласа мектеп салып, білімге баса мән беруі керек. Білімді мемлекет қана бәсекеге қабілеттілік танытады» деп отырады. Міне, сол сөздердің дәлелі бүгінгі ашылып отырған мектеп.

Халқымызда «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген қанатты сөз бар. Сондықтан тәрбие мен білімді ұштастыра білуіміз керек. Дәл бүгін қаламыздың 240 мыңнан астам оқушысы мектеп партасына отырса, олардың арасында 28 мыңнан астам биыл мектеп есігін алғаш ашқан бірінші сыныптықтар да бар, – деген шаһар басшысы Тәуелсіздікке қол жеткізгелі ана тілінде оқытатын мектептер санының артқанына тоқталды.

Алматыда 90-жылдары небәрі 7 ғана қазақ мектебі болған екен. Бүгінде олардың саны 67-ге жетіп, он есеге артып отыр. Соны­мен қатар, ана тілінде білім алатын оқушылардың саны да 110 мыңнан асты. Білімнің сапасы туралы айтар болсақ, ең алдыңғы, білімді мектептер қазақ тіліндегі мектептер екенін зор қуанышпен айтамыз. Еліміз бойынша бірнеше жылдан бері ҰБТ нәтижесі бойынша бірінші орында Алматы қаласының тұруы осы сөзімізді айғақтай­ды, – деген қала әкімі Наурызбай ауда­ны­ның бүгінгі тыныс-тіршілігінен де хабардар етті.

– Осыдан төрт жыл бұрын Елбасы Жар­лығымен Алматыға қосылған Наурызбай ауданының алғашқы жылын құжаттар­мен істелетін жұмыс­тардың жоспарына арнасақ, үш жыл ішіндегі атқарылып жатқан шаруа­ларға өздеріңіз куәсіздер. Осы уақыт­қа дейін ауданның қажеттілігі үшін 60 млрд. теңге жұмсалды. Мұнда мың адам­ға дейін қызмет көрсететін орта­лық, мектептер, балабақша, Же­дел жәрдем орта­лығы бар. Былтыр ғана №174 мектептің ашылу салтана­тына қатыссақ, биыл тағы кездесіп тұрмыз.

Жолдар жөнделіп, кәріз желілері тарты­лып жатыр. Жалпы, сіздердің өмір сүру сапа­ларыңыздың жақсаруы үшін барлық жағдайды жасап жатыр­мыз. Ал құрметті ата-аналар, сіздер өз тараптары­ңыздан ұстаздардың мәрте­бесін айшықтап, жас ұрпақты елін сүйер азамат етіп тәрбиелеу үшін бірлесе ат­салысыңыздар, – деді шаһар бас­шысы.

Осыдан соң 1-сынып оқушылары ортаға шығып, өздерінің білімді, саналы ұрпақ болып өсетіндіктерін айтып, сенімді ақтайтындарын жет­кізді. Наурызбай ауданы Ардагер­лер кеңесінің төрағасы Мә­де­ниет Кар­кенов аудан халқының атынан барлық атқарылып жатқан игіліктер үшін Елбасыға деген алғысын жеткізді.

Алғашқы қоңырау соғылып, бар­лық оқушылар жаңа мектептің табал­дырығын аттады. Шаһар басшы­сы жаңа мектеп ішін аралап, құры­лысты сәтімен аяқтаған «Астана­құрылыс» компаниясына алғысын білдірді.

Ерекшелігі көп ерекше мектепте, ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуларына, жүріп-тұруларына кеңі­нен жағдай жасалған. Көз жанары көрмей­тін балалардың білім алуы үшін Брайльдік рельефті нүктелі қаріптер арқылы дәріс беретін сыныптар, арнайы санитар­лық бөлмелер  шақыру нүкте­лерімен толық қамтылған.

Арбамен жүретін балалар үшін лифті­лер жұмыс істейді. Кең де жарық дәліздері бар мектепте рабо­тотехникалы кабинеттер, физика, химия пәнінің арнайы кабинеттері, ата-аналар үшін де кабинеттер жабдық­талған. Ғимараттың сапасы да өте жоғары. Мұнда сейсмикалық төзімділікке ерекше мән берілген. Жапония тәжірибесіне сүйене отырып, барлық жиһаздар қабырғаға мықтап бекітілген. Кітапхана, спорт зал, асхана, басқа да оқушыларға қажетті оқу кабинеттері бар.

Ауасы да, ауласы да ерекше мектептің оқушылары білімге бас қойып, «Мен елім­нің патриотымен» атты алғашқы сабақты бастап кетті.

 Керек дерек:

Алматыда 204 мемлекеттік мектеп бар

 67 – қазақ мектебі,

66 – орыс мектебі,

68 – аралас мектеп.

 Алматыда  биыл 28 мың бүлдіршін

1-сыныпқа барды.

 Алматы қаласында 240 мыңнан астам оқушы мектеп партасына отырды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *