АЛМАТЫДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЖАЗ МЕРЕКЕСІ БАСТАЛДЫ

33Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік фи­лармониясында Халықаралық джаз фестивалінің ашылу салтанаты болды. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан бұл мәдени шараның ұйымдастырушылары – Джаз мекте­бінің директоры Тагир Зарипов пен фести­вальдің музыкалық директоры Қарлығаш Мақатова. 

 

Балнұр АХМЕТ

Осымен он бесінші рет өткізіліп отырған дәстүрлі фестивальге Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен Францияның бас консулы Патрик Ренар қатысты. Мерекенің шымылдығын «Almaty Jazz Band» өнер ұжымы ашты. Фестивальдің алғашқы күнінде Боян Зед және Жульен Луро француздық дуэті өнер көрсетті. Джаз мерекесінде алғаш рет екі итальяндық ұжым – «Лука Чиар­ла» триосы және «Джулиано Перин» квартеті өнер көрсетпек. Сонымен қатар, биылғы фестивальде «Джулия Хюльсман» триосы (Гер­мания), «RGG» триосы (Польша), «Edі Nulz» триосы (Австрия), Хоменков бэнд (Қазақстан), Омер Кляйн (Израиль), «Вероника Харча» тобы (Венгрия), «Шенова Улькер» квартеті (Түркия) өнерлерін тамашалайтын боламыз.

Фестивальдің өтуіне Алматы қаласы әкімдігі, сонымен қатар, Франция, Германия, Польша, Венгрия, Түркия Бас консулдықтары, Италия, Австрия және Израильдің Қазақстандағы елшіліктері, «Француз Альянсы» және «Гёте институты» қолдау көрсетті. ЮНЕСКО және Франция, Германия мен Австрия сыртқы істер министрліктері мерекенің серіктестері болды. Бас демеуші – «Turkіsh Aіrlіnes» әуе компаниясы.

Фестивальдің ұйымдастырушысы Тагир Зарипов өз сөзінде еліміздің тарихындағы бұл мәдени шараның маңыздылығын айрықша атап өтті.

– Биылғы жыл – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы тәрізді маңызды оқиғалармен ерекшеленеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында халықаралық мәдени байланыстарға айрықша мән беріледі. Биыл Халықаралық джаз фестивалі 15-рет өткізіліп отыр. Әлем­нің әр түкпірінен келген музыканттар өнер көрсететін бұл фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдір­ген қала әкімдігі мен Алматы қаласы­ның әкімі Бауыржан Байбекке алғыс білдіреміз. Біздің Джаз мектебіміз Орталық Азия аумағында жастарға арналған жалғыз мектеп болып табылады. Мектепте 6 жас пен 18 жас аралығындағы түлектер білім алады. Біз өткізіп отырған джаз фестивалі қала  мен еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиға. Бұл фестиваль біздің жас музыканттарға кәсіби деңгейде өрлеуіне және шет­елдік қатысушы­ларға қазақстан­дық джазмендердің деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Мұндай фестива­льдер Алматы қаласының ірі мәдени орталық болып отырғанын көрсетеді, – деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, Тагир Зарипов Алматыдағы «Халықаралық Джаз мерекесі» фестивалінің ғана емес, бүкіл Орталық Азия бойынша жалғыз Джаз мектебінің негізін қа­лаушы. Аталған мектеп Алматы қала­сында 2000 жылы ашылған. Ал, Ал­маты Халықаралық джаз фести­валі алғаш рет 2001 жылдың көкте­мінде өткен болатын.

Концертте сөз алған Францияның бас консулы Патрик Ренар тыңдар­мандарға көктемгі керемет көңіл-күй сыйлайтын халықаралық джаз фес­ти­валі өте маңызды мереке екендігіне тоқталды.

Көрермендер мерекелік концерт­терді 10 сәуірге дейін «Қазақконцерт» залынан тамашалай алады. Фестиваль аясында оған қатысатын музыкант­тардың дәстүрлі шеберлік сыныптары өткізілмек. Ізгі шарада әлемге әйгілі өнерпаздар көрермендерге өздерінің өнер жолындағы сыр-құпиялары туралы  да айтып беретін болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *