Алматыда электроавтобустар жүре бастады

Серік ЖҰМАБАЙ

Алматы қаласының көшелерінде тұрғындар көптен күткен FalconEuroBus компаниясының қазақ-неміс әріптестерімен бірлесе жасаған алғашқы электроавтобустары өз қызметін көрсете бастады.

Алматы қаласы қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әділов «№1 Аlmaty Еlektroavtobys parkі» ЖШС кәсіпорны мен жаңа маршруттың ашылуымен құттықтап, жолаушы тасымалдау жүйесінде бәсекелестікке лайықты еуропалық өнімдерді пайдалану аса маңызды екенін атап өтті.

– Жаңа технологияның дамуы алматылықтардың өмір-тұрмысын жақсартып қана қоймайды, сонымен қатар, қаланың инфрақұрылымын, оның ішінде қоғамдық көлік тасымалы жүйесін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді. Басты мақсат – Алматыда көлік жүйесін реформалау арқылы қалалықтарға сапалы көлік қызметін көрсету және жолаушы тасымалының деңгейін көтеру. Заманауи үздік технологияларды қолданысқа енгізу көлік саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Өз кезегінде бұл «ақылды қала» құру үшін маңызды қадам болып табылады. Бұл жобаны жүзеге асыруға бюджет қаражаты жұмсалған жоқ, инвесторлар мен автопарктің қаражаты ғана құйылды. Және қала әкімдігі электроавтобустарды сатып алмайды, біз тек маршрутты ғана анықтап бердік, – деді Ерлан Әділов.

Бұдан кейін зауыт шығарған жаңа экоавтобустарды қолданысқа енгізу және жұмыс істеу қарқыны туралы ақпарат берген «№1 Аlmaty Еlektroavtobys parkі» ЖШС бас директоры Петр Смехович атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.

«Жаңа үлгідегі электроавтобустардың жұмысын биік деңгейде ұйымдастыру мақсатында арнайы автопарк құрылды. Ең соңғы технологиялық жетістіктермен жабдықталған автопарктің диспетчерлік орталығы маршрутқа шыққан барлық автокөліктердің жұмысын тәулік бойы толық қадағалап отырады. Барлық қажетті мамандар білікті кадрлардан жасақталды. Оның ішінде автобус жүргізушілері арнайы оқу тәжірибелік класында дайындықтан өткізілді», – деді автопарк басшысы.

FALCON M.ADІ маркалы электрокөліктердің  ерекшелігі мынада: автобустың едені төмен, ыңғайлы, тұтас металдан құйылған, екі есікті, жолаушылардың, балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың түсіп-шығуына толық жағдай жасалған. Салонда барлық техникалық жабдықтар: жедел қызмет шақыру құрылғысы, аудио мен  навигациялық жүйелер, микрофон, дыбыс күшейткіш, рация, мониторлар, ақпараттық электронды тақталар, маршрут бағыттары, жолаушыларды санау есептегіші, смартфондар мен гаджеттерді зарядтауға арналған USB нүктелері, бақылау камералары (артқы/алдыңғы, ортаңғы есіктер мен жолаушыларды көріп отыратын) орналастырылған.

Сонымен қатар, электроавтобустар қоршаған ортаның табиғатына залалы тимейтін ең заманауи қоғамдық көлік. Бұл автобустар ауаны ластамайды және дыбыссыз қозғалады.

– Бүгінгі таңда бүкіл әлемде экология мәселесі бірінші орында тұр. Сондықтан дүниежүзілік қоғамдастық қоршаған ортаны қорғаудың әртүрлі жолдарын іздестіруде. Электроавтобустарды шығару – Алматы шаһарының экологиясын жақсартудың басты қадамының бірі. Автобустарды құрастыру барысында экологиялық қауіпсіздікке қатысты стандарттардың барлығы қатаң сақталды, – деп атап өтті автопарк басшысы.

Экоавтобустар Төле би көшесінің бойымен №206 маршрутқа шығып (Яссауи көшесінен Шығыс айналма жолға) дейін барады. Бұл маршрут таңдалғанда, көшенің кеңдігі, туралығы, ұзақтығы ескерілген. Ұзындығы 10 шақырымнан асатын бұл көше Алматыдағы жолаушылар тасқыны көп жүретін ең ірі бағыттың бірі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *