АЛМАТЫДА 93 БАҒДАРШАМ ЖАҢАРАДЫ

ҚР «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңына 10 қаңтар күні енгізілген өзгерістер мен толықтырулар сәулет, қала құрылысы, жер қатынастары, жасыл қорды сақтау, кәсіпкерлік, коммуналдық меншікті басқару, көлік және әлеуметтік салаларды қамтығаны белгілі. Осыған орай Қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Қанат Байқоңыров аталған заң аясында көлік қауіпсіздігіне де баса назар аударылатынын тілге тиек етті. Ол жаңа Ережелердің жобасына бірқатар жаңа нормалардың енгенін де айтып өтті.

Мәншүк БЕКБОСЫН

Айтуынша, бұл заң Алматы қаласы­ның мәслихаты мен әкімдігіне заңна­малық деңгейде төрт бағыт бойынша ережелерді қабылдауға және бекітуге мүмкіндік береді. Олар:

  1. Автотұрақ кеңістігі;
  2. Жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесі;
  3. Қалалық рельстік көліктегі тарифтік саясат;
  4. Көлік инфрақұрылымы нысан­дарын басқару және пайдалану.

–       Бүгінде біз Алматы қаласының ком­муналдық меншігіне вокзал шаруа­шылығын қабылдаудамыз. Осы мәселе төңірегінде бірқатар сұрақтар туындаған еді. Ең алдымен, вокзалда коммерциялық нысандар бар. Олар жалға беріледі. Ал әкімдік мемлекеттік мекеме болғандық­тан бюджеттік заңнамаға сәйкес, біз кәсіпкерлік қызметпен айналысатын мекемені қала балансына алуға қақымыз жоқ. Екіншіден, вокзал стратегиялық нысан ретінде де жеке субъектіге беріл­мейді. Осы тектес мәселелер туындаған кезде басқарушылық шешімдерді қабылдау үшін заң аясында қабылданған  құзыреттілік қажет, – деді Қ.Байқоңыров.

Қалалық мобильділік басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, биыл Алматыда 93 бағдаршам нысаны жаңғыртылмақ. Жалпы, қалада 450 бағдаршам бар.

–       ҚР «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңында қала әкімдігі жол қозғалысын басқарудың автомат­тан­дырылған жүйесін енгізу және пайда­ланудың жаңа ережелерін әзірлеуде. Аталған ережелер қаланың бағдаршам шаруашылығын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Биыл 93 бағдаршам зияткерлік көлік жүйесімен жабдықталады, – деді Қ.Байқоңыров.

Айтуынша, «ақылды» бағдаршамдар жолдардағы қозғалысты өз бетімен реттемек.  Өйткені, олар жүргізушілер үшін оңтайлы режимді өздері болжайды (20 немесе 30 секунд).

Әр бағыт бойынша жолақтағы көлік саны автоматты түрде есептеліп, көліктердің жылдамдығы анықталады. Осылайша бағдаршамдар өздері жол жағдайына бейімделеді. Бағдарлама бойынша «жасыл дәліз» құрылып, бірінші кезекте үлкен қозғалыс ағыны мен қоғамдық көлікке басымдық беріледі.

–              Мұндай жасанды интеллектті енгізу қаланың күрделі мәселелерін шешу­ге, атап айтқанда, жолдардағы кеп­те­ліс санын азайтуға, көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға және апатты жағдайлардың туындауын қысқартуға септігін тигізбек, – деді Қалалық мобиль­ділік басқарма басшысының орын­басары.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *