АЛМАТЫДА 500-ДЕН АСА АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ ЖЕТІСПЕЙДІ

Алматы әкімдігі: Қоғамдық көлікті дамыту

 Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілері тапшы. Нақты айтқанда, қазір қаладағы автобустарға шамамен 500-ден астам жүргізуші жетпейді. Сондықтан олардың санын көбейту жоспарланып отыр.

Құттыбек АЙМАХАН

Жалпы, жуырда шаһардағы кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне өзгерістер енгізіліп, қоғамдық көлік жүргізушілерін даярлауға басымдық берілмек. Жақында, бұл жайлы қала әкімі Бақытжан Сағын­таев мәлімдеді.

Алматыда қоғамдық көлікпен қаты­найтын тұрғындардың қатары жыл санап өсіп келеді. Өйткені, қала тұрғындары жолау­шылар көлігіне жұмыс күндері 1 млн.-нан астам рет отырады екен. Соған орай, жолаушыларға көрсетілетін қызмет те мінсіз болуы тиіс. Атап өтетіні, қазір Алма­ты автопаркі 80 пайызға жаңарған. Ал жыл соңына дейін тағы 416 автобус сатып алу жоспарда тұр. Нәтижесінде шаһардың қоғамдық көліктері толық жаңартылады. Бірақ сол автобустарға жүргізушілер жетіспейді екен.

Осыған байланысты Алматы қаласы Мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев «Мысалы, қазір біздің автопарктерде 3 мыңнан аса жүргізуші бар.Ал олардың 75 пайызында үй жоқ. Әрі жүргізушілердің негізі Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келген. Сол себепті, олардың арасында тіпті, авто­буста қонатындар да бар.Бұл – ең түйткілді мәселе. Мысалы, қазір бізде жүргізуші күніне 16–18 сағат жұмыс істейді. Сосын ол 2 күн демалады, оның орнына басқа жүргізуші келеді», – деді. Мұны естіген әкім шошып кетіп «Автобуста қонатын жүргізу­шілер бар дейді. Бұл сұмдық қой? Қалай біз ондай ұйқысы шала адамдарға жолау­шылар өмірін сеніп тапсыра аламыз!? Бұл қай жерде бар мәселе? Өйткені, автобустар ішінде ұйықтайтындар біздің «Алматыэлек­трокөлік» жүргізушілері ме, жоқ әлде жекеменшік парктер жүргізушілері ме? Егер рас болса, онда оған жол берген жетекшілерді жазалау керек», – деген.

Шаһар басшысы бұл түйткілді шешуге бірден тапсырма берді. Өйткені, дұрыс тынықпаған жүргізуші өзінің ғана емес, жолаушылардың да басын қатерге тігуі мүмкін еді. Соған орай, жауапты басқарма өкілдері қоғамдық көлік жүргізушілерін көбейту үшін, оларға қойылатын талапты да жеңілдетуді сұрады. «Қазір заң бойынша автобус­ты жүргізуге 25 жастан асқан, 5 жыл жүр­гізуші болып еңбек еткен және 28 орынды автобусты 3 жыл жүргізген адамға ғана рұқсат етіледі. Қазір мұндай тәжірибелі жүргізушілерді табу өте қиын. Сондықтан автобусты 1 жыл жүргізген адамға қалада қоғамдық көлік жүргізуге рұқсат беру мәсе­лесін қарастыру керек», – дейді  Сағын­дық Телібаев.

Осылай автобусты тек 1 жыл ғана жүр­гізген адамға көп жолаушылардың өмірін сеніп тапсыру жөнсіз екенін қадап айтқан шаһар басшысы қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қойды. Содан кейін Бақытжан Сағынтаев тиісті қызмет басшыларына қоғамдық көлік жүргізу­шілерінің тапшылығын жою жолдарын бір апта ішінде шұғыл қарастыруды тапсырды. Сосын қала әкімі «Мұндай мәселемен жүйелі түрде айналысу қажет. Автобус­тарды жаңартып жатырмыз ба, демек жүргізушілерді ұмыт қалдырмауымыз керек. Егер бізде жүргізуші тапшы болса, демек біз оларды даярлап жатқан жоқпыз деген сөз. Қазір колледждердің қаншасы қоғамдық көлік жүргізушілерін дайындап жатыр? Бұл сауалдың жауабын ешкім білмейді. Сондықтан да Білім басқармасы­мен бірлесе отырып автопарк кадрларын оқыту мәселесін қарастыруды және бір апта ішінде бұл мәселені нақты шешу жолын әзірлеуді тапсырамын», – деді Алматы қаласының әкімі.

Бұдан бөлек, қазір қалааралық автобус­тардың қатынасы да көңіл көншітпей тұр. Өйткені, қазір облыс аумағынан Алматы қаласына күн сайын 600-ге жуық автобус адам тасиды екен. Бірақ бұл қызметтің сапасы да сын көтермейді. Себебі, бүгінде жекеменшікке тиесілі жолаушылар көлігі­нің барлығы әбден тозған. Көбіне әлі күнге «Оңай» жүйесі орнатылмаған. Соның салда­рынан олардың тапқан табысын есептеу тіптен мүмкін болмай отыр. Сондықтан да қала іргесіне қатынайтын автобустарды субсидия бөліп, жаңарту ұсынылды. Әрі «Оңай» жүйесін орнатып, диспетчер арқылы олардың бәрін бақылап отыру керектігі сөз болды.

Осы ретте Б.Сағынтаев: «Қазір жеке тасымалдаушылар өздігінен автобустарын жаңартпайды. Олар көлік әбден қирап, тоқтап қалғанша адам тасымалдай береді. Сондықтан да, қала ішінде жүретін автобус­тарды жаңартқан кезде, 2016-2017 жылғы автобустарды сол жаққа ауыстырып отыру керек. Бұл мысал ретінде ғана айтылды. Бір аптадан кейін қалааралық тасымалдаушылардың жұмысын жүйелеу­дің нақты жоспарын көрсететін ұсыныс күтемін сіздерден», – деді.

Сонымен қатар, қаладағы троллейбус­тардың жүрісін жеделдету үшін, олардың кабельдік желілерін жаңарту жұмыстары жоспарланып отыр. Өйткені, аталған қоғамдық көлік сымының қазір 60 пайызы ескіріпті. Соның кесірінен троллейбустар­дың токтан ажырап, орта жолда тұрып қалуы жиілеген. Осы ретте қалалық Мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев: «Бүгінде троллейбус желілерін жаңартуға 300 млн. теңге бөлініп отыр. Ал бұл жұмыстарды біз биыл Тими­рязев көшесіндегі сымдарды ауыстырудан бастамақпыз. Ал оның ұзындығы 5,1 шақырымды құрайды. Бұл көшедегі желіде көп ақау анықталды», – деді.

Қала әкімі бұл бағытта жұмыстарды тағы пысықтап, конкурстық негіздегі жұмысты жасауға қаржы бөлуді тапсырды. Қысқасы, қазір қалада жол-көлік инфра­құрылымын жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соған орай маңызды тораптар салынып, жөнделетін көше­лердің тізімі де бекітіліп қойды. Сон­дықтан шаһар басшысы жасалып жатқан жұмыстар жайында тұрғындарға дер кезін­де хабарлап отыратын ақпарат тақтасын әзірлеуді міндеттеді.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *