Алматыда 48 жерүстi және жерасты жол өткелi салынады

Думан АНАШ

Алматы қаласының Әкiмi Ахметжан Есiмов жерүстi және жерасты жаяу жүргiншi өткелдерiнiң құрылысы бағдарламасымен танысты. Аталған бағдарламада жол желiлерiндегi қысымды жеңiлдету және жол қозғалысына қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында даңғылдардың көлiк өткiзу мүмкiндiгiн ұлғайту және жаяу жүргiншi жолдарын көбейту көрiнiс тапқан.

Өткен жылы Алматыда барлығы 22 жерүстi және жерасты жүргiншi жолдары салынған болатын. Жалпы, қазiргi кезде қалада 56 осындай жол өткелдерi бар.

Шаһардағы Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы Жол полициясы басқармасымен, сондай-ақ, Көлiк және коммуникация ҒЗИ-мен бiрлесе отырып, қаладағы көлiк тасқыны көп әрi жаяу жүргiншi жолын қажет ететiн аумақтарды анықтады. Сондықтан, 2014 жылдың соңына дейiн тағы 48 жерүстi және жерасты жол өткелi салынатын болады. Қала әкiмдiгiнiң ұйғаруы бойынша, бұл құрылыс үш кезең бойынша жүргiзiлмек. Мәселен, 2012 жылы – 16, 2013 жылы – 16, ал, 2014 жылы тағы да 16 жаяу жүргiншiлерге арналған жол өткелi салынатын болады. Жаяу жүргiншi жолын ең қажет ететiн аумақ — шаһардың солтүстiк-батыс жағы болып отыр. Мұнда жол өткелдерiнiң алғашқы кезеңi жүзеге асырылады деп күтiлуде.

Ахметжан Есiмов жол өткелiн жобалауға кешендi түрде қарау керектiгiн атап өттi. Қала Әкiмi Экономика және бюджеттi жоспарлау басқармасына 2013 жылы салынатын жаяу жүргiншiлерге арналған жол өткелдерiнiң құрылысы мен жобалау құжаттарына қажеттi қаржыны қарастыруды, сонымен бiрге, Жолаушылар көлiгi мен автокөлiк жолдары басқармасына құрылыстың екiншi және үшiншi кезеңiндегi жұмыстарды мұқият қадағалауды тапсырды.

Бұдан өзге, шаһар басшысы Алматы қаласының магистральдi жол-көлiк жүйесiн дамыту бағдарламасымен танысты. Бұл бағдарламада жолайрық, өткел жолдар құрылысы мен Райымбек, Рысқұлов, Сайын, Төле би даңғылдарын кеңейту, Үлкен Алматы айналма жолына, Шығыс айналма жолына шығу жолдары қарастырылған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *