Алматыда 48 жағдай анықталды

  Қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы Тілеухан Әбілдаев қаладағы жағдайға байланысты брифинг өткізді:

— Бүгінгі күні қала бойынша COVID-2019 індетін жұқтырған 48 расталған жағдай тіркелді. Дәл қазір қаладағы жұқпалы аурулар стационарларында 47 науқас емделуде. Бір науқас айығып шықты. Сонымен қатар, жаңадан анықталып отырған бес науқастың жағдайына келсем, төртеуі Минск-Алматы рейсімен ұшып келгендер. Бұлардың барлығы 26 наурыз күні ұшып келген жолаушылар. Тағы да бір науқас 15 наурыз күні Ыстамбұл-Алматы рейсімен ұшып келді. Ол 18 наурыз күні оқшауланды. Бастапқы кездегі талдаулар теріс нәтиже көрсетсе, 26 наурыз күнгі қайта тапсырған талдаулар нәтижесі бойынша оң нәтиже көрсетіп отыр. Осы уақыттар ішінде ол оқшауланып келді. Дәл қазіргі көрсеткіш бойынша 45 науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Сондай-ақ өкпенің жасанды аппаратында жатқан әйелдің жағдайы ауыр. Бір баланың жағдайы орташа дәрежеде. Сонымен қатар, күні кеше бір науқастың айығып шыққанын да айта кеткім келіп отыр. Ендігі жерде бұл науқас 14 күн бойы үй жағдайында емхана қызметкерлерінің бақылауында болады. Қазіргі кезде провизорлық орталықтарда 1099 адам бар. Олардың 72-і балалар. Карантиндік орталықтарда 471 адам, үй карантинінде 2037 адам бар. Карантинде отырғандардың температуралары қалыпты жағдайда, қандай да бір катаралдық симптомдар жоқ.

Құрметті қала тұрғындары! Басқа елден ұшып келген жолаушылардың талдау тапсыру үшін 2 күндік карантинге орналастырылатынын ескертеміз. Біз мұндай қадамға халық арасында коронавирус таралып кетпеуі үшін барып отырғанымызды тағы да еске саламын. Өзге елден келген жолаушылардың барлығынан COVID-2019 талдаулары алынатын болады. Егер талдау нәтижесі таза көрсеткіш көрсетсе, үйлеріне қайтарылады.

Брифингте Тілеухан Шілдебайұлы күні кеше коронавирустан қайтыс болған әйел туралы айтты.  Қайтыс болған әйелмен байланыста болған 6 адамның ауруханаға жатқызылғанын айтып, оларға жан-жақты талдау жасалатынын жеткізді. Басқарма басшысы екі науқас баланың жағдайынан да хабардар етті. Олардың біреуінің талдау нәтижесі теріс көрсеткіш көрсетсе, екінші баланың жағдайы орта деңгейде, жалпы күннен күнге жақсарып келе жатқандығы байқалады,-деді Тілеухан Әбілдаев.

Рая Ескендір

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *