Алматыда 2760-қа жуық азамат пробациялық бақылауда

Әсел ДАҒЖАН   

ТМД және Орталық Азия елдерінің ішінде пробацияның толық жүйесін қабылдаған бірден-бір ел – Қазақстан. Жыл сайын елімізде пробация қызметінің есебінен 50-60 мыңдай сотталған өтеді. Бұл туралы Алматыда өткен «ІІ Орталық Азиялық диалог: түрмедегі адамдар санын азайту және пробация қызметін дамыту» атты конференцияда ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев хабарлады.

Айта кетейік, пробация дегеніміз адамдардың қайта қылмыстық құқық- бұзушылыққа бармауы үшін мінез-құлқын түзеуге бағытталған қызмет түрі мен бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы шаралардың заңмен белгіленген жүйесі. Пробация – есепте тұрған адамдарға пробациялық бақылау және әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету түрінде жүргізіледі.

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, еліміздегі пробация қызметтерінің бақылауында 35 мыңға жуық сотталған есепте тұрған көрінеді.

  • Осы жылдың басынан бері еліміздің барлық өңірінде пробация қызметінің есебінде тұрған елу мыңнан аса сотталған әлеуеметтік-құқықтық көмектер алды, – дейді Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев.

Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудегі негізгі бағытқа пробацияның есебінде тұрғандарды жұмысқа орналастыру, ем, білім алуына жәрдемдесу, құжаттарын қайта қалпына келтіру, психологиялық  көмек беру және өзге де әлеуметтік-құқықтар жатады.

Пробация қызметкерлерінің тиімді әрекеттерінің нәтижесінде 2019 жылдың 10 айында есепте тұрған 7,5 мың адам жұмысқа орналасса, 11 мың адамға ем алуға көмек көрсетілген. 30 мыңға жуық сотталған психологиялық көмек алса, 130 адам білім алуға, өзге де көмектер алуға мүмкіндік алған.

Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері сотталғандардың арасында қайта қылмыс жасау деңгейі 20,1%-ға азайған. Бірақ бас бостандығынан айырмай, түрлі жаза кесілген қылмыскерлердің саны 23 пайызға артқан. Тұрмыстық проблемалардың дұрыс жолға қойылмауы – адамдарды қылмысқа итермелейтін бірден-бір себеп көрінеді. Сотталғандардың қайта қылмыс жасауы олардың түзу жолға түсуге деген ниетінің, тұрақты жұмыс орнының болмауы және ішімдікке салынуының кесірінен болатын көрінеді.

  • Қайта қылмыс жасап, түрмеге түскендерден себебін сұраймыз. Негізі бостандыққа шыққанда оларға жұмыс ұсынылады. Бірақ олар жұмысты менсінбей, жалақысы аз дейді. Көше сыпырғылары келмейді. Содан қайта қылмысқа барып, түрмеге түседі. Бір жағынан мұндағы дайын тамақ пен жылы төсекке үйреніп алады. Оның үстіне олар бостандыққа шыққанда барар жері жоқ. Туысқандары бас тартқандықтан, олардың көбі жалғыз қалады, – дейді Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев.

Алыс-жақын шетелдегі дәл осы жұмыссыздық мәселесінің шешімі қалай дейтін болсақ, Тайландтағы Чьянг Май әйелдер түрмесінде жазасын өтеп, бостандыққа шыққан әйелдерді 2014 жылдан бері массаж курсы бойынша біліктілігін арттыратын курстарда оқытып, жұмысқа қабылдауда. Олар осы курстан өткен соң айына 950 доллардай табыс таба алады. Ол тіпті Тайландағы орташа жалақыдан екі есеге жоғары деуге болады. Ал 2017 жылдан бері дәл осы елде сотталған әйелдерді шағын және орта бизнеске оқытуда. Сол арқылы тайландтықтар жаза мерзімін өтеп шыққаннан кейінгі жұмыссыздық пен гендерлік теңсіздік мәселесін шешуге тырысуда.

Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің мәліметінше, қала аумағында кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз ЛА-155/6 мекемесі, ЛА-155/13 және  ЛА-155/18 тергеу изоляторы бар. ЛА-155/18 мекемесінде тергеу іс-шараларының қатысушылары, айыпталушылар мен күдіктілер, сонымен қатар сот үкімі заңды күшіне енген сотталған азаматтар отырады. Бүгінде мұнда жалпы саны 1300-ге жуық адам бар. Одан кейін республикамызда кәмелетке толмаған сотталған балаларды ұстайтын мекеме бар. Жыл басынан бері онда 45 бала қамауда. Онда ауыр және аса ауыр қылмыс жасап, сотталған балалар отыр.

Алматыда 2760-қа жуық сотталған азаматтар пробациялық бақылауға алынған. Олар бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталғандар, қоғамдық жұмыс, түзеу жұмыстары және шартты мерзімге сотталғандар. Пробациялық бақылаудағы сотталған азаматтарға мемлекет киімі, тамағы, үй жайы және т.б. өмірлік қажеттіліктеріне қаражат бөлмейді. Олар өздері жұмыс істеп, өз қажеттіліктерін қамтамасыз ете алады дейді мамандар.

Айта кетейік, ЛА-155/6 мекемесіне сотталғандарды ұстауға 2019 жылы бюджеттен 290 млн. тенге бөлінген. Оның ішінде сотталғандардың тамағы, киімі, су, жылу, дәрі-дәрмектері, қажетті заттары (көрпе, матрац, сабын, тіс пастасы), қызметкерлердің айлықтары және т.б. бар. Ал ЛА-155/18 тергеу изоляторына 1 млрд. 80 млн-ға жуық қаражат бөлінген.

Түрмедегі адам санын азайту, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің мәселелерін кеңінен талқылаған бұл конференцияға Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің депутаттары, Грузия, Ұлыбритания, Германия және Польша мемлекеттерінің сарапшылары да қатысты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *