Алматыда 2,5 мыңнан астам отбасы АӘК алды

Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Данияр Әлкебайұлы айтты. Оның сөзіне сүйенсек, биылғы 5 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) жаңа формат бойынша төлеу үшін құжаттар қабылдануда.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

– Бүгінгі күні АӘК-ні рәсімдеу жөнінде 10 500-ден аса адам кеңес алған, 4 256 өті­­ніш қабылданып, 3401 отбасыға атаулы әлеумет­тік көмек тағайындалған. 313 құжат учаскелік комиссияның қарауында. Ал 2 533 отбасына АӘК төленді, – деді Данияр Әлкебайұлы.

Өтініштерді қабылдау аудандық әлеу­меттік әл-ауқат бөлімдерінде, Алматы қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту және Алатау ауданының «Бақытты отбасы» орталығында жүзеге асырылады.

Бұдан басқа, 2020 жылдан бастап қосымша аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін заттай қолдауды қамтитын кепілді әлеуметтік пакет қарастырылған. Оған мектеп жасына дейінгі балалар үшін (1–6 жас) бала­лар тағамы және гигиеналық керек-жарақ­тары; мектеп жасындағы (6–18 жас) балалар үшін жаңа оқу жылынан бастап мектеп­терде ыстық тамақ, мектеп киімдері мен керек-жарақтарын сатып алу және жол жүру шығындарын өтеу кіреді.

Айта кету керек, атаулы әлеуметтік көмек отбасының еңбекке қабілетті мүшелері мемлекет тарапынан ұсынылған, жұмыспен қамтылуына дәнекер болатын іс-шаралардан бас тартқан жағдайда оларға қарастырыл­майды және балаларға бел­гіленген төлемдер жойылады.

2019 жылдың тамыз айынан бастап көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында «Іскер ANA» әйелдер кәсіп­керлігін дамыту бағдарламасын жүзеге асыратын «Бақытты отбасы» орталықтары жұмыс істейді. Аталған бағдарлама бойынша 13 474 адам базалық тренингтерден өтті, 6 900 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылды. Бағдарла­мада демеушілер мен меценаттар арқылы өз бизнесін ашқысы келетін жандарға көмек беру мүмкіндіктері қарастырылған. Былтыр демеушілердің қолдауымен 129 адам жеке кәсібін ашты.

Білім беру желісі бойынша көпбалалы, тұрмыс деңгейі төмендеу отбасылардан шыққан 564 бала үшін (екі баладан бастап) балабақшаларда тамақтануға ақы төленеді. Мектептерде 22 126 бала «жаппай оқыту» қорынан тегін тамақтанады. Қазіргі уақыт­та осы санаттағы балалар үшін мектеп формасын және сабақ құралдарын сатып алуға қосымша қаржы көздері қарас­тырылуда.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *