АЛМАТЫ БІР КҮНДЕ ОРНАҒАН ЖОҚ

ШАҺАР ШЕЖІРЕСІ

%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%82-3

Мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы облысы мен қаласының құрметті азаматы Кеңес АУХАДИЕВПЕН бүгінгі әңгімеміз Алматы қаласының Бас жоспары мен шаһардағы тұрғын үй құрылысының дамуы туралы болмақ

 

Алматы қаласының Бас жоспары шаһарды дамытудың негізгі бағытын айқындады

— Кеңес Мұстаханұлы, қай салада болмасын, жүйелі жоспар мен басты  бағытты айқындап алмай тұрып алға басу болмайтыны белгілі. Күн өткен сайын қарыштап, даңқы әлемге танылған әсем Алматының дамуы мен өркендеуі туралы әңгіме қозғағанда қаланың Бас жоспары   жиі еске оралады. Алматы қаласы мен облысын басқарған жылдары  шаһардың Бас жоспарын жаңғыртып, қайта қараған кездеріңіз де болған шығар?

— Мыңжылдық тарихы бар Алматы қаласы туралы сөз қозғағанда оның бас­тапқы орналасуында белгілі бір жоспар, ба­ғыт-бағдар, мақсат болғанын ешкім жоққа шығармайды. Халқымыздың көш­пен­ді тұр­мыс салтында күрделі құрылыс­тарды жоспарлау жоққа тән еді. Алғашқы қоныс­танған адамдар Алматының тіршілік етуге, төрт түлік мал өсіріп, егіс егуге, құрылыс салуға, болашақ ұрпағының өсіп-өркен­деуі­не қолайлы, табиғат жағдайы да келісті  аймақ екенін жан-жақты ойластырып ба­рып, мекен еткен болар. Ол жоспарлау сти­хиялы түрде табиғаттың тылсым кү­ші­нен, сыртқы жаулардың шабуылынан жой­ылып кетіп, адамзат тіршілігі қайта жан­данып отырған. Алматы қаласының жоспарлы құ­рылымы, оның орталық бөлігі мен жүйе­сінің қалыптасуы қала дамуының негізгі кезеңдерімен тығыз байланысты болып келеді. Өткен ғасырдың басындағы Қазан төңкерісінен кейінгі, әсіресе, республика астанасы Қызылордадан Алматыға кө­ші­ріл­геннен кейін қала қарқынды дами бастады. Алматы қаласының мыңжылдық мерекесі аталып жатқан кезде шаһар құ­рылысының тарихы, архитектуралық ерек­шелігі, өркендеп-дамуы туралы сөз қозға­ғанда оның Бас жоспарын ауызға алуымыз заңды құбылыс. Алматы қаласын жос­пар­лау және қайта салудың тұңғыш жобасын 1937 жылы РСФСР Халкомшарының №1 архитектуралық-жоспарлау шеберханасы (сәулетшілер А.И.Репкин, И.С.Гуревич) жасады. Бұл Бас жоспар біздің қаланың тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. 1941 — 1945 жылғы соғыс қаланың тұңғыш Бас жоспарын жүзеге асыруға мүм­кіндік бермеді. Сол кезеңнің қиындығына байланысты құрылысты жан-жақты ойластырып, жобасын жасайтын мамандар да, бұл іспен айналысатын ше­бер­ханалар да болмады. Алматы қаласын жоспарлау және қайта салу жөніндегі екінші жобаны 1949-1950 жылдары одақтық «Гипроградтың» Ленинград бө­лімшесі (сәулетшілер Д.Д.Брагин, И.И.Бе­лоцерковский, Л.К.Вертоусов) жасады. Соғыстан кейін қаланың қарқынды қанат жаюына байланысты Алматының үшінші Бас жоспары жасалды. Бұл Бас жоспар 20-25 жылға есептелген болатын. Алматының Бас жоспары жобасын  алғаш рет жергі­лікті жобалау мекемесі — Алматы қалалық атқару комитетінің  «Алматықалажобалау» мемлекеттік жобалау институты 13 маман­дандырылған жобалау және ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыра отырып жасады. Алматы қаласының 1990 жылға дейінгі даму мүмкіндігі ескерілген бұл жобаны жасауға Мәскеу мен Ленинград және Киев қалалары жобалау институт­тары атсалысты.

1973 жылы Алматы қаласындағы Совет (қазіргі Алмалы) ауданын басқарып тұрған кезімнен қала құрылысына араласа бас­тадым. 1975 жылы Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы болып келгеннен кейін Алматы қаласының Бас жоспарын жасауға тікелей араласып, басқаруыма ту­ра келді. Сонымен бірге Алматы қаласы орталық бөлігінің ірі жоспарлау және тұр­ғын аудандарының толық жете жос­парлау жобасы жасалып, бекітілді. Бұл жаңа Бас жоспарда жоспарлау құрылымы, аймақ­тарды белгілеу, жалпы тұрғын үй құры­лысын орналастыру, өнеркәсіп құрылысын реттеу, көлік қатынасының дамуы, инже­нерлік жабдықтау, көркейту-көгалдандыру, тасқынға қарсы шаралар, өзге де жағдай­лар кеңінен қарастырылды. Алматы қаласы архитектуралық сәулетінің одан әрі жетіл­дірілуі, даңғылдар бойындағы құрылыс­тарды дамыта отырып, бастапқы өрнегінің сақталуы ескерілді. Сондай  көшенің бірі Сәтбаев көшесі бойынан үлкен алаң пайда болды. Осы алаңның төңірегін көркейту-көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінді. Әл-Фараби даңғылының бойындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Халық шаруашы­лығы жетістіктері көрмесінің құрылысы, Төле би көшесінің бойы Есентай өзенінен әрі қарай ескі құрылыстардан тазартылып, Рай­ымбек даңғылындағы күрделі құрылыс­тар да Бас жоспарға енді. Алматы қаласы­ның жаңа Бас жоспарын жасау «Госплан­мен», министрліктермен Алматы қалалық атқару комитетінде жан-жақты талқылап, қол­дауға ие болғаннан  кейін 1978 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесі бекітті. Алматы қаласы Бас жоспарының сәулет­шілері — В.Ш.Гершберг, А.К.Қапанов, В.Б.Игнатьев және басқалар.

Қаланың Бас жоспары бекітілгеннен кей­ін оны іске асыру міндеті мен ұйымдас­тыру жұмыстары Алматы қалалық атқару комитетіне жүктелетіні белгілі. Сол кезде қалалық атқару комитетінің төрағасы болғаннан кейін осы міндеттерді тікелей басқаруыма тура келді. Атқару комитетінің тиісті басқарма басшылары, оның бірнеше салалары жауапты мамандарының басын қосып, жұмысты бастадық. 1975 жылы 30 мамырда Алматы қалалық партия комите­тінің бюросы (хатшысы П.Ерпилов) мен қалалық еңбекшілер депутаттары кеңесі атқару комитетінің (төрағасы К.Аухадиев) «Қаланың архитектуралық бет-бейнесін және қаланы көріктендіру шаралары тура­лы» қаулы қабылдады. Қаланы көркейту-көріктендіру басқармасы (П.А.Баришполь) «БасАлматықұрылыс» (О.М.Бейсенов), архитектуралық-жоспар­лау басқармасы (А.Қ.Қапанов), «Алматы­гирогор» инсти­туты (Қ.Қ.Нұрмақов), «Қаз­қалақұрылыс­жобалау» (А.Ш.Татығұлов), өзге де тиісті мекеме басшыларына қала­ның архитек­тура­лық-сәулет бейнесін жақ­сарту мақ­сатында жобалау жұмыстарын же­тілдіру, құрылыс жұмыстарының сапа­сын арттыру міндеттелді. Ол кезде қалада құрылыс жұ­мыстарының қарқынды жүріп келе жатқан уақыты болатын. Құрылыстың келбеті де жаңаша сипат алды. Одан бұрын қалада төрт-бес қабатты үйлер тұрғызылып келсе, енді ол жетілдіріліп, биіктей түсті. «Хрушевка» деп аталатын тар әрі аласа үйлердің уақыты өткенін заман көрсетіп берді. Басқарма басшыларымен, сәулетші-құрылысшылармен басқосуда 5 және 9 қабатты тұрғын үйлердегі балконды қонақ күтетін бөлмеден емес, ас бөлмеден шығару туралы ұсыныс айтқаным бар. Сол кездегі қаланың бас суретшісі Ш.О.Ниязбековке сәулетші-суретшілерді тарта отырып, қала  көрінісі мен безендірілуін жақсарту міндеті жүктелді. Қалалық сауда басқармасы (Г.Х.Тасов), қоғамдық тамақтандыру (В.М.Змеулин), тұрмыстық қызмет көрсету (Е.Қорғанбаев), қаланы көркейту-көгал­дан­дыру, жарнама жұмысын жақсарту, «Алматыбасқұрылыс» мекемесіне (О.М.Бей­сенов) қаладағы сәулет-құрылыс жұмыс­тарының архитектуралық бет-бейнесін жетілдіру міндеті жүктелді.

Алматы қаласын дамыту Бас жоспа­рының негізгі мақсаты — жобалау және жоспарлау құжаты қала құрылысын жүр­гізу жүйесі мен тәртібін үйлестіріп,  қада­ғалаудан тұрды. Сонымен бірге қаланың орталық бөлігі мен қоғамдық орталық жүйесін, архитектуралық-композициялық шоғырлар мен ансамбльдерді қалыптас­тыру сияқты қала құрылысы мәселелері де жан-жақты ескерілді. Әбден тозығы жеткен бір қабатты тұрғын үйлердің орнына жа­ңадан тұрғын үй аудандарын салу қарас­тырылды. Алматының Бас жоспары бойын­ша қаланың батыс жағындағы бос жерлерді құрылыс салуға пайдалану да ойласты­рылды.

Алматы қаласының Бас жоспары жо­басы бойынша орталық жолақ бойындағы архитектуралық-кеңістік композициясын тауға қарай дамыту көзделген. Оны Қ.Сәтбаев көшесінің қиылысынан жаңа Орталық алаң салу белгіленді. Қаладағы ең ірі жолдың бірінен саналатын Абай даң­ғылы бойында да осы сияқты компо­зиция­лық шоғырлар тізбектеле  орналастырылды. Абай мен Есентай өзені, Тимирязов көшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, бұрынғы Халық шаруашы­лығы жетістіктері көрмесі, Төле би көшесі, Есентай өзені және Үлкен Алматы каналы, олардың қатарында Орталық ауданы, Батыс жоспарлау ауданы, Солтүстік жос­парлау ауданы, қаланың оңтүстік-шығыс бөлігі толық, жете жоспарлау жобасы (ТЖЖЖ), «Көктем», «Орбита», «Арман», «Таугүл», «Айнабұлақ», «Жұлдыз», «Ал­магүл», «Қазақфильм», «Қарасу», «Ақсай», «Жетісу», «Мамыр», «Самал», Үлкен Алматы каналы бойындағы тұрғын үй аудандары, өзге де ірі ауқымды құрылыстар енді. Қала құрылысын қайта салу, оның құрылыс ісін дұрыс жүргізу жұмыстарының сәтті іске асуының кепілі сапалы әзірленген жобалау-жоспарлау құжаты және қала салу тәртібін қадағалау еді. Тәуелсіздік жылдары Алматы қаласының Бас жоспары уақыт талабына сәйкес жаңартылып, заманауи үлгідегі құрылыстар бой көтеріп, Алатау бауырындағы әсем қала күн өткен сайын көріктеніп келеді.

Соғыстан кейін қаланың қарқынды қанат жаюына байланысты Алматының үшінші Бас жоспары жасалды. Бұл Бас жоспар 20-25 жылға есептелген болатын. Алматының Бас жоспары жобасын  алғаш рет жергі­лікті жобалау мекемесі — Алматы қалалық атқару комитетінің  «Алматықалажобалау» мемлекеттік жобалау институты 13 маман­дандырылған жобалау және ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыра отырып жасады. Алматы қаласының 1990 жылға дейінгі даму мүмкіндігі ескерілген бұл жобаны жасауға Мәскеу мен Ленинград және Киев қалалары жобалау институт­тары атсалысты.

 

Алматыда тұрғын үй құрылысы қарқын алған кезең

— Әлемдегі қай қала болмасын адам қолымен тұрғызылып, өркен жайды.  Қаладағы құрылыс жұмыстарын жүргізетін, мәдениеті мен экономикасын дамытатын адамдарға қамқорлық жасау — оларға бірінші кезекте баспана беруден басталады. Алматы қаласының өткен тарихы мен бүгінгі кезеңін алып қарасақ та тұрғын үй құрылысын жүргізу ең өзекті мәселенің бірі болып қала бермек. 

— Иә, әлемдегі үлкен қалалар биік те, көркем, тұрмысқа қолайлы тұрғын үйле­рімен де көрікті емес пе. Ұзақ ғасырлық тарихы бар Алматы қаласындағы тұрғын үй құрылысы ертеде, әйтеуір, тіршілік үшін баспана ретінде қалай болса, солай салы­нып келсе, біртіндеп тұрмысқа қолайлы, ішінде ыстық суы мен суық суы, өзге де қолайлы жағдай жасалған көп қабатты тұрғын үйлерге ауыса бастады. Өткен та­рихқа көз жіберсек, Алматы қаласындағы тұрғын үй құрылысы 1929 жылдан жоспарлы түрде салына бастады. Осы тұста Түрксіб темір жолы жұмысшы-қызметкер­леріне арналған екі қабатты ағаш үйлер тұрғызылды. 1941 — 1945 жылдары соғыс кезінде және одан кейінгі жылдары құлдырап кеткен құрылыс қайта жандана бастады. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету орындарын жаппай салу ісі қолға алынды.

Алматы үй құрылысы комбинаты (АҮҚК) 1956 жылы «БасАлматықұрылыс» мекемесі қарамағынан құрылған республи­ка­дағы ең ірі құрылыс мекемелерінің бірі болып табылады. АҮҚК 1961 жылы пай­далануға 58278 шаршы метр, 1981 жылы 383976 шаршы метр тұрғын үйді пай­да­ла­ну­ға берді. 1981 жылы 1176 орындық мек­теп, 3360 орындық мектеп жасына дейінгі балалар мекемесін пайдалануға берді. Сол сексенінші жылдың ортасында АҮҚК салған ірі панельді үй құрылысы  жал­­пы қаладағы  үй құрылысының 80 пайызына жетіп, жылына 400-500 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріп отырды.

1971 — 1975 жылдары жаппай үй құ­рылысын салу қаланың батыс жағындағы «Көктем-1», «Көктем-2» және «Орбита» ықшамаудандарында жүргізілді. Қаланың орталық бөлігінен кешенді құрылыс салу, үлкен көшелер мен тас жолдардың бойын қайта құру (Фурманов, Желтоқсан, Жібек жолы, Гоголь көшелері, Абай, Райымбек, Сейфуллин даңғылдары) қолға алынды. Осы жылдары ірі панельді тұрғын үйлерден басқа №70 сериялы кереге  қаңқалы кірпіш үйлер де салынды. Ал, қаланың орталық бөлігіндегі көшелер   бойынан бес қабатты ВТ-20 типті кереге қаңқалы кірпіш үйлер бой көтерді. Бұл үйлердің қаңқа қарымы 6х4 метр болып, пәтер жоспары жақсы жасалған. Мұндағы қонақ бөлменің көлемі 21-22 шаршы метр. Жатын бөлме 16 шаршы метр, ас үй 9 шаршы метр. Бұдан кейін ВТ-21, ВТ-22, ВТ-23, ВТ-24, ВП сериялы, қаңқа қарымы біршама азайтыл­ған (5,4х3,6) тұрғын үйлер типі енгізілді.

1976 — 1980 жылдары жаппай тұрғын үйлер құрылысы мен мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету құрылысын салу Есентай өзенінен әрі қарай   қанат жайды. Бұл жаңа құрылыс Абай даңғылы мен Төле би көшесі аралығын, Тимирязев көшесінің оңтүсті­гіндегі бір қабатты  ескі үйлердің орнына салынды. Әйтеке би көшесінің бойымен Төлебаев және Қонаев көшелері аралы­ғынан тұтас құйма, он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтерді.

1981 — 1985 жылдары қала құрылысы бос жатқан өңірлерге, сондай-ақ, тозығы жеткен ескі үйлер орнына салынды. Құрылыстың қауырт жүрген аймағы «Көрме-1», «Көрме-2», «Тастақ-1,2,3», «Арман», «Таугүл», «Алмагүл», «Қарасу» және құрылыс салынбаған «Айнабұлақ», «Ақсай», «Орбита», «Қазақфильм» аудандары болды. Тұрғын үй құрылысы  №158 сериялы 5-9 қабатты ірі панельді қасбеті біршама жақсартылған үлгі бойынша салынды.

1982 жылдан «Самал» ықшамауданы са­лына бастады. Бұл қаланың орталық бө­лі­гінің жоспарлық құрылыс пен архи­тек­туралық келбетін қалыптастыруда елеулі орын алатын құрылыс кешені болып сана­лады. «Самал» ықшамауданы — Алматы қаласының орталық кіндігіне іргелес және қаланың Орталық алаңы — Республика алаңына жақын орналасқан.

Қалада тұтас құйма әдіспен құрылыс салу ісі дамыды. «Самал» ықшамау­данында «Клипс» типті модульді үлкен қалыппен 14 қабатты тұрғын үйлер тұр­ғызылды. 1983 жылы «Алматықалажо­балау» институты әзірлеген толық жете жоспарлау жобасына сәйкес Төле би көшесі бойында қасбетінің архитектуралық шешімі біршама жақсартылған №158 сериялы екі панельді тоғыз қабатты тұрғын үйлер салу ісі қолға алынды. 1980 жыл­дардың бірінші жартысында «Жұлдыз», «Сайран» сияқты ірі панельді тұрғын аудандар салынып, Алатау орталық ауданының оңтүстік бөлігінің толық жете жоспарлау жобасы әзірленді. Алматының тұрғын аудандары территориялық жағынан топтастырылып, бір қоғамдық-сауда орталығына, тұрмыстық қызмет көрсету шеңберіне біріктірілген ықшамаудандар түрінде болып келеді.

1978 жылы бекітілген Алматы қаласын дамытудың төртінші Бас жоспарына сәйкес қала территориясы 4 жоспарлау ауданы құрамына кіретін 17 тұрғын ауданнан тұрды. Тұрғын аудандар мен ықшамаудандардың толық жете жоспарлау және салу жобасын әзірлеуге В.А.Дрейман, В.Б.Игнатьев, А.В.Веденеев, В.П.Афа­насьев, А.П.Соколов, Ю.Н.Романов, Е.И.Бес­смертная, В.Ш.Гершберг, А.К.Қа­панов, Н.Қ.Қойшыбеков, Қ.Қ.Баймағам­бетов, Ш.Е.Нысанбаев, А.А.Маметов, Л.В.Нысанбаева, А.А.Маметов, Т.К.Әбуға­лиев, С.А.Ахметов, С.Б.Байыров, С.Е.Жү­нісов, С.А.Хайыров, Н.С.Тоқаев, өзге де сәулетшілер атсалысты.

Жыл сайын Алматы қаласында тұрғын үй құрылысы кең қанат жайып, тұрғын­дары биік те, көрікті, тұрмыстық барлық жағдай жасалған пәтерлерге қоныстанып жатқаны бізді де қуантады.

1981 — 1985 жылдары қала құрылысы бос жатқан өңірлерге, сондай-ақ, тозығы жеткен ескі үйлер орнына салынды. Құрылыстың қауырт жүрген аймағы «Көрме-1», «Көрме-2», «Тастақ-1,2,3», «Арман», «Таугүл», «Алмагүл», «Қарасу» және құрылыс салынбаған «Айнабұлақ», «Ақсай», «Орбита», «Қазақфильм» аудандары болды. Тұрғын үй құрылысы  №158 сериялы 5-9 қабатты ірі панельді қасбеті біршама жақсартылған үлгі бойынша салынды.

Сұхбатты жүргізген —

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ.   

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *