Алматы аспанында әуелеген ән

Қала күні мерекесінің қарсаңында Алматының алтын күзінің әр күні қуанышты мерекеге ұласады. Қыркүйек айының әрбір қоңыр кеші әсем әнімен алматылықтардың есінде сақталып қалады. Қала күні мерекесіне орай Республика сарайының алдындағы Абай алаңында Оркестрлер фестивалі өтті. Әдемі дәстүрге айналған музыка мерекесі осымен 10-рет Алматының алтын күзін сұлу сазға толтырды. Күздің қоңыр кешіндегі әсем ән-думаны екі күнге жалғасты.

Балнұр АХМЕТ

Ашық аспан астында әуелеген ән әрқашан әдемі естіледі, адамның көңілін керемет күйге бөлейді. Музыка мерекесінің шымылдығы күмбірлеген күймен ашылды. Әсем ән-думанының алғашқы күні дирижер Абылай Тілепбергеннің жетекшілігімен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі мен «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі кешті бастап, қазақ халқының ән-күй өнерінің ең үздік туындыларымен Алматының күзгі кешін күмбірлетті. Түркештің, Сүгірдің, Дәулеткерейдің және басқа күйші-композиторлардың ән-күйлері тыңдарманға Ұлы Даланың сан ғасырлық сиқырлы сазын тыңдатты. Халқымыздың асыл арман-тілегімен, мұрат-мақсатымен, тарихымен тамырласып жатқан ән-күйлер әрбір қазақтың жан-жүрегіндегі сезімін теңіздей толқытады.  Бұл кештегі ән-күйлер тыңдармандарды тарихи тамырымызға жақындата түсіп, мәдени мұрамызды, ұлттық құндылықтарымызды қадірлеуге құлшындыра түсті.

Оркестрлер фестивалінің концерттік бағдарламасы екінші күні қазақ және кеңес дәуірі мен әлем кинематографиясындағы танымал әуендермен жарасымды жалғасын тапты. Бұл кеште Александр Беляков жетекшілік ететін Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі мен Абылай Тілепбергеннің жетекшілігімен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі тыңдармандардың қошеметіне бөленді. Алматылықтар бұл күні  А.Сантанноның «Такси» фильмі мен «Кариб теңізіндегі қарақшылар» фильміне жазылған Ханс Зиммердің композициясын, сондай-ақ «Титаник» фильміндегі Селин Дион орындаған «My Heart Wіll Go On» әнін тыңдады. «Өкіл әке», «Бригада», «Бумер», «Рэкетир» киноларындағы әуендерге попурри орындалды. «8 миль» фильміндегі А.Глассердің композициясын бэк-вокалдың сүйемелдеуімен Артем Ахмедов, Мейрамгүл Ходжашова орындады. «Том мен Джерри», «Алладин», «Алқызыл  қабылан», «Русалочка», «Мадагаскар» анимациялық фильміндегі әуендермен әрленген кеш жиналған жастардың жан-дүниесінде де ерекше әсер қалдырды.

Мың бояулы Алматы шаһарының шырайлы шежіресі іспетті әсерлі әндер бұл музыка мерекесінің маңызы мен мағы­насын арттыра түскені анық. Алматыға арналған әрбір ән жұртшылықтың жүрегінде шежірелі шаһарымызға сүйіспеншілігін асқақтата түсті.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *