«АЛМАТЫ АМАН БОЛСЫН»

Газетімізде жарияланған «Алматы аман болсын» (№13, 29.01.2019) атты мақалаға орай редакцияға телефон шалып, пікір білдірушілер еріксіз ден қойғызды.

– Басылым бетінде бәріміздің сүйікті шаһарымыз Алматы жөнінде арагідік ой-толғаныстардың жарияланып тұруы мені шын мәнінде айрықша қанаттандырады. Мақалада айтылғанындай, «бұл кімге құшағын ашпаған, кімге пана болмаған Алматы». Алматының адамды баурап алатын ерекше бір сиқыры, құдірет-күші бар. Мен өзім осында 5 жыл оқып, жылдар өткен соң қайтып оралдым. Өйткені, оны сағынбай ғұмыр кешу мүмкін емес. Сіздер, осыдан біраз уақыт бұрын «Сағындым Алматымды» деген айдар ашып, оның аясында сағынышқа толы ыстық лебіздерді, естеліктерді жариялап отыратын едіңіздер. Осы үрдіс кейінгі кезде тоқтаңқырап қалды. Сондай-ақ, «Алыстан келген хат» осы рубрикамен мазмұндас, рухтас шығып жататын. Меніңше, осы бағыттағы жарияла­нымдарды да көбейткен дұрыс, – дейді Ж.Туғанбай деген бауырымыз.

Шынында да, Алматы десе кім-кім де естен кетпес аяулы күндерін еске алары сөзсіз. Олардың көбісі өзінің өміріндегі ең қымбат сәттерін осы шаһармен байланыс­тырады. Елімізге 70 жылдан астам астана болған осынау қасиетті шаһарда оқу бітіріп, еліміздің әр түкпіріне қимас­тық­пен аттанғандар саны жетіп-артылады. Бүгінде солардың қай-қайсысы да Алматыны сағынып жүреді. Солардың бірі, тіпті сонау Атыраудан телефон шалған Ә.Мұқанғалиев былай тебіренеді:

– Мен «Алматы ақшамын» осындағы кітапханадан барып арнайы оқып тұрамын. Алдағы уақытта пәтеріме жаздырып алуды ойластырып жүрмін. Ондағы мақсатым – Алматының жаңалықтарын біліп отыру. Әркімнен естігеннен гөрі, басылымдағы тілшілердің толғанысына ештеңе жетпейді. Таяуда «Алматы аман болсын» деген шағын мақаланы оқып кәдімгідей толқыдым. Осынау алты Алаштың арман қаласында өткен күндерім көз алдыма келді. Бұл – Алаш демекші, маған айрықша ыстық көрінетіні, кешегі Алаш ардақтыларының табанының ізі қалған аяулы шаһар ғой. Алыста жүрсем де, мен оның амандығын тілеймін. Ол қазаққа біртуар тұлғаларды берген, талай таланттың көзін ашқан кемел, көркем, элиталық шаһар ғой. Бұл тұрғыдан келгенде, аз уақыт болса да оның топырағын басқаныма өзімді бақытты санаймын. Таяуда осы сүйікті қалама барып, құмардан шығып қайттым. Алматы бұрынғыдан да түрлене түсіпті.

«Қалқаман-2» ықшамауданынан телефон шалған оқырманымыз Д.Сәбитов те өз ойымен бөлісті:

– Талай дүниені оқып жүрміз ғой, ал мына бір шағын ғана мақала өз басыма көп ой салды. Әсіресе, «тұйғындай, қалақтай» ауылдың қара баласының жүрегін жарып шыққан сөзі менің көзімді ашты. Кейде ашумен айта береміз ғой, біз шынында да Алматының қадірін білмейді екенбіз. Мына «қалақтай» баланың сөзінен соң ойланып қалдым. Тіпті, үлкендердің аузынан шықпайтын сөз ғой. Әсіресе, оның «қала адамдарында мәдениет деген жоқ-ау» деген сөзі осы қаланың бір тұрғыны маған тура арнап айтылғандай көрінді. Алдағы уақытта өз қадірімізді өзіміз жете біле түсу үшін осындай бағыттағы мақалаларды молынан жариялау қажет.

Р.S. Аталмыш мақалаға орай хабарласушылар, тың ой-пікір айтушылар саны аз емес. Олардың дені өз ойын «Алматымыз аман болсын» деп түйіндейді. Әзірге осы пікірлермен шектелейік. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *