«АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ» ЗАҢҒА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗУ ҚАЖЕТ

Бекнұр КИСИКОВ, қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі:

Бұрнағы күні қалалық әкімдіктің мәжіліс залында шаһар басшысы  Бақытжан Сағынтаевтың    төрағалық ет­уі­мен  қалалық активтің оты­рысы өтті. Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлы­ның Жол­дауы талқыланған  жиында  Бақытжан Әбдірұлы Президенттің «Елорданың мәртебесі туралы» және «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңдарды жетілдірудің уақыты келгенін тілге тиек етті. 1998 жылы 1 шілдеде Қазақстан Республи­касының «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң қабылданған. Онда Алматының ғылыми, мәдени, тарихи, қаржы, экономикалық және өндіріс орталығы ретіндегі ерекше статусы айқындалды және республикалық дәрежедегі қала ретінде келешек дамуына кепілдік берілді. Расымен, біз қаланы дамытқымыз келсе, онда бұл заңды өзгертуіміз керек. Заңға сәйкес ерекше мәртебемізді алу үшін бізге қандай жайттарды қосу қажет екендігін қарастыруымыз керек. Мемлекет басшысы тапсырма берді, біз осыны  пайдаланып, тез арада іске кірісуіміз тиіс.

Ал Жолдауға келер болсақ, бұл құжатта Президент мемлекетті нығайту, отандық бизнесті қолдау, халықты әлеуметтік қорғау және экономиканы дамыту мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, Президент өзінің уәдесін орындады және жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайтуды тапсырды.

Бұдан өзге, микро және шағын бизнес саласындағы жаңадан құрылған компанияларды негізгі қызмет түріне салынатын салықтан үш жылға босатылуы Президенттің ерекше резонанс тудырған тапсырмаларының бірі болды.

Кәсіпкерлер өтінген тағы бір шешім – 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемін енгізу мәселесі 2023 жылға дейін шегерілді.

Зейнеткерлікті қамтамасыз ету мәселесінде де үлкен жаңалық айтылды. Яғни Мемлекет басшысы Үкіметке жыл соңына дейін жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты түрде пайдалануына қатысты, мысалы, баспана сатып алу немесе білім алу үшін жұмсау мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды тапсырды. Бір сөзбен айтқанда, Қ.Тоқаев мемлекетті басқару жөніндегі өзінің формуласын іске асырды.

Жолдауда айтылған ұсыныстар Мемлекет басшысының елді толғандырған барлық мәселені білетінін, тамыршыдай тап басатынын дәлелдеді. Жолдау ахуалды жақсарту жөніндегі іс-қимылдардың нақты жоспарына айналады.

Президент ең өзекті деген мәселелер бойынша тек аудиториямен ғана емес, бүкіл Қазақстан халқымен интерактивті диалог орнатты.

 

БЕС МІНДЕТТІҢ ДЕ МАҢЫЗЫ ЗОР

Болат ОСПАНОВ, қалалық мәслихаттың депутаты, Құрметті теміржолшы:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы­ның алғашқы Жолдауы қоғам­ды толғандырған мәсе­лелердің бәріне жауап берді деп ойлаймын.  Жол­дауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасалған және оны түбегейлі оңалту бағытында нақты міндеттер қойылды. Тұрғындардың кірістерін арттыру, халықты толғандырған ең келелі деген мәселер жөнінде салмақты сөз қозғады. Бұл құжатта  азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндеті қойылды. Президенттің айтуынша, Қазақстан билігінің басты мақсаты – азаматтардың талабына дер кезінде құлақ түретін мемлекетке айналу. Сонымен қатар, жер мәселесін шешу, шағын бизнесті дамыту, ұлттық қорды тиімді пайдалану туралы айтқандары көңілге қонымды болды.

Бұл Жолдау ел дамуына дем беретін нақты істің бағдары болып табылады. Жолдауда басты орын адамдарға жан-жақты қамқорлық жасауға, өмір сапасын жақсартуға, тұтастай алғанда, қазақстандықтардың әл-ауқатын нығайтуға беріліп отыр. Бұл Жолдаудағы бес міндеттің бәрінің маңызы зор. Нақты айтқанда, бұл – боламын деген елдің, өрлеймін деген халықтың бұлжымас міндеттері.

Жалпы алғанда, бұл стратегиялық құжаттың орындалуына қай-қайсысы­мыз да бейжай қарамауымыз тиіс. Тың­дар құлақ, ұғар жүрек болса, Жолдауда айтылмаған сөз қалған жоқ. Президент айтқандай: «Енді барлығы Үкімет пен жергілікті билік органдарының бұл міндеттерді қалай орындайтынына, бұл жұмыстың қалай ұйымдастырылатынына байланысты болмақ.

Жолдауда айтылған міндеттердің толықтай іске асуына мемлекетіміздің мүмкіндігі жетеді. Тек айрандай ұйыған берекемізді сақтап, бұрынғыдан да ынтымақтаса түсуіміз, ел болып еңбек етуіміз керек.

Біз, яғни аға ұрпақ ел тарихындағы замана толқын­дарын көзбен көріп, жүрекпен сезе отырып, үлкеніміз бар, кішіміз бар, мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйымдар, «Nur Otan» партиясының мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауын қолдап, халық арасында насихаттап, атқаратын жұмыстардың орын­далуына өз үлесімізді қосуымыз керек.

 

ҚОЛДАУ БІЛДІРЕЙІК

Сәбит ДОСАНОВ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы:

Мемлекет басшы­сының биылғы Жолдауын оқы­ғанда, Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген сөзі есіме оралды. Оған қоса, Оң­түстік Афри­ка респуб­ликасының прези­денті Нельсон Холилала Манделаның өзінің өмірінің принциптері туралы жазған сөздері есіме түсті. Осы екі сөзден Жолдаудың бітім-болмысы, мазмұны айқын көрініп тұр. Бұған дейін біраз Жолдаудың куәсі болдық, оқыдық. Пікір білдірдік. Ол Жолдаулар өз міндетін атқарды. Ал бұл Жолдаудың өзгеше болатын себебі, жаңа Президенттің жолдаға­нында емес, сол құжаттың мазмұндылығында болып тұр. Мұнда халықтың көкейінен шығатын көптеген мәсе­лелер көтерілді. Менің көкейіме қонғаны, көпбалалы аналар мен мүгедек балалары бар отбасыларды үш жылдың ішінде пәтермен қамтамасыз ету. Өйткені, баспана мәселесі ең өткір, ең өзекті проблема. Жол­дауда тіл туралы, жер мәселесі жайлы жақсы айтылды.

…1885 жылы Америка президенті үндістерге жерлерін оларға сату туралы хат жолдаған екен. Сондағы үндістердің хат танымайтын бір көсемінің жауабы былай болыпты: «Ақ үйдегі үлкен кісі. Біз сізден бір емес, екі хат алдық. Хатта жерді сатуымыз туралы айтыпсыз. Аспан мен жерді сатуға бола ма? Бұл біздің көкейімізге қонбайды. Жер адамның мүлкі емес, керісінше адам жердің мүлкі» деген жауап берген екен. Бұл – ұлт көсеміміз Әлихан Бөкейхановтың «Жер, жер, тағы да жер. Жерсіз ұлт болмайды, жерсіз мемлекет болмайды» деген сөзімен үйлеседі.

Тағы бір мәселе — ауыр қылмыстарға байланысты жазаны күшейту туралы үлкен мәселені көтерді. Бұл туралы Президент сайлауалды бағдарламасында да айтқан еді.

Бұл Жолдау біздің жүрер жолымыздың бағдар­лама­сы, адастырмас айқын жолы. Біздің ендігі міндет – халыққа бұл Жолдауды түсіндіру. Түсіндіріп қана қоймай, оның іске асуына атсалысуымыз керек.

Ері еңбеккер, көш бастаған көсемі кемеңгер болса, ол елдің еңсермейтін қиындығы, алмайтын асуы мен қамалы жоқ.

 

АУЫЗСУ МӘСЕЛЕСІ ДЕ АЙТЫЛДЫ

Қайрат Абдрасилов, «Алматы Су» мекемесінің Бас директоры:

Президентіміз Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың  «Сын­дарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркен­деуінің негізі» ат­ты Қа­зақстан халқына Жол­дауын тыңдадым. Елба­сы­ның бес институцио­нал­дық реформалары мен Ұлттық жоспарлары  айқын­далған бұл құжатта халық көкейінде жүрген мәселелердің барлығы толығымен  қамтылған.

Жолдауда күн тәртібінде тұрған сауалдардың бірі – ауызсу мәселесі де қалыс қалған емес.  Халықты сапалы және үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Сумен қамтамасыз ету мен суды бұру бағыттарын дамытуға шамамен 250 миллиард теңге  бөлінетінін атап өтті. Бұл ретте «Алматы Су» кәсіпорны еліміздегі ең ірі су өндіруші мекеме. Сондай-ақ, қала бойынша «Nur Otan» партиясының ең көлемді бастауыш партия ұйымы. Соңғы жылдары қалаға біршама жаңа аумақтар қосыла бастады. Жаңа аудандардағы су сапасын қалалық деңгейге дейін жеткізу қажет. «Шетсіз қала» жобасын жүзеге асыру барысында биыл бірқатар ықшамаудандарда жаңадан салынған су мен кәріз құбырлары іске қосылуда. Наурызбай ауданының күрделі мәселелерінің бірі – су тапшылығы.

Жаңа цифрлы технологияларды дамыту бағытында да үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мекеме толығымен автоматтандырылған, заманға сай жүйеге қадам басып келеді. Мекемеде суды өндіруден бастап, тасымалдау, суды таратуға дейінгі бағыт автоматты жүйеге өткізілуде. Жүргізілген жұмыстар қызмет сапасын көтеру, желілердің тозу деңгейін төмендету мен энергия қуатын үнемдеу, өтім қызметінің жұмысын оңтайландыру, жөндеу қорын көтеруге ықпал етеді.

Бұдан өзге, Жолдауда атап өткен негізгі бағыт­тар­дың бірі – шағын және орта бизнесті дамытуға, ілге­рілетуге көмектесу. Бұл бағытта да мекеме тарапынан жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, ауызсуға қосылу тәртібі оңтайландырылып, келісім-шарт құруға қажетті  құжаттар саны азайтылды.

Мемлекет басшысы ерекше атап өткен Жолдаудың бір қыры – халықпен кері байланыс құру бағыты. «Алматы Су» кәсіпорны да Халыққа қызмет көрсету жұмыстарын дамытуда. Сонымен бірге, ашықтық, бейімділік, қоғамдық диалог құруға дайын. Мекеме қазіргі заманға сай  әлеуметтік желілерден де қалыс қалған емес. Тұтынушылардың мәселелері мен ұсыныстарын қабылдау мақсатында әр ай  сайын «Ашық есік» күндері өтеді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *