Алматы агломерациялық аймақтың орталығы болуға лайық

«Үкімет Астана және Алматы қалаларында агломерациялар қалыптастырудың 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған жобасын әзірлеуі керек»

«Қазақстан – 2050» Мәңгілік Ел.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауынан.

 Алматыда қала басшысы А.Есімовтің төрағалық етуімен агломерацияға байланысты кеңес өтті.

Алматы – еліміздің қаржы-экономикалық орталығы. Жетпіс жылдан астам уақыт астана болған алып шаһар әлі де даму, кеңею үстінде. Еліміздің оңтүстік-шығысында орналасқан Қытай елімен қатынас жолға қойылып, ТМД-ның шығыс қақпасы болып отырған Алматы тұрғындары саны күннен-күнге өсіп, 1,5 миллионнан асып отыр.

Және Алматы Батыс пен Шығысты, Еуропа мен Азияны байланыстырған транзиттік шаһар. Елбасы назарындағы Алматының дамуы Астанадан кем болмауы керек. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы өзі айтқан болатын. «Қазақстан – 2050» – еліміздің стратегиялық даму жоспарында Астана және Алматы қалаларында агломерациялық орталықтар құру жайында айтылған. Уақыт талабына сай осынау жоспар Елбасының Үкіметке тапсырған мәселелерінің бірі.

Осыған орай, Алматыда қала басшысы Ахметжан Есімовтің төрағалық етуімен «2030 жылға дейін орталығы Алматы қаласы болатын агломерация қалыптастырудың ұзақ мерзімді жоспары» тақырыбында мәжіліс өтті. Кеңес отырысына ҚР өңірлік даму министрі Болат Жәмішев, Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов, министрліктер мен салалық ведомство өкілдері қатысты. Елбасы тапсырмасына сай қолға алынып отырған мемлекеттік мәселе жан-жақты талқыланды.

Қазақстанда агломерация қалыптастырудың негізгі анықтамалық талаптары: демографиялық сыйымдылық, логистикалық және экономикалық әлеует (потенциал) және қала-орталық статусы. Алматы барлық жағынан осы талаптарға сай. Мәжілісте шешімі табылуға тиіс бірнеше мәселелер де талқыланды. Олар: әзірге заңнамалық негіздің қалыптаспауы, қалақұрылысын бағыттау және жоспарлау (агломерация жағдайында) тәртібі, экология мәселесі, көлік қозғалысы мәселесі, қалаға көліктердің кіріп-шығуы, қала қақпалары мәселелері.

Ахметжан Есімов Алматы облысы әкімдігі және Өңірлік даму министрлігімен бірлесіп, ҚР Президентіне ұсыныспен шығуды алға қойды. Ұсыныс қала маңындағы жер телімдерін игеруге және игеру мақсатын өзгертуге пайдалану тәртібі белгіленгенге дейін мораторий жариялау жайында.

– Агломерация қалыптастыруда Алматының қала маңы аймағының бас жоспарын пайдалану аса маңызды. Бұдан өзге біз Үкіметке Алматы айналасында контрмаг­нит қалыптастыру жөнінде ұсыныс енгізуіміз қажет. Ол үшін контрмагнит – қалашықтарда өндірістің дамуы үшін жағдай жасау мәселесін де қарастыруымыз керек. Бұл мегаполиске қоныстану миграциясын азайтуға мүмкіндік береді, – деді А.Есімов.

Кеңеске қатысушылар Алматы агломерациясының шекараларын да заңдылық тұрғыдан белгілеу керектігін айтты. Ол үшін агломерация аймағының әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, инфрақұрылымдық және экологиялық сараптамаларын жүргізу қажет. ҚР өңірлік даму министрі ақтарушы билік органдарының өзара байланыста іс-әрекет етуінің маңызына тоқталды.

– Алматы агломерациясын қалыптастыру мәселесін кешенді түрде бірлесіп шешу қажет. Және бұл мәселеде нақты қала құрылысы саясатын жүргізу керек, – деді Болат Жәмішев.

Алматы агломерациясын қалыптастыру жоспары – мемлекеттік деңгейде талқыланып, қолға алынатын мәселе.

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Агломерация – бірігіс, шоғырландыру (қар­қынды дамыған өндірістік, еңбек, мәдени, тұрмыстық байланыстармен біртұтас болып біріккен қатынастар тобы, елді-мекендердің жинақы орналасуы, топтасуы).

Нұрлан СҮЙІН

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *