Алматы абызын ақтық сапарға шығарып салды

%d0%bc%d2%b1%d0%b7%d0%b0%d1%84%d0%b0%d1%80-%d0%b0%d2%93%d0%b0

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында 94 жасында дүниеден өткен Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, соғыс сұрапылын бастан кешкен қаламгер Мұзафар Әлімбаевты соңғы сапарға шығарып салуға арналған қаралы жиын өтті. Ұлттық әдебиеттің абыз қариясын ақтық сапарға шығарып салуға еліміз бен Алматы қаласының жұртшылық өкілдері, мемлекет және қоғам қай­раткерлері, зиялы қауым өкілдері жиналды. 

Қаралы жиынды Қазақстан Жазу­шылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин ашып, Қазақстан­ның халық жазушысы, әріптес іні-қарындастары «Мұз-аға» деп атап кеткен Мұзафар Әлімбаев­тың қазақ әдебиетіне, оның ішінде кенжелеп қалған балалар әдебиетіне қосқан үлесі мен сіңірген еңбегіне тоқталды.

Алматы қаласының әкімі Бауыр­жан Байбек Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстанның халық жазу­шысы Мұзафар Әлімбаевтың қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туысқандары мен жақындарына жолдаған көңіл айту жедел хатын оқып берді. Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамеди­ұлының көңіл айту жеделхатын министрдің орынбасары А.Райымқұ­лова жеткізді. Жазушының туған жері Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов­тың көңіл айту жеделхатын облыс әкімінің орынбасары М.Беген­таев оқып берді.

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы С.Досанов әріптес ағасы Мұзафар Әлімбаевтың ұлттық әдебиетке қосқан ұшан-теңіз еңбегі туралы жүрекжарды сөзін арнады. Алматы қалалық Ардагерлер кеңесі­нің төрағасы Е.Шайхутдинов өмірінің көпшілігін Алматы қаласында өткіз­ген Мұзафар Әлімбаевтың шабытты шақтары, өндіре еңбек еткені туралы айтып, Алматы жұртшылығының қаламгер есімін әрқашан құрметтеп, естен шығармайтынын айтты.

Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың жақындары мен туған-туысқандары атынан ака­демик А.Жабағин сөз сөйлеп, қалам­герді қастерлеп, еңбегін бағалаған Елба­сыға, қала жұртшылығына, зиялы қауым өкілдеріне алғыс сезімін білдірді. Қазақстанның халық жазу­шысы Мұзафар Әлімбаевтың сүйегі «Кеңсай» зиратына жерленіп, «Жұл­дыз» мейрамханасында марқұмның рухына Құран бағышталды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *