Алматыға көшiп келушiлер саны кемiген

және көшiп кетушiлер қатары өсе түскен

Құттыбек АЙМАХАН

Алматы – елiмiздегi бақуатты, әл-ауқаты ең жоғары қала. Атап айтқанда, өткен жылы жалпы республикадағы бiр қызметкердiң орташа айлық ақысы шамамен 76 мың теңгенi құраса, әр алматылықтың орташа айлық табысы осы кезеңде 106 239 теңгеге жеттi. Бұл ретте қалалық Статистика департаментiнiң мәлiметi бойынша, былтыр шаһардағы еңбекақының ең үлкен сомасы 210 032 теңге көлемiнде қаржы қызметiнде байқалып, ең аз деген еңбекақы – 61 993 теңге сомасында денсаулық сақтау саласы мен әлеуметтiк қызметтерде тiркелген. Көрiп отырғанымыздай, басқа кейбiр өңiрлерде орташа айлық табыс 50-60 мың теңгенi құрап жатқанда, Алматы қаласындағы ең төменгi айлықтың өзi ол көрсеткiштен асып кеткен. Дегенмен, бiздiң шаһарда басқа жақтарға қарағанда тұтыну, азық-түлiк қызмет көрсету салаларындағы төлемдер жоғары. Соған қарамастан елiмiздiң әр аймағынан Алматыға келiп жұмыс iстегiсi, тiптi, осында тұрып тiршiлiк еткiсi келетiн қазақстандықтар саны жеткiлiктi болып отыр.

Әрине, Алматының тартымдылығының артуы түсiнiктi. Өйткенi, мұнда өмiр сүру деңгейi жоғары. Дейтұрғанмен, соңғы жылдары Алматыға келушiлердiң бiртiндеп азайып бара жатқаны аңғарылады. Мысалы, қалалық Статистика департаментiнiң деректерiне сүйенсек, 2009 жылы қала аумағына республиканың басқа өңiрлерiнен, алыс-жақын шет елдерден 42 492 адам келсе, өткен 2010 жылы бұл көрсеткiш 38 192 адамды құраған. Демек, мегаполиске келушiлер 2009 жылға қарағанда 2010 жылы 10,1 пайызға кемiп кеткен. Бұл да ештеңе емес-ау. Себебi, соңғы кездерi Алматыдан кетушiлердiң саны да ұлғая бастаған. Атап айтқанда, 2009 жылы мегаполистен 27 734 адам кетсе, былтыр 29 672 адам қала аумағын тастап шыққан. Сөйтiп, 2009 жылы көшi-қон сальдосы 14 758 адамды құраса, өткен жылы бұл көрсеткiш 8520 адамға тұрақтаған. Сөйтiп, былтыр қаладағы көшi-қон сальдосы 2009 жылға қарағанда 1,7 есеге азайған екен.

Осы орайда өткен жылы Алматыға келушiлердiң саны азайып, кетушiлердiң көбейгенiн қалай түсiнуге болады? Бұған дәйек ретiнде тағы да статистикалық мәлiметтерге сүйенiп көрелiк. Атап айтқанда, халықаралық көшi-қон аясында 2010 жылы Алматы қаласына 2894 адам келiп, 2524 адам шаһардан көшiп кетiптi. (2009 жылы қалаға 2955 адам келiп, қаладан 2804 адам кеткен). Нәтижесiнде, 2009 жылмен салыстырғанда өткен жылы көшiп келушiлердiң саны – 2,1 пайызға, сондай-ақ көшiп кетушiлердiң саны – 10,0 пайызға азайған екен.

Ал ендi өңiраралық көшi-қон аясындағы жағдай бұдан сәл өзгешелеу. Әрине, бұл ретте қалаға көшiп келушiлердiң де, көшiп кетушiлердiң де саны молырақ. Мысалы, 2009 жылы Алматыға көшiп келген қазақстандықтардың саны – 39 537 адам болса, өткен жылы бұл көрсеткiш 35 298 адамды құраған. Сөйтiп, бұрнағы жылмен салыстырғанда келушiлердiң саны былтыр 10,7 пайызға кемiген. Сол секiлдi 2009 жылы қаладан 24 930 адам көшiп кетсе, былтыр бұл көрсеткiш 27 148 адамға жеткен. Демек, арғы жылға қарағанда былтыр қаладан көшiп кеткен адамдардың саны 8,9 пайызға өскенi байқалады.

Негiзiнде, кез-келген қалада, облыста, елде көшi-қон процестерi үнемi жүрiп тұрады. Осы орайда соңғы екi жылда Алматы қаласына көшiп келушiлердiң санының кемiп, шаһардан көшiп кетушiлердiң санының артуы ойландырады-ақ екен…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *