АЛМАТЫҒА БIР АДАМ КЕЛСЕ, БIР АҒАШ АРТЫҚ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ Оны жыл бойы жүргiзiлген жұмыстар айғақтап тұр

Айкерiм РАИСҚЫЗЫ

Алматы десе, көпшiлiктiң көз алдына алаулаған алқызыл гүл мен масатыдай жайнаған жасыл желек елестеп, көңiлiне көктем ұялайды. Қаладағы қызу да қарбалас қозғалыс пен тiзбектеле қаптаған көлiктер де бұған кедергi келтiре алмайды. Өйткенi, қала тұрғындары мен көлiктерi қаншалықты көбейсе, сән берген гүлдерi мен жасыл желегi де соншалықты деңгейде көрiктендiре түседi. Алматыға бiр адам келсе, бiр ағаш артық отырғызылып жатқандай көрiнедi. Оны қаланың бүгiнгi көрiнiсiнiң өзi айтып тұр.

Көктем мен күздегi жаппай ағаш отырғызу жұмыстары мен көгалдандыру шаралары қаланың барлық ауданында оңтайлы ұйымдастырылып, көшелер мен алаңдарға, сыртқы жолдарға неше түрлi терек-талдар, согдиан шағаны, қайың, долана сияқты ағаштар мен басқа да қылқан жапырақты ағаштардың түрлерi егiлдi. Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы биыл 27 мыңнан астам түрлi ағаш көшеттерiн егудi жоспарлаған болатын. Оның 20 мыңнан астам ағашы бюджет қаржысына және 7 мыңнан астамы өтемдiк ағаш отырғызу есебiнен жүргiзiлдi. 27 мың дана ағаштың 2716-сы – жапырақты, 1365-i – қылқан жапырақты, 16 410-ы – бұтақтар. Олардың құны 174,5 млн. теңгенi құраған. Бұл ағаштар негiзiнен саябақ, бақ және басқа да жасыл желектi аймақтарға егiлдi. Мәселен, ағымдағы жылдың наурызында Тұңғыш Президент саябағында 100 түп Алатау шыршасы топыраққа орнықтырылды. Төтенше жағдайлар министрлiгiнiң мәлiметiне сәйкес, мамырда болған дауыл салдарынан Iле Алатауы саябағының «Медеу» филиалында 480,0 гектар жер бүлiнiп, 96652 шаршы метр ағаш құлаған. Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәлiметiне сәйкес, қала аумағындағы құлаған ағаштар мен кәрi ағаштардың орнына 9 мыңға жуық көшет отырғызылған. Дүлей дауылдың салдарынан тамырымен қопарылған ағаштардың орнына 4900 ағаш бой түзедi. Жалпы, 2011 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 36 мың көшет отырғызылған.

Биыл қала аумағында егiлген гүлдер мен жасалған гүлзарлардың аумағы 180 мың шаршы метрдi қамтиды. Жетi аудан аумағында бюджет қаражатына барлығы 80 жер телiмiнде, жалпы аумағы 41 мың шаршы метр жерде гүлзар жасалды. Қала көшелерi мен алаңдарын гүлмен безендiруде ортақ бiр стиль қалыптастыру үшiн заманауи гүл отырғызылатын сауыттар мен вазондар қолданылды. Басқарма ландшафтық көгалдандырудағы халықаралық тәжiрибелерге сүйене отырып, тiк көгалдандырудың түрлi әдiстерiн пайдаланды. Оның iшiнде ғимараттардың қасбеттерiн (қабырғаларын), балкондарды гүлмен безендiру де бар. Мәселен, биыл Фурманов көшесi мен әл-Фараби даңғылының қиылысында осындай пилоттық жоба iске асырылды. Жалпы, қалада 103 мың шаршы метрден астам аумаққа гүлдер отырғызылды. Осы тұста «Фирма ЛЭУ» ЖШС абаттандыру мен көгалдандыру байқауының аясында Әуезов және Бостандық аудандарында жұмыстар жүргiзсе, «Грин Ланд» ЖШС Медеу ауданын көгалдандырды.

Соңғы жылдар iшiнде қалада «Алматы қаласының саябақтары мен басқа да жасыл аумақтары» бағдарламасы аясында 29,75 га. жер көлемiн қамтитын 11 бақ көгалдандырылған. Ал, 2011 жылы Жетiсу ауданындағы 2 саябақты қалпына келтiру жұмыстары жүргiзiлдi. Олар – Ратушный көшесiндегi 2,4 га. жердi қамтитын саябақ пен Жангелдин көшесiнiң бойындағы 3,6 га. жердi қамтитын саябақ. Мұнда қоршау қойылып, жарықтандыру бағаналары, спорт алаңдары, орындықтар мен қоқыс салатын жәшiктер орналастырылды. Осы ретте «Көктем-1» ықшамауданында, Мүсiрепов пен Бұқар жырау көшелерiнiң бойында ашылған жаңа саябақтардағы көгалдандырылған бульварларды да атап өткен жөн. Олардың жалпы көлемi 4-га.-ны құрайды. Ал, былтыр «Жол картасы» бойынша және «Алматы қаласының саябақтары, бақтары және басқа да жасыл аймақтары» бағдарламасын орындау бойынша Медеу ауданындағы Зенков көшесiнiң бойындағы «Достық» бағын, Бостандық ауданындағы Ғ.Мүсiрепов атындағы бульварды жаңарту жұмыстары жасалды. Осылайша жалпы аумағы 29 гектар болатын 11 саябақ пен гүлзар мәдени демалыс орталықтарына айналды.

Қаладағы магистральды көшелердегi ескi ағаштарды кесiп, орнына жаңа жасыл көшеттер отырғызу жұмыстары жүргiзiлдi. Нәтижесiнде Саин, Сейфуллин, Фурманов көшелерi мен Достық даңғылы магистральды көшелерiне жасыл желектер отырғызылды. «Магнум», «Метро», «Манго» сауда орталықтарының аулаларына да ағаштар, гүлдер егiлдi. Ендi 34 базар қайта жасақталатын болады.

Сондай-ақ, қалада көрiктендiру, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында түрлi фестивальдер ұйымдастырылып, шаралар өткiзiлiп келедi. Солардың бiрi – «Алматы – гүл қала» фестивалi. Оны ұйымдастыру туралы шешiм 2010 жылы қабылданып, жыл сайын мамырдың 25-iнен маусымның 25-iне дейiн өткiзу мiндеттелдi. Биыл аталған фестиваль алғаш рет орын алды. Оның басты мақсаты – қаланың келбетiн нығайту, меншiк түрiне қарамастан қаладағы кәсiпорындар, ұйымдар мен мекемелердi, сонымен қатар қала тұрғындарын қаланы көрiктендiру, оның жасыл қорын сақтау және қорғау жөнiндегi шараларға тарту. Сондай-ақ, әкiмдiк бұл тұста гүлдер мен су-бұрқақтар, гүлзарлар мен саябақтар қаласы атағын нығайтуды да алдына мақсат етiп қойып отыр. Фестиваль аясында гүлдер шеруi, гүл көрмелерi, гүл өсiрушiлердiң сайысы ұйымдастырылды. Осы ретте, шаһар басшысы Ахметжан Есiмовтiң еңбегiн ерекше атап өтейiк. өйткенi, фестивальдi ұйымдастырып, оның тұрақты өтiп тұруына мұрындық болған –қала Әкiмi. Бұдан шаһар басшысының гүлдi ұнататындығын аңғаруға болады.

Қаланы абаттандыру мен көрiктендiру бағытында «Сүйiктi аула», «Алматының үздiк көшелерi» сынды байқаулар өткiзiлдi. Нәтижесiнде, қала көшелерi мен аулаларының жағдайы жақсарды. Орындықтар мен балалар ойыншықтары, шарбақтар сырланып, қоқыс жәшiктерi қойылды. Ағаштар отырғызылып, гүлдер егiлдi. Қаланың арықтары да өз кезегiнде тазартылып, 13,2 шақырым арық жүйелерi ретке келтiрiлдi. 32 субұрқақ демалыс аумағының ауқымын кеңейттi.

Қалада жасалып жатқан экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған шаралар көгалдандырумен шектелiп қалмады. Осы тұста қала әкiмдiгiнiң Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, экологиялық ақпарат бөлiмiнiң бас маманы Гүлжазира Шабдан қаланың 12 бағдарлама аясында жұмыс жасап жатқанын алға тартады.

– Алматы қаласында қоршаған ортаның сапасын жақсартуды мақсат ететiн, экологиялық бағыттағы 12 бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылуда. Оның iшiнде, «2009–2018 жылдарға арналған Алматы қаласында қоршаған ортаның ластануын төмендету жөнiндегi» кешендi бағдарламаны атап өтуге болады. Бұл бағдарламаның мақсаты – адамның өмiрi мен денсаулығы үшiн қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету, атмосфералық ауа сапасының нысаналы көрсеткiштерiне кезең-кезеңмен қол жеткiзу, – дейдi ол өз сөзiнде.

Қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Алматы қаласы ортасының ластануын төмендету бойынша аталған бағдарлама аясында «Алматы пәтер қызметi» КММ-мен бiрлесе отырып, қалдықтарды жинауға арналған жерасты контейнерлерiн қолданысқа енгiздi. Жаңа қоқыс жәшiктерiнде тағам қалдықтары, босаған пакеттер, бөтелкелер бөлек-бөлек салынады. Ал, қалдықтарды сұрыптап тастау олардың көп мөлшерiн қайта өңдеуге мүмкiндiк бередi. Сонымен қатар, бұл әдiс табиғи ресурстарды үнемдеуге көмектеседi. Мәселен, 1 тонна макулатура қағазы 5 шаршы метр сүректi үнемдейдi немесе 20-25 ағашты аман алып қалуға септiгiн тигiзедi екен. Мысалы, қалада күнiне 1200 тонна, жыл сайын 2 млн. текше метр қоқыс шығарылады.

Көгалдандыру қаланың табиғи жағынан реңiн кiргiзсе, жарнама оның рухани реңiн кiргiзедi. Олар қаланың даму деңгейiнiң де кiшкентай көрсеткiшi iспеттес. Осы ретте қаланы даму деңгейi тұрғысынан алып қарайтын халықаралық сарапшылардың бағалауынша, Алматы «Әлемнiң ғаламдық қалаларының» тiзiмiне кiргенiн айта кетейiк. Атап айтқанда, Алматы – Детройт, Эдинбург, Манчестер, Санкт-Петербург және Доха қалалары сияқты әлемдiк экономиканың орталығы ретiнде танымал болып отыр. Аталған қалаларда экономикалық дамумен қатар қала мәдениетi, қала безенi жақсы дамыған. Мәселен, Манчестер қаласы жылдың 4 мезгiлiнде 4 түрлi кейiпке енедi екен. Онда жарнамалар мен көшелерге iлiнетiн билбордтар мезгiл талғайды. Яғни, сыра, сусын жарнамалары күннiң суытқан тұсында iлiнбейдi. Олардың уақтылы ауыстырылып тұруына жарнамаға жауапты мекеме мен арнайы жарнама орталығы жауапты. Осы ретте Алматыда да «биыл билбордтар мен жарнамалар стандартқа сай жасалуы тиiс» деген қала Әкiмi Ахметжан Есiмовтiң тарапынан игi бастама көтерiлдi. Соған сай қала көшелерiнде жарнамалардың бәрi тексеруден өттi.

Бүгiнде Алматыда 49 жекеменшiк компания қала аумағында 1327 билборд қоюға өтiнiш бiлдiрiптi. Алайда, олардың 913-iне ғана iлуге рұқсат берiлген. Ендiгi ретте 12 компанияға 235 билбордты алып тастауын өтiнiп, сотқа шағым түсiрiлген. Iс қаралып, шешiм шығарылды.

Қаладағы жарнаманың көзтартымдылығы алдыңғы қатарда болу керек және ол шаһардың тарихи келбетi мен мәдениетiне нұқсан келтiрмеуi тиiс. Бiр ескеретiнi – жарнама мен билбордтар талапқа сай көше қиылысынан 20 метр әрi iлiнгенi дұрыс. өйткенi, көшеде ең бiрiншi жарнама емес, жол қауiпсiздiгi белгiлерi айқын көрiнiс табуы мiндеттi.

P.S. Қай жағынан алып қарамайық, Алматы күн санап құлпырып, ай санап ажарлана түсуде. Алатау баурайын жайлы әрi құтты мекен еткен қаланың топырағы құнарлы, ауа райы ыңғайлы. Қалаға «жасыл қала» атағын алып берiп отырған да оның сол құнарлы топырағы мен ыңғайлы ауа райы. Дейтұрғанмен, жұртшылық жасыл қаланы жылдың 4 мезгiлiнде де жақсы көредi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *