Алмас КҮНҒОЖИН, Республикалық физика-математика мектебінің директоры: ЖАЗДА ӨТЕТІН КОНКУРСҚА МҰҒАЛІМДЕРДІ ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРАМЫЗ

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі Қазақстандағы ең үздік оқу орындарының бірі десек, артық айтқандық емес. Мұнда кіл мықтылар оқыды. Әлі де бұл үрдіс төмендеген жоқ. Керісінше, бұл қарашаңырақтан білім алған оқушылардың көбі республика тұрмақ, халықаралық жарыстардан жүлделі орындар алып келеді. 50 жылға жуық тарихы бар бұл білім ұясы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша да жоғары жетістікке жеткен. Біз биік белестерді бағындырып жүрген білім ошағы жайында аталмыш мектеп директоры, PhD докторы Алмас Мұхамбетұлы Күнғожинмен әңгімелескен едік.

Алмас КҮНҒОЖИН, Республикалық физика-математика мектебінің директоры:

ЖАЗДА ӨТЕТІН КОНКУРСҚА МҰҒАЛІМДЕРДІ ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРАМЫЗ

 

– Алмас Мұхамбетұлы, өзіңіз басқарып отырған республикадағы ең үздік білім ошағының бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? Қандай жетістіктеріңіз бар?

– Мектебіміздің ашылғанына жарты ғасырға жақындап қалды. Осы уақыт аралығында, әрине, көптеген жетістікке жеттік. Ең басты жетістігіміз, ол – мектеп түлектері. Олардың ішінде ғылым саласында, саясат, бизнес және мемлекеттік қызметте елеулі жетістіктерге жеткендер бар.

Одан бөлек, жас түлектеріміз де алғашқы жетістік қадамдарын жасап жатыр. Мысалы, еліміздегі ең жас PhD докторы Мухаммаддин Зинаддинов – осы мектептің түлегі.

Жалпы, дарынды жастарды қолдау мақсатында дүние жүзіндегі ең мықты олимпиадалар мен конференцияларға қатысып тұрамыз. Мысалы, өткен жазда екі түлегіміз Дүниежүзілік информатика олимпиадасынан күміс және алтын медальмен оралды. 2018-2019 оқу жылында оқушыларымыз халықаралық және республикалық олимпиадалардан 143 жүлделі орын иеленген. Медальдардың санын және сапасын есептесек, бірінші орындамыз.

Сонымен қатар, жыл сайын өтетін дәстүрлі Жәутіков олимпиадасы да бар. Ол біздің авторлық жобамыз. Дәстүрлі сайысқа 20-дан астам ел қатысып, 600-ге жуық жас математиктер, физиктер және информатиктер қаңтар айында бағын сынап кетеді. Әрине, біздің оқушылар жылда жүлделі орындардан көрінеді. Биыл 19 оқушымыз жүлдегер атанды. Қазақстан командалардың ішінде ең жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы командалық есекте 2-орын иеленді.

Ұстаздарымыздың жетістіктері де аз емес. Былтыр «Үздік педагок» республикалық байқауында екі мұғаліміміз жеңімпаз атанды. Физика пәнінің мұғалімі Юрий Довгаль және математика пәнінің мұғалімі Архат Долаев үздіктер қатарынан көрінді. Тіпті, Архат Сыдырбайұлы «Әлемнің үздік мұғалімі» халықаралық байқауына қатысатын болды.

– Сіз басқарып отырған білім шаңырағы физика-математиканы тереңдетіп оқытатын еліміздегі ең үздік мектеп қой. Ел ішіндегі физика-математикалық бағыттағы пәндерге қабілетті балаларды қалайша тартып отырсыздар? Сіздер үшін дарындыларды іріктеп алу қиындық туғызбай ма?

– Мектепке түсудің бірнеше жолдары бар: қабылдау емтиханы және олимпиада жүлдегері атану (Республикалық және халықаралық, ашық қалалық Жәутіков олимпиадасы).

Іріктеу қиындық туғыза бермейді. Өйткені, мектеп ұжымы оқушыларды қабылдауға қатысты және халықаралық дәрежеде іс-шараларды өткізу арқылы үлкен тәжірибеге ие болды. Сонымен бірге, жыл сайын дарынды балаларды қабылдау механизмдері өзгеріп, даму үстінде. Жұмыстарды тексеруде де адами фактор барынша азайған, тапсырушылардың жұмыстарын тексеру автоматты түрде жүзеге асырылады.

Биылғы 2020 жылы қабылдауға бірқатар өзгерістер енгізілді. Емтихан тапсыру да өзгеше болады. Алматы қаласы 7-сынып оқушыларына емтихан 4 сәуірде өтеді, тест сұрақтары математика және логикадан болады. Тіркеу онлайн ресми сайтында (https://admissions.fizmat.kz/) 20 наурызға дейін өтеді. Егер математикадан орта бағасы 5-тен төмен болса, алдын-ала бақылау өтеді.

Алматы қаласы 8-сынып оқушыларына емтихан 6 маусымда өтеді, тест сұрақтары алгебра, геометрия және физикадан болады. Тіркеу онлайн ресми сайтында 15 мамырға дейін өтеді.

Қазақстанның басқа облыстарынан оқушылар онлайн марафон және емтихан арқылы түседі. Толық ақпарат ресми сайтымызда жарияланған.

Мәселен, біз былтыр «IQanat білім беру қорымен» бірлесіп, әр облыс орталығында іріктеу өткізгенбіз. Әр облыс өздері аудандық деңгейде іріктеу жасап, 100 оқушыдан жинап алады. Одан кейін біз барып емтихан арқылы үздіктерін таңдап аламыз. Биыл Тұңғыш Президент Қоры ауыл балаларына арналған «Мың бала» зияткерлік даму бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алды. Мүмкін алдағы уақытта біз де осы қормен бірігіп, дарынды балаларды іріктеу жұмыстарын жүргізетін шығармыз.

– Оқуға қабылданған балалар мұнда тез бейімделіп кете ала ма?

– Шынында да бейімделу процесі кей оқушыларға қиындық туғызып жатады, тіпті екі айға созылатыны бар. Өйткені, бұл мектептің жүктемесі жалпыға білім беретін мектептерден бірнеше есе жоғары болады. Дегенмен, бейімделу процесін тездететін түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Мектептің педагог-психолагтары балалармен жан-жақты жұмыс істейді. Оқушылар ашқан менторлық клуб бар. Ол жерде үлкен сыныптың оқушылары үлгермейтін балаларға көмек көрсетеді.

Мысалы, формальді түрде қарасақ, олар да қаланың балалары секілді түске дейін білім алып, ары қарай өзін жетілдірумен айналысады. Кешкісін спорт секцияларына қатысады. Волейбол, баскетбол, футбол ойнап, денелерін шынықтырады. Онымен қоса, мектебімізде бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша «Мұрагер» домбыра ансамблі бар. Тіпті, біздің ансамбль «Атадан мұра» атты V республикалық байқауда Гран-при ұтып алды. Биыл бірінші рет осы оқу жылында біз мектепте экшн-хорын аштық. Балалар ән айтып қоймай, би элементтерін қосады. Онымен қоса, мектеп ішінен вокалды-аспаптық ансамбль ашылды. Біраз музыкалық аспаптар алынып, балалардың пайдалануына берілді. Бір қуанарлығы, бұрын халықаралық олимпиада өткізгенде тек жан-жақтан әртістерді шақыратынбыз, биыл Жәутіков олимпиадасында осы үш тобымыз өз өнерлерін көрсетті. «Ұлытау» тобы, цирк артистері мен К-pop тобы қосылды.

– Бір отбасында бірнеше бала болса, әрқайсысында әр түрлі мінез болады. Енді мектеп-интернатта қаншама бала оқыған соң, жас өскіндер тентектік жасап қоюы мүмкін. Оның үстіне, қабілетті, дарынды балалардың амбициясы да жоғары болады. Осындай бала бойындағы «өтпелі кезеңде» (переходной возраст) тәртіп бұзып қойған тентектерді қалай жуасытасыздар, қалай сабасына түсіресіздер?

– Негізінде, бұл білім ошағы республикалық деңгейдегі мектеп болғандықтан, мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген балалар оқиды. Әр жанұяда тәрбие және принциптер деңгейі әр түрлі болғанымен, мектепте және интернаттың ішкі ережелерімен оқушылар бірінші күннен танысады. Ішкі ережелерге сәйкес, оқушылар тәртіп бұзатын жағдайда дисциплинарлық кеңеске шақырылады. Жаза ретінде кейде оқушылар волонтерлік негізде сабақ жүргізу керек немесе волонтерлік сенбіліктерге шығатын болады.

– Мектептерге бұрынғыдай пионер, октябрят, комсомол тәрізді идеологиялық жұмыстармен шұғылданатын Қазақстандық үлгідегі жаңа ұйым керек пе?

– Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» демекші, міндетті түрде қазіргі таңда идеологиялық жұмыстармен шұғылданатын ұйым керек. Қазіргі таңда Қазақстанда білікті кадрлар тапшылығы анық байқалуда. Мектеп бітіретін жас түлек мектеп бағдарламасын және физика-математикалық білімі жетік жасөспірім шет елге кетіп, қайта оралмайтын жағдайлар кездесуде. Егер де идеологиялық жағынан жақсы тәрбие берілсе, онда ол оқушы өз Отанына оралып, алған білімін жоғары деңгейде көрсетіп және бәсекеге сәйкес бағаланып жатса, жастар міндетті түрде келер еді.

Осы аптада мектебімізде оқушылардың арасында президент сайлауы өтуде. Мектеп президенті және министрлері мектебімізде өтетін іс-шараларға белсенді қатысады.

Оқушылардың басым бөлігі мектепішілік «Өзін-өзі басқару» ұйымына қарасты 20-дан астам клубтарда қосымша құштарлықтарына сәйкес білім алып, дағдыларын дамытуда.

– Физика-математикаға айрықша ден қоятын балалар өзге пәндерді, атап айтқанда, гуманитарлық пәндерді қалай меңгеруде? Мұндай пәндерге балалардың үстірт қарауы байқалмай ма?

– Бізде барлық пәндер бойынша, оның ішінде гуманитарлық цикл бойынша күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес келеді. Тек бейінді пәндер бойынша білім беру мазмұны тереңдетілген болып табылады. Білім алушыларда қандай да бір пәнге үстірт қарауға мүмкіндігі жоқ. Өйткені, олар Қазақстандағы кез-келген басқа оқушы сияқты бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) немесе тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) тапсырады. Мектептің физика-математикалық бағытына қарамастан, физика, математика және информатика пәндері бойынша олимпиадашылар саны көп болса да, біздің оқушылар арасында гуманитарлық пәндер бойынша (орыс тілі, қазақ тілі, ағылшын тілі, тарих және т.б.), химия, биология, география сияқты жаратылыстану ғылымының пәндері бойынша да түрлі олимпиадалар мен байқауларда жеңімпаз атанып келеді.

– Сіз дарынды балаларды халықаралық олимпиадаларға жиі апарасыз. Жалпы, шет елдің білім беру тәжірибесі мен біздің балаларды оқытудағы әдіс-тәсілдеріміз қандай? Айырмашылық бар ма?

– Әр мемлекеттің білім беру тәсілі әрқалай. Мәселен, шет елде 50-60 жылдары ашылған, білім беру базасы керемет жетілген мектептер бар. Оларда ғылым докторы, профессорлар сабақ береді. Қытайды алатын болсақ, олар әлемде абсолютті көшбасшы саналады. Аспан асты елінде физика, математика, компьютер ғылымы, химия, биология пәндері жан-жақты оқытылады. Оларда бұл пәндерді дамыту мемлекеттік деңгейде қолға алынған. Тіпті, олар жақсы нәтиже көрсеткен балаларды жинап, бөлек мектепте оқытады. Онда басқа пәндерді оқытпай-ақ, тек негізгі пәндерде басымдық береді. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербу́рг қалаларында білім беру жақсы жолға қойылған. Басқа да облыстарында мықты білім беру орталықтары бар. Олар көбіне университеттермен байланысып жұмыс жасайды.

Ал Қазақстанда балаларды олимпиадаға дайындайтын, нәтижелі жұмыс істейтін бес-алты мектеп бар шығар. Мұның барлығы тренерге байланысты. Осындай білікті маман табылса, ол өзі беріліп жұмыс істесе, сонда ғана нәтиже болады. Бірақ онда мектептің өзі ғана көп үлес қосып жатыр. Өкінішке орай, бұған университеттер көп қызығушылық білдірмейді.

– Менің білгім келгені, білімділер мен іскерлер неге мектептерде жұмыс істегісі келмейді? Неге мектептерде ғылым кандидаттары немесе доцент, доктор, профессорлар ұстаздық етпейді? Әлде, сіздерде профессорлар сабақ бере ме?

– Нақты айтатын болсақ, бізде 11 адамның ғылыми дәрежесі бар. Үш – физика-математика ғылымының докторы, бір – техника ғылымының докторы, екі – PhD докторы, бес – физика-математика, химия ғылымдарының кандидаты  жұмыс істейді.

Сонымен бірге, 36 мұғалім – «педагок-шебер», 24 ұстаз – «педагок-зерттеуші», 10 білім беруші – «педагок-сарапшы» және 3 мұғалім – «педагок-модератор» біліктілік санатын алған.

Қазір Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде жұмыс атқаратын ресейлік профессор біздің мектепте Advanced Placement Calculus (математикалық анализ) сабағын жүргізеді. Ол – университеттік курс, біздің жоғары сыныптағы оқушыларға сабақ береді. Дегенмен, университет профессорларына мектеп оқушыларына сабақ беру қиынға соғады. Себебі, мектепте білім беру университеттен өзгеше болады. Мысалы, мен өзім жоғары оқу орындарында да, мектепте де жұмыс істедім. Университетте студенттерге бағыт берсең болды, ол әрі қарай өзі ізденеді. Ал мектепте бағыт беріп қана қоймайсың, әр түрлі әдістерді қолданып, тіпті ойын түрінде балаға барынша жеткізуге тырысасың.

– Өзіңізді білім саласындағы қандай мәселелер толғандырады? Осы сұхбат барысында қойылмай қалған сұрақ немесе көкейіңізде қалып қойған ұсыныс-тілектеріңіз болса ортаға салсаңыз…

– Кез-келген директор сияқты мені де кадр мәселесі алаңдатады. 2020 жылдың шілдесінде бізге жаңа ғимарат қосылу керек. Ондай болатын болса, бізде оқушы саны көбейіп, жаңа мұғалімдер іздейміз. Бізде дарынды балалардың білім алуына байланысты сабақ барысында туындайтын көптеген сұрақтарға жауап беруге және олармен жұмыс істеуге кейбір мұғалімдердің именуі мүмкін. Сонымен қатар, бізде бейінді пәндер бойынша оқыту бағдарламасы тереңдетілген, бұл жас мамандар үшін де, өз мамандығына «бейімделген» мұғалімдер үшін де оңай болмайды. Біздің мектепке конкурстық іріктеуден өту оңай емес. Жазда өтетін конкурсқа мұғалімдерді қатысуға шақырамыз.

Біз үздік мұғалімдерді тартып, ұстап қалу үшін айлығын жоғарылатылған коэффициентпен төлейміз. Мейрамдарда мектептен сыйақы беруге тырысамыз. Ай сайын Эндаумент фондтан штаттағы мұғалімдерге 50 000 мыңнан премия төлейміз. Жұмыскердің қалауы бойынша жылдық фитнес абонемент береміз.

Сұхбаттасқан – Серік ЖҰМАБАЕВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *